4.03.2017, 12:29
Қараулар: 560
Клуб төбесі құлап түсті

Клуб төбесі құлап түсті

Дүйсенбі күні редакциямызға орта жастағы апай кіріп келді. Апайдың солғын тартқан жүзінен әлденеге абыржулы екенін байқау қиын емес. Өзін Нұржамал Молдағалиева деп таныстырған апамыз сәл демін басты да әңгіменің тиегін ағытты. 17035271_599529093575885_1212481411_n

-Мен Жаңажол ауылдық клубының жанынан құрылған «Инабат» келіндер клубының жетекшісімін. Мынау құбылмалы қоғамда жанұя бірлігін арттырып, қазақ отбасындағы келіннің алатын орнын ұғындыру және келінге, болашақ анаға деген сыйластықты ояту мақсатында әр мереке сайын ауылдың келіндерінің басын қосып түрлі сайыстар, өнегелі кештер, шағын мерекелік концерттер ұйымдастырып отырамын. Қыр астында Ұлыстың ұлы күні-22 наурыз, Көрісу айт, 8 наурыз мерекелері де таяп қалды. Ал осы мерекелік шараларды ұйымдастыратын жалғыз клубтың жағдайы мәз емес. Жақында төбесіндегі белағашы сынып, төбесі ортасына түсті. Қысқасы, ауыл клубы апатты жағдайда тұр.

Тарихи деректерге сүйенсек, ауылдық клубты 1958 жылы Новый путь колхозын ұзақ жыл басқарған Дүйсенбай Суханов салдырған екен. Алғашында Новый путь колхозының «Абай» атындағы клубы болып аталған. Мұнда аудандық ірі-ірі жиындар өтетін, кино қойылатын, халықтың көңілін көтеретін орталық болған. Кейіннен колхоз-совхоздар тараған соң клубтың да күйі қашты. Күрделі жөндеу көрмеген ғимараттың 1972 жылы бір жақ қабырғасы құлады. Құлаған жерін ауыл тұрғындары жамап-жасқап қойған-ды. Ғимарат тек 2007 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 3 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеуден өтті. Онда да газ құбыры тартылып, есік-терезелері, едені ауыстырылғаны болмаса, шатыры мен қабырғасы сол күйі қалды. Бүгінде бұл ғимараттың 60 жыл шыдас бергеніне де қайран қалатындар бар.

Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы — мәдениет саласы екені баршаға мәлім.  Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан  мәдениет саласының өрісі кең екенін ауыл халқы жақсы түсінеміз. Осы орайда біз ауылды небір таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігі деп білеміз. Ал сол ауыл таланттарын тәрбиелеп, қанаттандырған ауылымыздағы жалғыз мәдени ошақтың халі мүшкіл. Біз ауыл тұрғындары осыған алаңдаймыз. Сондықтан ауылдағы ағайынның аманатын арқалап, жанайқайын өздеріңізге жеткізуге келдім,-деп бір тоқтады.

Ия, Айдархан — азулы ақындар мен қайталанбас  таланттар мекені. Олай деуіме қолы иілгенді  биге баулыған арқалы биші Роза апамыз,  кешегі арда туған ақын Асылбек пен оның ізбасарлары, жас ақындар  Шерхан мен Асылан, талантты актриса Аида нақты дәлел бола алады. Ал кезінде осы таланттардың шығармашылық шыңдалуына қызмет еткен Жаңажолдағы ауылдық клуб бүгін төбесі опырылып апатты жағдайда тұр. Ғимараттың ішіне концерт өткізу түгілі, кіріп-шығудың өзі мұң. Қазіргі таңда ауылдағы мәдени іс-шаралардың дені мектепте өтеді. Әзірге ән мен күйдің күмбірі естілетін осы мектептің акт залы ғана.

Мәдениет саласы да білім, денсаулық сақтау сияқты маңызды сала. Ал әбден тозып, қиюы кеткен ескі клуб қанша жөнделсе де енді қатарға қосылып, думаны арылмас мәдениет ошағы болуы қиын. Сондықтан 1937 адам қоныс еткен Жаңажол ауылдық округі орталығына жаңа мәдениет үйін салу бүгінгі өркениетті қатарына қосылуға ұмтылған еліміз үшін зор маңызды мәселе. Ол қаржыға және облыс басшыларының қолдауына тәуелді.

Қазіргі клуб үйінің мүшкіл айдархандық ағайындарды алаңдатып отыр.