30.10.2017, 15:38
Қараулар: 105
Көршіге неге қызығам?

Көршіге неге қызығам?

Бұйығы, жалқаулығы басым, білім алуға құлықсыз ұлтының ертеңіне алаңдаған арыстарымыздың кезінде «Оян, қазақ!»   деп ұран тастағанын білеміз. Текті ұлдарының ұраны текке кеткен жоқ. Қазақ оянды, жаппай сауаттанды.

Бодандықтың бұғауын үзіп, ата-бабамыздың аңсаған арманы – тәуелсіз ел болып, өз тізгінімізді өзіміз ұстайтын күнге де жеттік. Десе де тәуелсіздік алумен ұлы мұратымыз орындалып, іс бітіп қалған жоқ. Мәңгілік ел болуға бет алғанда көшіміз көлікті,  тұрмысымыз көрікті болу үшін  енді «Ойлан, қазақ!» дейтін көсем тұлға керек еді. Ол да табылды.  Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең тағылымды мақаласы «Ойлан, ұлтым!» деп қана қоймай, оның қажеттілігін жетемізге жеткізіп берді. Елімізді дамытып, болашағын баянды ету үшін санамызды рухани жаңғыртуымыз керек. Кемелді келешегіміз үшін өзгере білуіміз қажет. Жаңғыруға ұмтылыс – дамуымыздың басты қағидасы.

Осы тарихи маңызды мақаланың алдымызға тартқан бір келелі міндеті – «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру. Бұдан «елім», «жерім» деген адам қалыс қалмауы тиіс. Сонда ғана туған өлкемізді түлетіп, ұрпаққа өнеге көрсетіп, ертеңіміздің тұғырын беркіте түсеміз.

Ойдан ой туады. Президентіміздің мақаласы санамызды дүр сілкіндірсе, көршілеріміздің отаншылдық ісі «Не істейміз?» деген сұраққа бағыт бергендей болып отыр.

Жасыратыны жоқ, жоғарыға алақан жайғызған жалқаулықтан әлі айығып кете алмай келеміз. «Үкімет бізге не беріп жатыр?» деген масылдық сұраққа көңіл төрінен орын берсек те, «Мен елім үшін не істедім?» деген сұрақты жан дүниемізге ұялата алмай-ақ келеміз.

«Қатты айтсаң қарындастың көңілі қалады» дейді халық. Қатты айтпасақ қатеміз қалай түзеледі? Көршіміздегі игілікті істерге қызығып, өз аудан, өз ауылымыздан жеріп отырған жоқпыз. Біздікі – отаншылдық рухтың кемдігіне намыстану, етектен басқан енжарлыққа күйіну, көші көш ілгері кеткен көршілерге сүйіну, олардың ісін өзімізге үлгі ету десе болады.

Әлқиса, бұл әңгіменің түп төркіні көршілес Қазталов ауданында өткен жерлестер форумы туралы мақаланы оқудан басталды.

Көршілерді көре алмай отырған іштарлығым емес, қуанып, құптарлығым – ағайынның бірлігі, жасап  жатқан тірлігі еді.

Ойға екшеп көріңіз, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2009-2017 жылдар аралығында Қазталов ауданында жалпы құны 141 млн. 760 мың теңгені құрайтын 53 жоба жүзеге асыпты. Мынаны қараңыз, жалпы құны 51 млн. 400 мың теңге болатын жеті жобаны Жалпақталдың мектеп түлектері  іске асырған. Риза болатыным – оларда әр азамат өзінің туған жерін көркейтуге қол ұшын беріп, туған жеріне, туған еліне деген ақ ниетін игі істер арқылы білдіруде. Мұны көріп өскен ұрпақ бойында ұлтжандылық, отаншылдық сезім қалыптасары даусыз.

141 млн. 760 мың теңге бюджеттің емес, осы аудандағы  азамат-азаматшалардың қаржысы. Олардың ішінде кәсіпкерлер де, шаруа қожалықтары да, лауазымды адамдар да, қарапайым халық та бар.  Тіпті аз қамтылғандардың өздері де елге істелер іске енжар қарамайды екен. «Көп түкірсе — көл» деген осы, бір арнаға тоғысқан ізгі ниеттен осынша қаржы құралып, халық қажетіне, туған жерін көркейтуге жұмсалып отыр.

Бұл қаржыға не істелді десек, тарқатып берейік. Аудандардағы әлеуметтік нысандар салуға 16 млн. 900 мың теңге, саябақтарды абаттандыруға 30 млн. 550 мың теңге, балалардың ойын алаңдарын жасақтауға 3 млн. 930 мың теңге, шағын футбол алаңын жасақтауға 8 млн. 600 мың теңге, зираттарды қоршауға 12 млн. 300 мың теңге, спорттық құрал- жабдықтар алуға 2 млн. 640 мың теңге, мұражайлар жабдықтауға 8 млн. 170 мың теңге, ескерткіштер орнатуға 13 млн. 170 мың теңге, мешіттер салуға 44 млн. 500 мың теңге жұмсалыпты.

Бізге түскен мәліметте мұндай халық жасаған жобамен көрші ауданның 16 ауылдық округі қамтылған екен.

Қара басы қамын күйттемей, ортақ іске үлес қосу – ерлікке пара-пар іс қой. Қалай сүйінбейсің?! Рухани жаңғыру, туған жерге табыну деген осы емес пе?

