14.10.2017, 10:33
Қараулар: 416
Қызылобада мәселе аз емес

Қызылобада мәселе аз емес

Аудан әкімінің ашық  есік күні Қызылоба ауылында жалғасты. Түске дейін аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, аудандық прокуратураның аға прокуроры Асыланбек Ғабдрахимов тұрғындарды жеке және қоғамдық мәселелері бойынша қабылдады.

Түс ауа басталған шаруа қожалықтары, ауылдық тұтынушылар кооперативінің мүшелерімен өткен жиында алдымен аудандық дербес бөлім басшылары өз салалары бойынша осы ауылдық округке  қатысты шаруашылық мәселелерін сөз етті.

Аудандық ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімі басшысының сөзінен бұл округ шаруалары асыл тұқымды, тауарлы мал аналықтары үшін мемлекеттік демеуқаржыны түгел ала тұрса да, төлге (бұзауға) беретін демеуқаржыны алуға әлі 33 шаруа қожалығы құжаттарын тапсырмағанын білдік.

Қиындық, қолбайлау – сол сырға тапшылығы.

-Сырға кешігіп, биылғы құжат тапсыру мерзіміне үлгіре алмасақ, демеуқаржыдан күдер үземіз бе? Оған кім жауапты?-дейді қызылобалық шаруалар.

«Ветеринариялық станция» МКК басшысы  Марат Досмағамбетов бұл округте мал дәрігерлік жұмыстар жоспарлы жүре тұрса да, бруцеллез азаймағанына, оның себептеріне тоқталды.

Бұл округте биыл қаны арқылы тексерілген мүйізді ірі қарадан 163 бас, қой мен ешкіден 60 бас мал оң нәтиже берген.

Аудан бойынша биыл сиыр малынан 658 бас ауру шыққанын ескерсек, оның төрттен бірі, яғни 24-25 пайызы осы округтен шығып отыр. Бұл алаңдарлық жай.

-Малдың заңсыз қозғалысы, ауру мал тұрған қора-қопсының залалсыздандырылмауы ауруды азайтуға мүмкіндік бермей отыр,-деп қынжылыс білдірді құзырлы басшы.

-СТК мүшесіміз. Биыл малға асыл тұқымды бұқа қосылған жоқ. Күйі келген мал өрістегі тексерілмеген кез келген бұқадан өтеді. Ауру бұқа – ауру таратушы.

Асыл тұқымды, ауруы жоқ бұқа неге қосылмады?

Қолдан ұрықтандыру неге жүзеге аспайды?

Ауру мал тұрған қораны жөнделмеген, ашық-шашық кезінде залалсыздандырудың нәтижесі шамалы. Қазір қыс жақын,  қоралар жөнделді. Енді залалсыздандырылса, жөн болар еді,-деді ауыл ақсақалы М.Еслямғалиев ортақ мәселеге ой қосып.

СТК мүшелерінің малына биыл асыл тұқымды аталық мал қосылмағаны шындық екен. Кооператив басшысы белгілі бір себептермен асыл тұқымды аталық малға субсидия алудан бас тартыпты. Оның зардабын тұрғындар тартып отыр.

Кооператив мүшелері бұл жайға неге жайбарақат қарап, өз күнкөрістері – малдары үшін ертерек алаңдаушылық білдіріп, мәселе көтермегендеріне түсіне алмадық.

Қолдан ұрықтандыру қосындарының жұмысы қожырап кеткені де шындық.

Ал ауру мал тұрған қораларды қазір залалсыздандыруға мүмкіндік барлығы, бұл ауыл сауықтырылуға қойылғандықтан бұл жұмыс тегін істелетіні, тек тұрғындардан сұраныс  керегі мәлім болды.

Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қорын құруда бұл округте де ескерер жайлар баршылық.

-Аудан  бойынша 3000 адамның мәртебесі анықталмай отырса, соның 258-і осы округтен екен. Мұны аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Н.Жұмасейітов мәлім етті.

-Біз үш ай бойы жұмысшыларымыздың жарнасын банкке  өткізе алмай жүрміз. Осы мәселені шешіп бергендеріңіз абзал,-дейді осы іске қатысты қиындықты сөз еткен шаруа қожалықтарының басшылары.

Шабындығына түскен судың ақысын төлеуде де бұл округте салғырттық бар екен.

-Аудан бойынша суға қарыз 3 млн. теңге болса, соның 1200 мың теңгесі осы округ үлесінде,-деді аудандық су шаруашылығының өкілі Е.Төлеуғалиев.

Қызылобалық шаруалар шабындық жөнінде біраз мәселе қойды.

-Өмір бойы осы округте тұрамын.  Әлі күнге 100 гектар шабындық жер бұйырмай-ақ жүр,-дейді бірі.

-Қолдағы малыма көрші Ақжайық ауданынан шөп шауып жүрміз. Шабындығымыз жоқ. Ал округте шабылмай қалатын шабындықтар баршылық. Бәрінің де қожасы бар. Бізге бермейді, өздері шаппайды, текке қалып жатыр…-дейді екіншісі. Бұл да орынды, реттеуді қажет ететін іс екені даусыз.

Аудандық прокуратураның аға прокуроры А.Ғабдрахимов тұрғындарды құқықтық мәселелері бойынша қабылдағанын, мәселелері болса аудандық прокуратурада қабылдайтынын халық қаперіне берді.

Жиынды аудан әкімі Н.Қарағойшин қорытындылады.

Бұл күні «Ашық есік» күні Бірлік ауылдық округінде жалғасты. Мұнда да алдымен аудан басшысы жеке және қоғамдық мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.

«Ашық есік» күні өтетіні алдын ала хабарланғандықтан қабылдауға жазылғандар баршылық екен. Өмір болғасын адамдардың мәселесі болмай тұра ма?

Бірі баспананы, біразы жұмыс жайын шешуді сұрады.

Ауыл ақсақалы Т.Мұхамбетов ақсақал ортақ мәселені алға тартты.

-Ауылдың малы бағылмайды. Бағылмаған мал өріс ауыстырып кетіп жоғалады. Мал біздің күнкөрісіміз ғой, бағуды ұйымдастырсаңыздар екен. Бұл көптің тілегі,-деді ол.

Қабылдаудан кейінгі жиында бұл округке қатысты жайларға мамандардың сөздерінен қанықтық.

Бұл округте қаны арқылы тексерілген 5000 бас сиырдан 6 бас қана бруцеллез шығыпты. Қойдан ауру шықпаған. Заңсыз мал қозғалысына шек қойылғаны осы нәтижеге жеткізгені құптарлық іс еді.

Әрине, бұзауға субсидия алудың төмендігі, 243 адамның мәртебесі анықталмай отырғаны, басқа да ескерер жайлар халық қаперіне берілді.

Ауданның аға прокуроры А.Ғабдрахимов құқықтық мәселелерді сөз етті.

Жиын аудан басшысының сөзімен қорытындыланды.

 

 

 

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.