21.11.2017, 9:31
Қараулар: 419
Тұтылды, құтылды… Кім ұтты, кім ұтылды?

Тұтылды, құтылды… Кім ұтты, кім ұтылды?

Бұл жаңылтпаш емес, жұмбақ. Жұмбақ болғанда шешуін жұрттың бәрі білетін жұмбақ. Тіпті тілі жаңа шығып, «р» деп  айта алмайтын сәбиден сұрасаң да «ұлы» деп қалары даусыз. Өйткені, оның да өзі туғалы ата-анасынан естіп жүргені осы. Қалай білмесін?!

Құдай-ау, «ұры» деген сөз қашан, қайдан шықты екен? Ұрының түрі де көп қой.  Бізді көбірек алаңдататыны – мал ұрлығы. Өйткені, күнкөрісіміз сол болғасын малға жақындау  халықпыз.

Аман-саулық сұрасқанда жанынан бұрын малына алаңдап, «Мал-жан аман ба?» дейтініміз соның дәлелі еді.

Ауыл   қазақтың ата-мекені екеніне ешкімнің дауы болмас. Малы үшін атақонысы   жерін қорғаштайтындар да солар.

Расында да малды  молдау ұстағандардың тұрмысы бұрын да жақсы болды. Қазір де  солай.

Ауылда тұрып мал ұстамайтын көнкөріске епсіз, жалқауларды мысқылдап «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деуші еді-ау қарттар.

Ия, біз ауылда тұрамыз. Ауданымыздың негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. Шүкір, ауданда мал басы да баршылық.

Күні бүгін ауданда 52097 бас сиыр, 201675 бас қой мен ешкі, 21132 бас жылқы, 912 бас түйе бар.

Ауданда 4763 аула барын ескерсек, әр аулаға түйені қоспағанда 4-5 бас жылқы, 10-11 бас сиыр, 42-43 бас қойдан келеді екен.  Осындай малы бар ауланы ешкім аз қамтылғандар қатарына қоспас еді.

Өкінішке орай, ауданда аз қамтылғандар жоқ емес. Өйткені аудандағы 4763 ауланың 3082-сі мал ұстаса, 1618 аула малсыз екен.

Бұл ауылда тұрып, мал өсірмей отырғандарға өкпеміз ғой. Енді негізгі тақырыбымызға ойысайық.

 

Мал неге жоғалады?

Әрине, бірінші себебі – малдың бағылмауы. Өмірі мал соңында өткен аталарымыздың «Бақпаса мал кетеді…» деуі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома емес пе?

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген, бағусыз, қараусыз кеткен мал ұры-қарының жемтігі болмай неғылсын?

Аудан жағдайында да малдың дені бағылмайды, жоғалған мал жер жұтқандай табылмайды. Өрістен кеткен малды «жоғалды» деп байбалам салу да қиын. Біреулердің малы өріс  ауыстырып кетіп, аман-есен табылып жатады. Соны көрген көп адам ұрланды деп аудандық ішкі істер бөліміне тіркетпейді. Уақыт өткесін ұрлықтың ізі ауып, табылмай қалады. Малдың жауы көп. Төрт  аяқты да, екі аяқты да. Жаратушы төрт аяқтының несібесін мал етіп жаратқан. Сондықтан, малыңды итқұс жесе, қарамаған өзіңсің, ешкімге өкпе айтпайсың.

Итқұс жеген малдың бұрын қаңқасы қалып, қарға үймелеп, «менмұндалап» жатушы еді. Қазір ондайды көп кездестірмейсің. Жоғалған мал зым-зия, бір белгісі қалмай құриды. Демек, тері – түгімен, сүйек – жынымен жоқ қылу екі аяқтының ісі екені анық.

Демек, малдың жоғалуының басты себебі – ұрлық.

 

Ұры алыстан келе ме?