Ал, біздің ауданда «Туған жер» бағдарламасы қалай жүзеге асуда? Мені қынжылтқан осы сұрақтың жауабы болды.

Көрші аудан жалпы құны 141 млн. 760 мың теңге болатын 53 жобаны жүзеге асырса, Жаңақала ауданы бойынша «Туған жер» бағдарламасымен жалпы құны 12 млн. 300 мың теңге  болатын 13 жоба ғана іске асыпты. Көршілер 11-12 есе көп қаржы жинаған.

Біздегі құны 11 млн. 800 мың теңге тұратын 12 жобаны кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары атқарған.

Көрші ауданда кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары 90 млн. 360 мың теңге болатын 46 жобаны жасапты.

Сол сияқты, бұрын мектеп бітірген түлектердің туған жеріне сүйіспеншілігін іспен білдіруі көршілерде ерте басталып, дәстүрге айналыпты. Бүгінге дейін олар жалпы құны 51 млн. 400 мың теңге болатын жеті жобаны туған ауылдарына тарту етті.

Ал біздің ауданда бүгінге дейін бұрын мектеп бітірген түлектер құны 500 мың теңге болатын бір-ақ  жобаны жүзеге асырған. Ол Қырқопа ауылындағы Карманов мектебін 10 жыл бұрын бітірген түлектердің «Менің жүрегім — Қырқопа» ескерткіші. Мүмкін бұл игі дәстүрге айналар үлкен істің бастауы шығар. Солай қабылдайықшы.  Әйтпесе, оқу жылы аяқталар соңғы қоңырау салтанатында бұрын мектеп бітіріп кеткен түлектердің топ-топ болып кездесуге келгендерін қай мектептен де көріп жүрміз. Біздің түлектер қолдарына бір картина ұстап келуді дағды еткен. Одан туған ауылына не пайда, қандай із қалады?  Жалпы, көрші аудан түлектері бұл істі қалай ұйымдастырады,  кім ұйымдастырады?

-Біз кездесуге 2-3 жыл бұрын әзірленеміз. Не істейтінімізді келісіп, соған әркім мүмкіндігіне қарай қаржы қосады.

Қаржы жинау да 2-3 жыл бұрын басталады. Жыл сайын әркім мүмкіндігіне қарай жарнасын беріп отырады. «Мен көп бердім, сен аз бердің» деген сөз болмайды. Өйткені мақсат біреу. Ол – елге бір игі іс істеу,-дейді олар.

Көршілер түсінігіне  қалай қызықпайсың, қалай құптамайсың!

Десе де «Шүкір» дейікші. Біздің ауданда да «Туған жер» бағдарламасына үн қосу ныпсы жоқ емес қой. Аз да болса бар. Мүмкін енді өріс алар.

Біздегі 12 жобаны жасаған жаны жомарт жандар кімдер? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын…» деген, айта кетейік.

Біріншісі — Темірғали Нұрмұхаев. Мұқыр ауылында туған азамат. Бір өзі төрт жобаны жүзеге асырды. 500 мың теңгеге Мұқыр ауылындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепке құрал-жабдықтар сатып әперді. Құны бір млн. теңгеге сол ауыл клубына жылу жүйесін тартып берді. 800 мың теңгеге сол ауыл кітапханасына жылыту жүйесін жасады. 300 мың теңгеге Мәстексай ауылына құдықтар салып берді.

Жеке кәсіпкер Серік Бекқайыров. Бұл да мұқырлық азамат. Қазір Алматыда. Ол да Мұқыр ауылы мектебіне құны 2 млн. теңге тұратын бильярд үстелін алып берді.

Сол сияқты қазір Алматыда тұратын мәстексайлық кәсіпкер Берік Қайыров 3 млн. теңге қаржыға «Жүзік» зиратын қоршап берсе, тағы бір мәстексайлық шаруа қожалығының жетекшісі Біржан Айғалиев бір миллион теңге қаржыға «Тама» зиратын қоршады.

Қырқопалық кәсіпкер Бауыржан Қуанов пен шаруа қожалығының жетекшісі Дидар Каменов сол ауылдағы  орталық зиратты 300 мың теңгеге қоршады.

Көпжасарлық шаруа қожалықтары 1,5 млн. теңге қаржы жинап, өлкетану музейін жасақтап, Социалистік Еңбек Ері Жаңылдық Баймұқановаға ескерткіш бюст орнатты.

Қызылоба ауылында «Хафиз», «Наурыз», «Жандос», «Серғазиев И»  шаруа қожалықтары 600 мың теңгеге ауыл жастары жаттығатын күрес залын жасақтап, қажетті спорт жабдықтарын сатып әперді, 800 мың  теңгеге ауыл зиратын қоршап берді.

Олардың бұл игілікті істеріне ел риза.

Жалпы, бұл шараларға 20-ға жуық кәсіпкерлер ғана қатысып отыр. Ауданда заңды тіркелген 1185 кәсіп иесі барын ескерсек, «Туған жер» бағдарламасына олардың 1-2 пайызы ғана қатысып отыр.

Ия, көрші ауданның туған жерге деген тірлігін оқып, еріксіз сүйсіндім, құптадым. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген. Олардың игі ісі бізге де жұғысты болғай дейікші.

Бізде де бастауы бар ғой, халық қолдар деген ойдамын.

Өз ауылымызды өзіміз көркейтпесек, басқа біреу істеп бермесі анық. «Ауылы көрікті, халқы ұйымшыл» дегенді есту ғанибет емес пе, ағайын!

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар