18.11.2016, 10:23
Қараулар: 366
Қоғамдық келісім-тұрақтылық кепілі

Қоғамдық келісім-тұрақтылық кепілі

3 қараша күні аудандық рухани орталықта қоғамдық келісім кеңестерінің ІІ аудандық форумы өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Закария Сисенғали төрағалық жасады. Форум жұмысына аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Сатым Шауенов, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Оспан Исмагулов, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің медиаторы А.Ракишева, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары қатысты.

— Біз осынау дәстүрлі түрде өтетін алқалы жиынымызды биылғыдай берекелі де, мерекелі жылы, еліміздің ұлы да ұлықты мейрамы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында  өткізіп отырмыз. Елбасы қоғамдық келісім кеңестерін құру жөнінде тапсырма бергеннен кейін бұл бағытта ауданымызда бірқатар істер атқарылды. Форум барысында бұған дейін атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жайында талқылайтын боламыз, -деген З.Жүсіпқалиұлы алғашқы болып баяндама жасады.

— Осыдан ширек ғасыр бұрын, 1991 жылы 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы қабылданды. Осы күні яғни желтоқсанның 16 күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Арада 45 минут өткенде Түрік Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды.

Тәуелсіз жиырма бес жыл ішінде елімізде қандай істер атқарылды, Қазақстан қандай қиындықтарға душар болды, оның шығу жолдарында қандай істер атқарылды, Елбасымыз Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың дүние жүзі алдындағы беделі, осы Қазақстанды қалай тәуелсіз мемлекет етіп құрды, оның бәріне де осы отырған өздеріңіз куәсіздер.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы көп ұлтты халқымыздың жасампаз тұрмысының салтанат құруының тамаша көрінісі болды.

Басында ҚР-сы Президенті жанындағы қоғамдық консультациялық орган болып 1995 жылы 1 наурызда құрылған ұйым, кейін өз алдына дербес мемлекеттік орган кезінде қалыптасып, барлық облыстарда дербес филиалдары ашылып, оның жұмысының нәтижесін күні бүгін көріп те отырмыз.

Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының  XX сессиясында еліміздің барлық өңірлерінде қоғамдық келісім Кеңестерін құруға тапсырма берді. Ондағы мақсат-Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын қоғамдық келісім Кеңестері арқылы одан әрі дамыту. Елбасының тапсырмаларын жергілікті жерлерде жүзеге асыруға атсалысу, ел ішінде халықтар достығын одан әрі нығайту, ішкі саяси тұрақтылығымызға селкеу түсірмеу, жергілікті атқарушы органдардың өзін-өзі басқаруға бейімдеу. Міне, осы бағытта ауданымызда екі жыл сайын аудан әкімі өкімімен тағайындалып отыратын қоғамдық келісім Кеңесі жұмыс істеп келеді.

Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен қоян-қолтық бірлесе жұмыстанып келе жатырған қоғамдық келісім кеңесі қазір біркелкі істерді қолға алып отыр. Біздің мақсатымыз Елбасымыздың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға ат салыса отырып, оны жұртшылық арасында кеңінен насихаттау. Үстіміздегі жылы аудан өкімімен қайтадан құрылған аудандық келісім Кеңесі ауданның 8 ауылдық округінде болып, жалпы елімізде атқарылып жатырған жұмыстар, Елбасымыздың жүргізіп отырған саясаты, еліміздің қазіргі жағдайы және ауданда атқарлып жатырған жұмыстар жөнінде аудан тұрғындарын хабардар етті.

Бұл іс сапарда аудан әкімінің орынбасары Айзада Бекетқызы, аудан әкімі аппаратының бөлім басшылары А.Қапанов, М.Нұрғалиев, жергілікті полиция өкілдері, ауылдық округтер әкімдері өз жұмыстарынан жұртшылықты хабардар етіп, ауыл адамдарының сұрақтарына жауап берді. Сөз жоқ осындай бірлескен істердің нәтижесі де болатыны сөзсіз,- деді З.Жүсіпқалиұлы өз баяндамасында. Сондай-ақ ол ауданда қоғамдық келісім кеңестерінің араласуымен оң шешімін тауып жатқан бірқатар істердің жарқын үлгісін мысалға келтіріп, көптің алаңдаушылығын туғызатын ұрпақ тәрбиесі, қоғам өміріндегі кейбір келеңсіз жәйттерден айналып өтпеді.

