7.10.2017, 10:25
Қараулар: 554
Малшы мен механизатор неге жетіспейді?

Малшы мен механизатор неге жетіспейді?

Осы сұрақ мені де көп алаңдатады. Жер үстіндегі тіршіліктің негізгі тұтқасы – адам. Ет пен сүйектен жаралған адам азықпен қоректенеді. Адам баласының негізгі азығы ет пен сүт өнімдері. Демек, мал шаруашылығы өмір бар жерде маңызын жоймайды. Тіпті етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту – ауыл шаруашылығындағы басты бағыттардың бірі болып отыр. Елбасымыздың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да ет пен сүт өндірісін дамыту, өңдеуді жетілдіріп, ет экспортын ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібіне қойылып келеді.

Олай болса, ықылым заманнан ұлтымыздың ата кәсібі болған мал бағудан бүгінгі жастарымыздың ат-тонын ала қашуын қалай түсінеміз? Мал бағу қор кәсіп пе?

Бұрын ұлтымызда «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық майын сорған озар» деп баланы мал бағуға тәрбиелейтін нақыл сөз бар еді. Расында да бұрын мал бағып, бейнетін көргендер құрметтелді. Мысалға, басқа ордендерді айтпағанда Жаңақала ауданынан Социалистік Еңбек Ері болған жиырмаға жуық адамның бәрі де мал шаруашылығының мамандары, дені малшылар болғаны жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Ол кезде аса қат болған автокөліктер де бірінші кезекте малшыларға беріліп, жиын-тойларда төрде солар отырып, құрметтелмеп пе еді?

Механизаторға да құрмет дәл осылай болды. Бүгін неге бұл мамандықтар қадірін жойды?

Жыл басында Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгіновтің Жаңақала ауданына келген бір сапарында онымен жүздескен Қ.Текебаев ақсақал ауданда мал шаруашылығын дамытуға малшы мен механизатордың тапшылығы елеулі қиындық тудырып отырғанын мәселе етіп көтерді. Иә, бұл барлық шаруа қожалықтары үшін ортақ мәселе, ортақ қиындық еді. Сол кездесуде өңір басшысы бұл қиындықтан жергілікті кәсіптік оқытулар арқылы шығуды ұсынды. Рас, бұл тығырықтан шығудың оңтайлы жолы. Бірақ, оның екінші жағы да бар. Олай дейтініміз, ауданымыздағы сонау 1963 жылы осындай қажеттіліктен құрылған кәсіптік мектеп бертінге дейін арендаторлар мен механизаторлар дайындап келді. Тракторист-машинист мамандығын дайындау тек 2016-2017 оқу жылында ғана тоқтатылып, биылғы оқу жылында қайта ашылды. Қазір 16 бала оқып жатыр. Сонда жыл сайын осы мектепті бітіріп, мамандық алған 20-25 механизатор аудан қажетін өтей алмай отыр ма? Әрине, жоқ. Ал, сол жас кадрлар қайда? Ешкім білмейді. Олардың нешеуі мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылғаны жөніндегі мәліметті ешқайдан таба алмайсың. Ақиқаты – мал бағатын да, механизатор болатын да жастар жетіп артылады. Күні бүгін аудан бойынша 213 адам жұмыссыздар есебінде тіркеулі тұр. Олардың 21-і механизатор екен. Бұлар неге мал шаруашылығына бармайды? Оның да бірнеше себептері барына көз жеткіздік.

Біріншіден, шаруа қожалықтарына барған бұл мамандық иелерінің көп жағдайда құқтары қорғалмайды. Біз тілдескен малшылардың бірде-бірімен жұмыс берушілер қағаз жүзінде келісімшарт жасаспағаны осыны көрсетеді. Үш жақты келісімшарты болмағандықтан кәсіподақ, басқа да заң орындары бұл іске араласуға, бұл мамандық иелері мен жұмыс беруші арасындағы туындаған дауды шешуге ықыласты емес.

Екіншіден, оларға ешбір тұрмыстық-әлеуметтік жағдай жасалмайды.

Мысалға, бір шаруа қожалығының қыстағына барған едік. Малшы үйін қыста адам отырады деп айтуға ауыз бармайды. Қамыстан салып, сыртын көбікті қалтқы материалымен қаптаған болыпты. Малшыны үйден 5-6 километр жердегі көбіктен кезіктірдік.

-Тамақ пісіретін кісі жоқ, малда жалғызбын. Түсте қойды осы көбікке суға түсіремін. Үйге барып, ас пісіріп ішуге мүмкіндік болмайды. Кеште, малды қоралағасын ас дайындап ішемін,-дейді ол.

Құлдық тұрмыс. Демалысы жоқ. Монша көрмейді. Теледидар, газет-журналы жоқ.

Дәл осындай жағдайды ауданның Балғын бетіндегі тағы бір малшы аузынан естідік.

-Күні бойы мал соңында жүресің. Жыл он екі ай демалыс бермейді. Еңбекақысы да жартымсыз. Отбасымда алты балам, жұмыссыз әйелім бар. Жұмыс болмағасын амалсыз жүрмін,-дейді ол.

Ия, жылына бір рет демалыс бермесе, емделуақы төленбесе, еңбегі ынталандырылмаса, еңбек иесі деп құрметтелмесе, мұндай тұрмыста кімнің малшы болғысы келеді? Соның ішінде жастар жабайы тұрмысқа жолай ма?

