16.12.2016, 17:02
Қараулар: 570

Азаттықтың жемісі

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым.  Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында: «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» деген еді. Елбасының бұл сөзі шын мәнінде Тәуелсіздіктің қасиетін айқын аңғартып тұр емес пе? Ойлап қарасаңыз осы бір-ақ ауыз сөзде қаншама мағына, тарих, кие, қасиет жатыр. Еліміз еркіндік алғалы өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Өзгеге көп жіберсек те еселерді, бағымыз, бақытымыз еселенді…

Халқымыз сан жылдар бойы ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, бөркімізді аспанға атар күн келді. Тәңірдің тәтті сыйы — Тәуелсіздіктің әр таңы, әр күні қазақ халқына үлкен мереке һәм өлшеусіз байлықпен тең.

Өмір-өзеннің ағысымен биыл Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып отыр. Осы уақыт аралағында республиканы айтпағанда, алақандай ауданымыздың өзі біраз жетістікке жетті. Ел мен жер,  өскелең ұрпақ қамы үшін атқарылған игі істер аз емес.

Жаңақала – ежелден күйдің жері. Даласы малға толы болса, баласы қолына қара домбыра алып, күй шерткен. Бұған алты алаштың абызы Әбіш Кекілбайұлының  дуалы аузынан шыққан  «Жаңақала – күйдің астанасы» деген сөзі дәлел.

Қасиетті Қамыс-Самар елі, жерұйығы Жаңақала жері – күй алыптары Құрманғазы мен Динаның, ақберен ақын, ержүрек батыр Махамбеттің, төрт бірдей Кеңес Одағының Батыры, 18 Социалистік Еңбек Ерінің және мыңдаған мемлекет, қоғам қайраткерлерінің алтын ұясы.

Осындай баһадүр бабаларын ұлықтау, олардың халық үшін төккен терін ұмытпау бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы болып саналған. Бұл бағытта аудан әкімі Лавр Хайретдинов бастамасымен аудандық мәдени-демалыс орталығының алдына жеті бірдей күй алыбының ескерткіші бой түзесе, Жеңіс алаңына төрт бірдей Кеңес Одағының Батырына бюст қойылды. Сондай-ақ, Тастөбе шайқасына, Бөкей көшіне, саяси қуғын-сүргін құрбандарына белгілер орнатылды. Ал 2015-2016 жыл аудан мәдениеті үшін жемісті жыл болды. Мәселен, ауданымызда елге еңбектері белгілі Жаңақала перзентерінің есімдері жазылған Даңқ мемориалының ашылуы тарих үшін жасалған ұлағатты істердің бірі еді. «Жастар» саябағынан орын алған ескерткіштің қос қанатында ауданымыздан шыққан Социалистік Еңбек ерлері, түрлі мемлекеттік награда иегерлері, ақын-жазушылар және аудан, облыс, республика көлемінде басшылық қызмет атқарған қайраткерлер мен спорт шеберлерінің есімдері жазылған. Ортасында ақындардың мекені екенін айқындап тұрған қаламұшты стелла және күйшілер мекені екенін білдіретін қасиетті домбыра бейнеленген. Сонымен қоса, осы жылы «Аудан күніне» орай аудан орталығындағы саябақта «Бейбітшілік» ескерткіші ашылды. Биіктігі 8 метр ескерткіште сұм соғыстан жарын, баласын, бауырларын күтіп, сәбиін бауырына басып, оң қолымен бейбітшілік белгісі саналатын көгершін құсын ұстап тұрған азалы ананың бейнесі сомдалған.  Бұл ескерткіштер өз кезегінде ауданымыздың тек сәні ғана емес, рухты, өршіл жастарға патриоттық сезім сыйлайтын, тарихи тәрбие құралы.

Енді аудандағы дін мәселесіне келсек. Әрине өлкеміз облыс бойынша діни ахуалы күрделі ауданға жатады. Десе де аудандық мешітке бас имам болып Мұратбек қажы Жахатов келгелі көктен  тілегеніміз жерден табылғандай болды. Ол аудан аумағындағы ескі қорымдардағы құлпытастарды зерттеп, алғаш альбом етіп құрастырып, 2016 жылы республикалық «Арыс» баспасынан «Құлпытастар сөйлейді» деген атаумен кітап етіп шығарды. Бұл — еселі еңбектің нәтижесі.

Жалпы 2015 жылы ауданымызда үш бірдей жаңа мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Сондай-ақ, нақ осы жылы аудандық мешіт жанынан діни сауат ашу орталығы ашылып, бүгінге дейін онда тұрғындарға әртүрлі сауат ашу бағытандағы дәрістер оқылып келеді.

Әлемді әбігерге салған қаржы дағдарысына қарамастан шалғайдағы бір ауданда бір жылда пайдалануға беріліп, мыңдаған оқушылар мен олардың ата-аналарын, тұрғындарды қуанышқа бөлеген бұл құрылыстар үкімет қамқорлығының жарқын көрінісі еді…

2016 жыл да жаңақалалықтар үшін жағымды жаңалықтарын ала келді. Осы жылдың ақпан айында аудан орталығындағы мәдени мекемелерді топтастырған рухани орталық ашылды. Өткен жылдың тамыз айынан бастап бұрынғы аудандық аурухана ғимараты 14417836 теңгеге ағымдағы жай жөндеуден өтіп, ақпан айының алғашқы күні қолданысқа берілді. Рухани орталықта аудандық орталықтандырылған кітапхана, аудандық балалар кітапханасы, мұрағат, мұражай, «Жаңарған өңір» газетінің редакциясы, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, тағы басқа бірнеше мекемелер орналасқан.

Айта кетсек, биылғы жылы Көпжасар және Жаңақазан ауылдық кітапханасына «Модельді кітапхана» мәртебесі беріліп, кітапханалар заманауи құрылғылармен жабдықталды. Аталмыш статус аудан бойынша жеті кітапханада бар.

Елдің рухын көтеріп, санасын оятатын, тарихын түгендеп, болашағына нық сеніммен қарауға талпындыратын осындай атқарылған ауқымды істер — тұғырлы Тәуелсіздігіміздің жемісі.

Халқымыздың мәдениеті мен өнері өркендеп, діні тұрақты болып, білімі арта түссе, Ұлы Дала Елінің келешегі кемел, болашағы жарқын болары даусыз.%d1%82%d0%b0%d1%81%d1%82%d3%a9%d0%b1%d0%b5-%d0%b5%d1%81%d0%ba%d0%b5%d1%80%d1%82%d0%ba%d1%96%d1%88%d1%96

Газеттің электронды сандары

Басқа да мақалалар