14.10.2017, 10:26
Қараулар: 441
Жер дауы көбейіп тұр

Жер дауы көбейіп тұр

«Ашық есік» күні  3 қазан күні Көпжасар ауылдық округінде жалғасты. Мұнда да алдымен аудан әкімі түрлі мәселелері бойынша ауыл тұрғындарын қабылдады.

Қабылдау болатыны тұрғындарға алдын ала жария етіле тұрса да, келушілер көп болған жоқ. Әкім қабылдауына келген екі адамның бірі жұмыс, бірі баспанадан көмектесуді сұрады. Аудан басшысы мүмкіндігінше көмектесудің жолдарын қарауды ауыл әкіміне тапсырды.

Ал шаруа қожалықтары, селолық тұтыну кооперативі басшыларымен өткен жиында аудандық ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Боранбаев асыл тұқымды малға төленетін субсидия жайын әңгімелеп, асыл тұқымды бұзауға субсидия алу бұл округте де мардымсыздығын, осы іске қолбайлау болған малға сырға  алу жолдарын түсіндірді.

Көпжасар ауылдық округінде де мал дәрігерлік жұмыстар жүйелі жүргізілген. Десе де қаны арқылы тексерілген 5150 бас сиырдың 48-і оң нәтиже беріп, бруцеллез ауруы өткен жылғы деңгейде қалыпты. Мұны аудандық ветеринариялық бөлімінің басшысы М.Нұрғалиевтің әңгімесінен аңдадық.

Сондай-ақ өз кезегінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қорын құрудың мақсатын халық қаперіне берді.

Қызығы – жиынға қатысқан көпжасарлықтардың бірде-бірі не мәселе көтеріп, не ұсыныс айтып сөйлемеді. Бұл осы ауылдық округте мәселе жоқтығы ма, әлде ортақ іске тұрғындардың немқұрайлығы ма, түсіне  алмадық.

Түстен кейін жиын Мәстексай ауылдық  округінде жалғасты. Мұнда аудан әкімінің қабылдауына алты тұрғын тіркелген. Оның    екеуі  әдеттегідей  жұмыс сұраушылар еді. Қалған төртеуі жер мәселесімен кірді. Бұл округте жер дауы көбейіңкіреп тұр екен.

Қабылдауға келген кім-кімнің де арызына  аса байыптылықпен қарап, оңтайлы шешуді  көздеген аудан басшысы өз құзыры деңгейіндегі шаралар алуды күн тәртібіне қойды.

Қабылдаудан кейінгі шаруа қожалықтары, селолық тұтыну кооперативі басшылары және мүшелерімен кездесуде аудандық ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы С.Боранбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Сапаров өз салаларына қатысты мәселелерді әңгімеледі.

Мәстексайлықтар ортақ мәселелерді көтеруде де бойкүйездік көрсеткен жоқ.

Ауыл тұрғыны Н.Ғалымжанов бастаған сөйлеушілер селолық тұтыну кооперативі биыл малға асыл тұқымды бұқа қоспағанын, ауыл айналасына шаруа қожалықтары жақын қоныстанып, өрісті тарылтып жібергенін, көшеге су тартқан арықтың дұрыс көмілмегенін, округтегі жедел жәрдем көлігінің әбден ескіргенін, аудан орталығындағы сауықтыру орталығына жатып, сауығудың  қолжетімсіздігін, басқа да мәселелерді қаузап, аудан, бөлім басшыларынан жауаптарын естіп, көңілдерін көншітті.

Жиынды Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин қорытындылап, «алдағы қыстан аман шығайық» деген тілегін жеткізді.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.