-Әсіресе мынау елімізде теріс пиғылды діни ағымдардың «мылтықсыз майдан» ашып, жымысқы әрекеттерімен адамдардың санасын улап жатқан кезеңінде, тіпті олардың қарулы қақтығысқа шейін ашық әрекеттерге барып жатқан кезінде, жан-жақтағы көрші елдерде саяси жағдайлардың ушығып тұрған сәтінде бізге бірлігімізді бұрынғыдан да нығайтып, іргемізді бекемдеп, санамызды сергітіп, ісімізді біріктіре жүргізу-бұрынғы қай кезеңнен де қажеттірек болмақ.

Мен мына мәселені айрықша атап өткім келеді. Кезінде ауыл ақсақалдары мешіт керек-деген мәселені жиі қойып, сол кездегі әкімдік бұрынғы аң аулау кәсіпшілігі мекемесіне жеңіл жөндеу жүргізіп мешіт үйі етіп берді. Оған кімдер иелік етпеді. Имамбыз-дегендер ауылдан да шықты даладан да келді. Тіпті мешітті жын-ойнаққа айналдырғандар да болды. Дінді уағыздаушылар жан-жақтан келіп жатты. Олардың айтып жатырған уағыздарын түсінетін сауат өзімізде де болмады. Тек біздің қолымыздан келгені ата-аналарға балаларыңызға мұқият болыңыздар-деген әңгімені талай жиындарда айттық. Облыстық ішкі саясат бөлімі қызметкерлерінің қатысымен бірнеше рет жиындар да өткіздік. Ол кезде теріс ағым ұстауға ниеттеніп жүргендер қазіргідей емес жиындарға қатысушы еді. Тәтті де қатты да айтқан кездеріміз болды. Бірақ олар алған бетінен қайтпады. Өкінішке орай ата-анлар арасында да есті сөзді ескеріп, оған құлақ асқан адамдар болмады. Олардың біразы «Ой, балам темекі, арақтан аулақ болады» деп қуанып, олардың саналарының немен уланып жатырғанына мән бермеді. Оның салдарының қандай болғанын міне, арада жылдар өткенде көріп отырмыз.

Менің айтайын дегенім қазір үш жасар сәбиден бастап барлық бүлдіршіндердің мектеп оқушыларының қолында ұялы телефон. Олар үлкендерден әлде-қайда сауатты. Олар қазір кез келген әлеуметтік желілерге кіре алады. Сондықтан да бүлдіршіндерді әлеуметтік желіден әкетуіміз керек. Бүлдіршіндердің санасын әлеуметтік желімен улау бұл да қылмыс. Айтпады демендер күндердің күнінде бұл мәселеге де тап қазіргідей өкінетін боламыз. Қазіргі лаңкестердің әрекеті, Сирияға кетіп жатқандардың біразының осы әлеуметтік желімен уланып жатырғандар екені жасырын емес,-деді.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры А.Оразалиев халықты жұмыспен қамтудағы атқарылған жұмыстары жайында жан-жақты баяндады.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қ.Теміров  аудандағы діни ахуал мәселесі және профилактикалық жұмыстадың жай-күйіне тоқталды.

Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Оспан Исмагулов БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» комуналдық мемлекеттік мекемесінің  қызметі және оның облыста аумағында ұлтаралық келісімді нығайту мен дамытудағы атқарып жатырған жұмыстары жайында айтып берді.

Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің медиаторы А.Ракишева елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, оның тараулары мен баптары және қолданылуы, қоғамдағы маңызы жайлы жан-жақты әңгімелеп берді.

Форум соңында Сатым Шауенов қызметтегі белсенділігі үшін Қырқопа ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ж. Төлеуғалиевке, Көпжасар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Салауатовқа ҚХА БҚО филиалы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгеругісі Ғ.Қапақовтың Алғыс хатын  табыс етті.

Форум соңында қатысушылардың ұсыныстары негізінде арнайы қарар қабылданды.

img_1009