23.09.2017, 11:49
Қараулар: 396
Бойға қуат, жанға шуақ сыйлаған кездесу

Бойға қуат, жанға шуақ сыйлаған кездесу

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты баяндамасында аға ұрпақ өкілдерінің өнегелі өмір жолдарын, олардың аса бай тәжірибелерін кейінгі толқынға үлгі ету, сол арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру міндетін қойған болатын.

Осыған орай 20 қыркүйек күні ауданымыздың құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Мерғалиев Төлеген Тастайұлымен «Жаңақала жайсаңы» атты кездесу кеші өтті.

Нарынның нар ұлымен  жүзбе-жүз кездесуге өмір жолына үңіліп, оның өмірінен үлгі-өнеге алу мақсатында  алдыңғы толқын – аға буын өкілдері мен кейінгі толқын – жастары, ауданның даму жолында  ыстық-суықты бірге кешкен замандастары, сонымен қатар досы Н.Бірманов қатысты.

Кемел тұлғамен кездесу кешіне келген қонақтарды «Айзере» әжелер ансамблі шашу шашып қарсы алса, «Ақбосаға» келіндер ансамблінің мүшелері қазақы дәстүрмен сәлем салып, құрмет көрсетті. Одан әрі кеш иесі Төлеген Тастайұлы мен кеш қонағы Нұрлыбек Шайдоллаұлы күй алыптары алаңына гүл шоғын қойып, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұжымының дайындаған көрмесін тамашалады.

Аталмыш кездесудің тізгінін белгілі ақын, той иесімен көп жылдар қызметтес болған замандас інісі Закария Сисенғали ұстап, кештің әсерлі де, әдемі өтуіне өз үлесін қосты. Кездесу кеші Төлеген Тастайұлының өмір өткелдерінен түсірілген бейнероликті тамашалаумен басталды. Одан кейін той иесіне қош келдіңіз айту үшін сахна төріне көтерілген  аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин:

— Құрметті кеш қонақтары, ауыл тұрғындары! Бүгінгі өтіп жатқан тағылымды кешке қош келдіңіздер!

Бүгінгі таңда Елбасымыздың сарабдал саясаты халық арасында қолдау тауып отыр. Осы орайда белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдары өздерінің туған жеріне барып, ел-жұртымен қауышып,  әртүрлі сала өкілдерімен кездесіп, жастармен дидарласып,   Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласын насихаттауда.

Бүгінгі күні біздің туған елімізде ұрпаққа ұлысты, жастарға жұғысты, болашағымызға бағдар берер мәнді  де, мағыналы шара оздырылуда.  Жоғарыда айтқандай, Елбасымыздың бағдарламасына орай өзінің өскен ортасы, басқарған байтақ жұртымен кездесуге, бүткіл саналы ғұмырын туған жерін түлетуге арнаған, оның бақандай он сегіз жылында басқару тізгінін ұстаған, өңіріміздің құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Мерғалиев Төлеген Тастайұлы келіп отыр.

Тағы бір айта кетеріміз, Төлеген Тастайұлы  ортамызға ағалық жастан асып, аталық жасқа қадамын басып, жетпістің жотасына көтеріліп келіп отыр.

Қадірлі Төлеген Тастайұлы!

Арымда ақ ниетім,

Елім қасиетім,

Туған жер бір балаңмын,

Өзіңе бас иетін,- деп келіп отырған сапарыңыз сәтті болсын. Елге қош келдіңіз!

Ал бүгінгі кездесуге келсек, бұл кеш той тойлау емес,  ой толғауға арналарына, ұрпақтар сабақтастығының бір әдемі жарастығына ұласарына сеніміміз зор,-деп, кештің құрметті  қонақтары мен кездесуге келген аудан тұрғындарына «Қош келдіңіздер!» айтты.

Одан әрі   Жаңақала ауданының құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Қойысов Арыстанғали мен Жаңақала, Ақжайық аудандарының құрметті азаматы, еңбек ардагері  Нәсіпқали Мақанов аға буын атынан  Төлеген Тастайұлына ағалық ақжарма тілектерін білдірді. Ал С.Сүндетқалиев, С.Хайырбеков, Н.Бекмашев, Қ.Ешімов сынды бір топ замандас інілері  Төлегендей төре ағаларына жүрекжарды лебіздерін арнаса,  шәкірттері атынан сөз алған  Шахидолла Ишанғалиұлы мен Өмірзақ Тұрақбайұлы қызыққа толы естеліктерімен бөлісіп, той иесіне арнап өлең жырларын оқыды. Сонымен қатар жастар ресурстық орталығының басшысы Жақсылық Хайрелов аудан жастары атынан  құттықтау сөз сөйлеп, алғысын білдірсе,  Елбасымыздың 100 мектеп бағдарламасы бойынша елімізде алғашқы болып салынған №3 Жаңақала ЖОББҚМ-ның оқушылары Төлеген Тастайұлын білім ордасы жанындағы «Жас ұлан» ұйымының мүшелігіне қабылдады. Сондай-ақ, бұл кеште Төлеген Тастайұлының Жаңақала тарихымен қоса, өзінің еңбек жолы, сан жылдар қатар жүрген әріптестері туралы және қызмет істеген  жылдарда кездескен қуаныштары мен қиындықтары баяндалатын «Өмірімнің өткелдері» атты кітабының тұсауы кесілді. Сол жерде Т.Мерғалиев пен Н.Мақановқа тұсауын кескен кітаптардың бірнеше данасы аудандық кітапханаға табыс етілді.

Той иесінің мекенжайына айтылған салиқалы сөздер, жалынды жырлармен қатар, ауданның жезтаңдай әншілерінің әуелеткен әндері, мың бұрала билеген бишілердің билері, жас күйшілердің киелі қара домбырадан төккен күйлері,  кештің ажарын ашып, жиналған жұрттың жүрегіне жол тартты.

Бойға қуат, жанға шуақ сыйлаған кештің соңында аудан басшысы Наурызбай Қадырбайұлы құрметті мейманға шапан жауып, жерұйығы Жаңақала жұртшылығы атынан алғыс хат табыс етіп, құрмет көрсетті.

Нұрғали ҒАББАС.