18.11.2016, 10:29
Қараулар: 551
«Тұғыры-биік Тәуелсіздік» фестивалі жалғасуда

«Тұғыры-биік Тәуелсіздік» фестивалі жалғасуда

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тұғыры биік-Тәуелсіздік» атты мекеме ұжымдары фестивалінің эстафетасын аудан орталығындағы бірегей білім ордасы Жаңақала орта жалпы білім беретін мектебі жалғастыруда. Бұл концертке аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік толғауы» атты еңбегінде «Тәуелсіздік дегеніміз – бұл жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі. Еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі. Әрбір жас буынның жүрегінде Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі»,- деген зор ұлағатты жастардың жүрегіне қонса, қандай ғанибет! Бұған аталған оқу орнының да мол қосары бар. Сахна шымылдығы ел тәуелсіздік алып, бақ басқа қонған бақытты кезді әсерлі суреттеген көрініспен ашылды. «Тәуелсіздік шежіресі» туралы бейнебаян концерттің жалпы мазмұнына айтулы толықтыру үстеді. Шарада Қисық-Қамыс ауылында тұңғыш ашылған Сакко орта мектебінің алғашқы директоры болған Сидағали Қойшығалиев пен еңбек ардагері Н.Мақанов телеэкран арқылы аудан тұрғындарын ҚР Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойымен құттықтап, тілектерін арнады. Мұнан соң АӘД пәнінің мұғалімі Б.Таулин орындаған «Алға қазақ жігіттері» мен Р.Төлегеновтің орындауындағы «Алаштың ұландары» әні көрермендерге ерекше рух сыйлады.

Мектеп мұғалімдерінің орындаған қазақ биі мен армян биі көрермендердің шын сүйіспеншілігін туғызды. Альфина Бақтыгереева әуелеткен «Сильные люди» әні көңіл қылын тербесе, шәкірті мен ұстазы Бақыт Абуова мен Мершат Қуанышқалиев шырқаған «Алтын ұя мектебім» әні шырқаушысын тапқан кештің кестелі беті болды.
Концертте кішкентай өнерпаз Ф.Ғайниетованың күйді орындаулары да көңіл пернесін дөп басты. Хордың орындауында әйгілі Ә.Қылышбаевтің «Туған жер» әні мен «Қазақстаным» әні осы шараны қорытындылады.

img_4526