Әрине, жоқ. Бұрын арнайы әзірленіп барып, бас жарып, көз шығарып, барымталап кету болған. Қазір ондай алыстан «еңбек сіңіріп» келіп ұрлау жоқ. Есесіне, біреудің бағу ақысын төлеп қосқан аманат малына қиянат пен өрісте жүрген біреудің ақ адал малына «жиендік» жасап, жойып жіберу, тіпті қорасынан үптеп әкету тыйылмай жүр.

Алдымен қиянатқа біраз мысал келтірейік.

Аудан, округ орталығында тұратын тұрғындар малын бағу ақысын беріп бағымға қосады. Ал бақташылардың бәрі бірдей  аманат малға адалдықпен қарамайды. Тәуірін таңдап сатып, жоғалды деп сылтауратып, орнына баспақ-торпақ беріп, мал иесін сорлатып жүргенін көріп келеміз.

-Қойымды Мұқыр өзені жағасындағы «С» есімді бақташыға қостым. Ай сайын бағу ақысын беріп тұрдым. Қозыларымның дені еркек, ерте туған ірі еді. Қаржы қажет болып, күзде, құрбан айт алдында әкеліп сату үшін малшыға барсам, бақташы қозымның іліпаларын түгел тиеп, Атырау базарына әкетіпті. Екі жыл дауласып жүріп жартысын ғана өндіріп алдым,-дейді аудан орталығының тұрғыны «Ж» есімді азамат. Дәл осы бақташыдан қиянат көріп, дауласып жүрген біраз адамды көрдік. Ал, бақташы болса қаладан үй алыпты. «Жұртқа обал жасадым-ау!» деп қиналып жүрген ол жоқ.

-Керей бағытындағы шаруа қожалығына мал қосып едім. Бір күні екі өгізімді етке тиетейін деп жатқанын естіп, шұғыл жеттім. Рас екен. «Өзімдікі» деп бой бермейді. Шақырған полициядан да дәрмен болмады. Ақыры өзім салған құпия белгімді көрсетіп, өз малымды шақ алып қалдым,-дейді «Ж»  есімді жас жігіт.

Мұндай шағымдарды ондап келтіруге болады. Демек біз малымызды ақы төлеп бейнетқор малшыға емес, арам ниетті адамдарға бақтырып отырмыз демеске шара жоқ. Қойды қасқырға бақтырғанмен бірдей емес пе?

Сол сияқты, ұрлықтың тағы бір түрі – иесіз малды иемденіп, таңбалап алу.

Мал иесіз емес қой. Иесі іздеп таба алмай жүр. Үйіне қосылған ондай бөтен малды хабарлап жүру орнына иемденіп алу адамгершілікке жата ма?

Мұндай да біраз фактілерден хабарлымыз. Ондай құлқын құмарлар арасында лауазымды адамдардың барлығы еріксіз қынжылтады.

Ұрлықтың ең жаманы – қорадан ұрлау. Өрістен ұрласа, малға мал ұқсайды, шатыстырған болар дер едік. Біреудің қорасына түсіп ұрлау ешбір ақтауға келмейтін арамниеттілік, қылмыс емес пе?

Соңғы күндері қорадан ұрлау жиі естіле бастады. Күні кеше біреудің қорасынан 19 бас қой ұрлаған екі ұры ұсталғанын естідік. Қынжыларлығы – екеуінің бірі кәмелетке толмаған бала екен. Жасынан ұрлыққа ауызданған жастың ертеңінен не күтуге болады?

Бесіктен бастап отбасында берілетін, мектепте берілетін тәрбиеміздің жемісі осы болғаны ма? Оны қасына ілестіріп,  ұрлыққа баулыған адам не ойлады екен? Ұядан көргенін істеп,  өз балалары түгел ұры болса қайтеді?

Сөзіміз дәлелді болу үшін аудан бойынша соңғы үш жылдағы ұрлық  санына тоқтала кетелік.

