28.11.2017, 11:51
Қараулар: 557
«Рухани жаңғыру — болашақтың кепілі»

«Рухани жаңғыру — болашақтың кепілі»

Жақында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы «Рухани жаңғыру – болашақтың кепілі» атты аудандық фестивальді Жаңақала колледжі жалғастырды.

Фестиваль басталмас бұрын Жаңақала колледжінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында «Тарихымның тереңінде ұлылық» тақырыбында арнайы жасақталған кабинеттің ашылу салтанаты өтті. Лента қию рәсімін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов пен ардагер ұстаз Қалима Әйіпқали жасады. Мұнан соң шараға қатысушылар кабинетке бас сұғып, колледж тарихымен, кәсіптік білім ордасында ұзақ жылдар қызмет еткен еңбек ардагерлерінің өмір жолдарымен, жетістіктерімен танысты.

Ал, аталмыш фестивальдің шымылдығын түру үшін сөз алған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин:

-Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аз ғана уақыттың ішінде қоғамға рухани серпіліс беріп, тарихи-мәдени құндылықтармен сабақтасқан үлкен халықтық жоба сипатына ие болды. Бүгінгі шараларыңыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  «Тәрбие мен білім» жобасымен ұштасып, қазақстандық патриотизм үлгісінде жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу, прагматикалық жауапкершілігі жоғары, шығармашыл бірыңғай ұлт тұлғасын қалыптастыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Колледж студенттері тек кәсіптік-техникалық бағытта білім алып қана қоймай, азаматтық белсенділігі жоғары, рухани бай, әлеуметтік қоғам сұраныстарына жауап беретін бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы осындай мәдени шаралар арқылы жүзеге асырылады,-дей келе фестивальге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Фестивальге қатысып, өнерлерін ортаға салған колледж қызметкерлері, студенттер, ұстаздар көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Тамылжыта әсем ән шырқалып, мың бұрала би биленді.

Кеш соңында комиссия мүшесі, облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Райгүл Тілекқабылқызы сөз сөйледі. Өнерлерін паш еткен студенттерге ризашылығын, алғысын білдірген ол, үздік өнерпаздар іріктеліп, желтоқсан айында Орал шаһарында өтетін гала-концертке қатысатынын жеткізді.

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар