28.10.2017, 15:32
Қараулар: 400
Жылыжайлар жұмысы неге тоқтады?

Жылыжайлар жұмысы неге тоқтады?

Жылыжай жылу сүйетін жидектер мен көкөністерді, гүлдерді және басқа да өсімдіктерді жыл бойы өсіруге мүмкіндік беретін құрылыс кешені екені бәрімізге белгілі.

Осы орайда 2010-2014 жылдары қолға алынған «Жасыл даму» бағдарламасын жүзеге асыру барысында ауданымыздың бес мектебінде жылыжай салынған болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалануды қамтамасыз етуді дамыту және экологиялық білім беруді көздейтін ағарту төңірегіндегі  оңтайлы жоба болып табылады.

Ауданымыздағы Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінде 2011 жылы жылыжай алғашқы боп ашылса, ал Пятимар, Е.Орақбаев, М.Жүнісов, Д.Нұрпейісова мектептерінде 2012 жылы қолданысқа берілген екен. Мектептердегі жылыжай көлемі 70х5 шаршы метрді құраса, кешен құрылысына 4 млн. 136588 теңге жұмсалған. Құрылыс жұмысына полигал материалы қолданылғанын айта кету керек.

Мектептердегі жылыжай салудың мақсаты балаларға экологиялық тәрбие беру, табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту және еңбекке баулудағы дағды қалыптастыру.

Аталмыш мектептердің жылыжай құжаттары мен жетістіктерін білу үшін аудандық білім беру бөлімінің басшылығына жолықтық. Бөлім басшысы Е.Қадыровқа келген жағдайымызды айтып, өзімізді мазалаған сұрақтарды қойдық. Бес мектептегі жылыжайлардың нешеуі жұмыс жасайтынын сұрадық.

-Барлығы бірдей қолданыста емес, бірақ көктем мезгілінде гүл рассадаларын егеді де, мектептің алдына мамыр, маусым айларында отырғызады,-деді бөлім басшысы. «Қолданыста болмауына не себеп?» деген сұрағымызға бөлім басшысы «Негізгі материал полигалдың жарамсыздығы» деп жауап қатты. Ал оны жөндеуге қаражаттың тапшылығы қол байлау екенін тілге тиек етті. Кейін осы бөлімнің география мен биология, химия бірлестігінің әдіскері Дана Тасболатқызына жолықтырды. Ол бізге мектептердегі жылыжайдың мән-жайын жете түсіндіріп, қолындағы бар мәліметті берді.

«Алыстан арбалағанша» деп мәселенің мәнін білу үшін Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебіне бардық. Бар ойымыз мәселе деп көтерген жүгіміздің не себептен тоқтағанын білу еді. Мектеп директоры Айсұлу Мұратқызы жылыжайдың тоқтап тұрғанына үш жылдың көлемі болғанын, бұрын жақсы жұмыс жасап, өнім алып, асханаға беріп отырғандығын мәлімдеді. «Ендігі жерде полигалдың үгітіліп, қираған жерлерін жөндеп, іштегі жылу жүйесін сақтап қалу керек» деп ойын жеткізді.

«Бес мектептегі жылыжайлардың қазіргі кезде жұмыс жасауына не кедергі?» деген сұраққа жауап іздеп Көпжасар ауылындағы Д.Нұрпейісова мектебіне атбасын тіредік. Мән-жайды білу үшін үшін директордың  міндетін уақытша атқарушы Е.Аюпов пен химия пәнінің мұғалімі Ажар Бекболатқызына жолықтық. Мектеп директоры жаңадан тағайындалғанымен, жағдайды баяндап, жылыжайды көрсетуге алып барды. Мектеп ауласындағы алыстан көзге түскен жылыжайды көруге асыққан едік. Алайда жағдайдың мәз еместігін көргенде, көңіліміз түсіп қалды.

«Не себептен төбесі қақырап, қабырғасы шұрық-тесік болды?» деген сұрағымызға мектеп басшысы құрылыс материалын күн  жеп және жазғытұры жауған бұршақтың салдарынан осындай күйге тап болғандығын айтты.

Барлық мектептегі жағдайдың бірдей екендігін біз барған екі жылыжайдан анық аңғаруға болатын еді.

Ауданннан шалғай орналасқан мектептерге телефон шалып, жылыжайлардың жағдайына сұрау салдық. Мектеп директорлары да, ұстаздар қауымы да жағдайды бүкпей баяндап берді. Телефоннан да, аяқтай барған мектептерде байқағанымыз жылыжай бастапқыда керемет жұмыс жасағаны, облыс көлемінде бір емес бірнеше рет тұғырдан көрінгені белгілі болды. Сөзіміз дәйекті болу үшін облыста өтетін жылыжайлар байқауында 2011 жылы М.Жүнісов атындағы жалпы білім беретін мектебі алғыс хатпен, 2013-2014 оқу жылында Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебі III орын, 2015 жылы Е.Орақбаев атындағы мектеп III орынмен  марапатталғанын айтсақта жеткілікті еді.

Сонымен қатар, мектеп жылыжайларында  түрлі тәжірибе алмасу семинарлары мен сабақтар өткен.

Жылыжайы бар мектептерде  көкөністің мына түрлерінен: қияр, қызанақ, тәтті, ащы бұрыш, сәбіз, қызылша, жүгері, аскөк, ақжелкеннен өнім алып қоймай, мектеп асханасы мен жатақхананың асханасын қамтамасыз еткен.

Мәселенің бұлайша тоқтауына қандай себептер барын тарқатып көрейік.

Біріншіден, құрылыс мате-риалының сапасыздығы, ал екіншіден, қайта  жөндеуге қаражаттың бөлінбеуі. Үшіншіден, ауыз судың тапшылығы. Осындай себептерден жылыжай жұмысы тоқтаған.

Жұмысқа жарамсыздығын көре тұрса да мектеп ұстаздары қолдарынан келгенше полиэтилен пленкамен жыртығын жамап, қайта жұмыс істетуге талпынған. Алайда, қайта жөндеуге ауа райының шыдас бермегенін бүгінгі көрініс дәлелдей түскендей.

Ауданымыздағы өзекті ауыз су мәселесі осы жылыжай жұмысының тоқтауына бірден-бір себеп болды десек те, мектеп басшылығы жылыжайлар  қайта салынса не жөндеу көрсе жұмыс істеуге даяр екенін жеткізді.

Білім беру бөлімінің басшысы жөндеу жұмыстары жергілікті бюджеттің қаржысына қарап отырғанын, кейде сұраныстағы қажеттіліктерге орай екінші мәселенің тасасында қалатынын жасырмады. Биыл да аудандық бюджетке жылыжайларды күрделі жөндеуден өткізуге қаражат сұранысы жіберіліпті. Оның  қалай шешілерін кім білсін?!

Қорыта келгенде, мәселенің ұшы көтерілген кездің өзінде мұғалімдер елеңдеп, біразынан үміт ұшқынын көрдік.

Ия, бюджеттің қыруар қаржысына салынған бес мектептегі жылыжайлар күні бүгін істен шығып тұр. Олар өз міндетін ақтады, құнын өтеді деп айта алмаймыз. Олар да кезінде балалар тәрбиесіне керек деп мемлекет бағдарламасымен салынған құрылыстар емес пе? Енді неге керексіз дүниедей азып-тозып қалғанын түсіне алмадық.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.