23.09.2017, 11:56
Қараулар: 95
Жаңақалада жоба жалғасуда

Жаңақалада жоба жалғасуда

18 қыркүйек күні аудан орталығына «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасы аясында ақпараттық түсіндіру тобы келіп, аталмыш жобаның «Бизнес ортаны дамытуды жүзеге асыру» атты  екінші бағыты бойынша кездесу өткізді. Екі күнге жоспарланған іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері алғашқы күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активі, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және жастармен кездесті. Кездесу барысында облыс орталығынан арнайы шақырылған мамандар (БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары А.Тұйғынбетов, «ҚазАгроГарант» АҚ БҚО филиалының директоры А.Иманов, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі А.Көбаев, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» БҚО филиалының өкілі Б.Өтебалиева, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының өкілі Б.Қажыгереев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалының өкілі  Б.Жұбаниязов) бизнесті ашу және енгізу, бизнесті қорғау, бизнесті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы кең көлемде түсінік беріп, жиынға қатынасушылардың сұрақтарына жауап берді.

Түстен кейін жұмыс тобы жоспарға сәйкес Рухани орталықта аудан жастарымен бас қосып, тренинг өткізді. Бұл кездесуде мамандар өз кәсібін ашамын деген жастарға бизнесті қалай бастау керек, 100 бизнес-жоспар, кәсіпкерлердің құқықтары аясында әңгіме өрбітіп, ақыл-кеңестерін берді. Жастарға бизнес ашу аясында мол мағлұмат берген мамандар одан әрі аудан орталығындағы «Ирманов Марат» ЖК-нің жиһаз жасау цехы,  «Нұртем» ЖШС-нің темір-бетон өнімдері цехы, «Тайр» ЖК-нің мал сою цехы және  «Шашбау», «Аруна» сұлулық салондары сынды кәсіпкерлік субъектілерді аралап, олардың жұмыстарымен танысты.

Ал келесі күні, яғни 19 қыркүйек күні ақпараттық түсіндіру тобы таңертенгі  сағат 10-да «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мәжіліс залында  «Бастау-Бизнес» бағдарламасы таңдаушыларына практикалық сабақ өткізді. Сабақ барысында мамандар өз салалары бойынша баяндама оқып, субсидялау, кепілдік, лизинг турасында дәріс оқыды. Ал бизнеске бет бұруды көздеген ауыл тұрғындары бизнес бастауда өздері кездескен  қайшылықтар мен қиыншылықтар туралы айтып, сауалдарына тұщымды жауап алды.

Мамандар келесі кезекте Қызылоба ауылдық округінде болып, ауылдық округ әкімдерімен дөңгелек үстел өткізді. Ашық әңгімелесу түрінде өткен дөңгелек үстелде ауылдық округ әкімдері кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларда кездесетін мәселелер, ауыл кәсіпкерлері тарапынан жиі қойылатын сұрақтар  төңірегінде сауалдарын қойды. Ал мамандар сұрақтарға жауап бере отырып, мемлекеттік бағдарламалардың тізімдері мен түрлері, несие берудегі мәселелер мен оны шешу жолдары, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кәсіпкерлерді несиелеу және субсидиялау, отандық тауар өндірушілерді қолдау турасында ақыл-кеңестерін беріп, түсінік жұмыстарын жүргізді.

Шара соңында қорытынды сөз алған аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ермек Меңдіханов «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасы аясында өткен іс-шаралардың нәтижелі болғанын айтып,  облыс орталығынан келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Н.ҒАББАС