2015 жылы аудан бойынша 50 мал ұрлығы тіркелсе, 2016 жылы – 34, 2017 жылы 9 айда – 20 мал ұрлығы тіркелген. Соның ішінде өрістен жоғалу бойынша 2015 жылы 28 дерек тіркелсе, 2016 жылы – 17, 2017  жылы 9 айда 14 дерек тіркеліп отыр.

Сол сияқты, қорадан жоғалу бойынша 2015 жылы 6 дерек тіркелсе, 2016 жылы 5 ұрлық, 2017 жылы 9 айда 6 ұрлық тіркелді. Биылғы қорадан ұрланған мал саны 30 басты құрайды.

2016 жылы тіркелген мал ұрлығының 17-і ғана ашылған болса, биылғы тоғыз айда да ашылу көрсеткіші осы деңгейде.

Бұл көрсеткіштерден тіркелген мал ұрлығы саны жыл санап азайғанмен, ашылу деңгейі әлі төмен екенін аңғаруға болады.

 

Ұры неге тайраңдайды?

Тайраңдатып жүрген өзіміз.

Біріншіден, малды бағусыз жіберіп, бірнеше ай бойы іздемей, ұрының ұрлап, ізін жасырып кетуіне жағдай жасаймыз.

Екіншіден, мал ұрлығы барын білсек те, оларға тосқауыл қойылмайды. Мал алушылар ешбір тергеу-тексерусіз аудан ішінде еркін жүреді. Мал тиеген автокөлікті тоқтатып, құжатын тексеріп, қайдан, кімнен алғанын анықтап жүрген жергілікті полицияны да, ауыл әкімдерін де көрмейміз.

-Жаңақала жерінде ешкім тоқтатып, тексермейді. Атыраулық полицияларға мал басына бір мың теңге беріп өтеміз,-дейді мал тапсырушылар. Бұған не дейміз?

Сататын малға малдәрігерлік  анықтама беруде де кемшілік бар.  Әсіресе, жылқы малына анықтама беруде. Көп мал анықтамасыз-ақ  Атырау, Ақтау асып кетіп жатыр. Неге?

Үшіншіден,  ұсталған ұрының істі болғанын көрмейміз. Обалы не керек, полиция денін ұстайды.  Ұсталған ұры мал иесіне малын еселеп қайырып, кешірім алып,  істен құтылады.

Дұрысында ұсталған ұрының бірінші ұрлығы емес қой. Ұсталғанға дейін қанша адамды сорлатты? Ол тексеріліп анықталмайды. Құтылған ашкөз, құныққан ұры шығынның орнын толтыру үшін қайта ұрлық қылмасына кім кепіл?

Төртіншіден, Атырау, Ақтау облыстарында етке сұраныс өте үлкен. Ет бағасы бізден көп жоғары. Бұл да ұрыны құнықтырып, ұрлыққа итермелейтін секілді. Сондықтан осы бағытты мұқият бақылау назарға алынбай келеді. Жалпы, мал ұрлығына тосқауыл қояр біріккен жұмыс жоқтың қасы.

Міне, осының бәрі мал ұрлығының тыйылмауына, ұрылардың тайраңдауына себеп болып отырғаны даусыз.

Түйін

Мал ұрлығына тосқауыл қою үшін:

Біріншіден, барлық түлік түрі де бағылуы керек.

Екіншіден, ұсталған ұрыға кешірім болмағаны дұрыс.

Үшіншіден, мал тиеген көлікті жергілікті әкімшілік пен жергілікті полиция тергеп, тексеріп,  ұрлық емесіне көз жеткізіп отырғаны абзал.

Төртінші, малдәрігерлік анықтамада малдың сырғасы, түр-түсі толық көрсетіліп, нақты берілуі тиіс.

Бесіншіден, негізінен мал апарылатын Атырау, Ақтау бағытындағы жолдарды қадағалап отырса дейміз.

Жалпы, осы жасымызға дейін ұрлықпен байыған ұры көрмедік. «Ұрлық түбі қорлық», «Оңай олжа орға жығады» деген нақыл мәнін ұрпақ санасына сіңіріп жүрсек артық етпес еді.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.