Әрине, жұмыс берушілердің бәрі мұндай емес. Малшыға барлық жағдай жасап отырғандар да бар. Мысалға, Мусин Тілегеннің қыстағына барып көріңіз.

Малшы, механизаторларға барлық тұрмыстық жағдай жасалынған. Алдымен олардың құқтарын қорғайтын заңды құжат – келісімшарттары бар. Малшы үйлері жылы да жарық. Ас дайындайтын арнайы аспаздары да бар. Монша, теледидар, ұялы байланыс, тіпті интернетке дейін қосып  қойған. Жұмысшыларына жылына бір рет демалыс, мерекелерде ынталандыру, құрметтеу шаралары да алынып келеді. Тілеген Мусиннің малшы, механизаторларына қамқорлық жасап, біреулеріне орталықтан үй алып бергеніне, біреулерінің той шығынын көтеріп алғанына куә болып жүрміз. Есесіне малшысы да, механизаторлары да жеткілікті. Жағдай жасалғасын жақсы жұмыс жасауда.

Мұндай жұмыс берушілер қатарына Бақыт Бекқайыров, Бекболат Жағыпаров, басқа да біраз адамдарды атауға болады.

Басқа шаруа қожалықтары малшы, механизаторларына осындай тұрмыстық жағдай жасаса, жастар мал бағудан қашпас еді. Өйткені, қазіргідей заманда кімнің жабайы жағдайда жұмыс жасағысы келеді дейсіз.

Міне, жоғарыда біз айтқан себептерден жастар мал шаруашылығына барудан қашқақтайды. Сол себепті малшы мен механизаторлардың тапшылығы ауданда мал шаруашылығы саласының өрісін тарылтып, елеулі қиындықтар туғызып отыр.

Ия, қазір өркениетті елге айналып келеміз. Технология қарыштап дамыды. Десе де мал шаруашылығы ұлттық экономиканың маңызды саласы болып қала береді. Олай болса, қалай болғанда да бұл сала қажетті мамандармен, жастармен қамтылуы тиіс.

Мал шаруашылығымен айналысу бүгінде қор жұмыс емес. Ата кәсіппен дендеп айналысып жүрген жерлестеріміз Тілеген, Ербол Мусиндер, Бекболат Жағыпаров, Бақыт Бекқайыров, Біржан Айғалиев, Сағат Батырашев, Едіге Текебаев сынды жігіттердің тірлігі, тұрмысы кімді қызықтырмайды?

Рас, бейнетсіз зейнет жоқ. Бұл азаматтар бірден осы деңгейге жеткен жоқ. Белшесінен бейнет кешіп жетті. Шаруасы оңға басып, жұмыстары жүйелі жолға түскесін ғана ұйымдастырушыға айналып отыр.

Сонымен, жастарды мал шаруашылығына  тарту үшін не істеуіміз керек?

Алдымен білікті кадр дайындауды жолға қою керек. Өйткені қазіргі жастар аттың қай жағынан мінуді, малдың сырын, күтімін білмейді. «Қойды баға білмеген қуалап өлтіреді»  деген сөз содан шықса керек.

Механизатор мамандығы да құр теория жүзінде емес, практикалық негізде беріліп, оқушы трактор  тілін толық  меңгеріп шыққаны дұрыс. Және оқып шыққан жастар жұмыспен қамтылуы керек.

Ал дайындалған кадрды жұмыс берушілер өздеріне тарта білгені жөн. Ол үшін қажетті кадрын оқытып алуға және жұмыспен қамтуға жұмыс беруші мүдделілік көрсетсе дейміз.

Екіншіден, жұмысқа қабылдауда заң талабы толық сақталып, екі арада келісімшарт жасалуы, онда екі жақтың міндеті, еңбекақы, сыйақы, еңбек демалысы, жұмыс жағдайын жасау, басқа да тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары толық көрсетілуі керек. Сонда екі арада түсінбестік дау тумайды, туса заңмен шешіледі. Бұл екі жақ үшін де тиімді.

Үшіншіден, малшы, механизаторларға толық тұрмыстық жағдай  жасалуы тиіс. Уақытылы тамақпен, моншамен қамтып, еңбек демалысы беріліп, емделуіне жағдай жасалғаны абзал.

Ең бастысы – атқарар жұмысына сай еңбекақы төленуі. «Бәрібір жұмыссыз отырсың ғой» деп аз айлық төлеу, оның жартысын тамағың, шылымың, киімің деп жырымдап ұстап қалу дұрыс болмайды. Қазір әлеуметтік жағынан ең төмен жағдайдағы осы мамандық иелері. Өмір бойы аз жалақы алған малшы, механизаторлар қартайғанда да ең аз зейнетақы алатыны бізді қынжылтады.

Ата кәсібіміз мал шаруашылығын дамыту үшін  осыны жасауға мүдделіміз.

Сонау Кеңес заманында малшыларға осы тұрмыстық жағдайдың бәрі жасалды. Жылжымалы монша, үгіт бригадасы, газет-журналдар, азық-түлік, тіпті киноға дейін барып тұрғанына біз, үлкендер куәміз. Есесіне олардан жұмыс жауапкершілігі де қатаң сұралған еді.

Бүгін мұндай жағдай жасау да, жұмысқа жауапкершілік те аз. Соның салдарынан жастар ата кәсібімізден қол үзіп барады. Бүгінгі жұмыс берушілер шаруамыз оңға бассын десе осы жағдайларды ескергені абзал.