5.12.2017, 8:55
Қараулар: 71
Жемқорлықтан жирену керек

Жемқорлықтан жирену керек

Таяуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары Бейбіт Нұрашұлы жұмыс сапарымен Жаңақала ауданында болды.

Департамент басшысы сапары кезінде Жаңақала ауылдық округінің аппаратында болып, халыққа мемлекеттен қызметтер көрсетілу жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, халыққа көптеген қызметтер көрсететін аудандық кірістер басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталығына да арнайы атбасын бұрды.

Жұмыс сапары шеңберінде департамент басшысы аудан активімен өткізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бағытында атқарылған жұмыстар бойынша кеңестің отырысына қатысты. Бұл басқосуға аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, аудан прокуроры, жергілікті полиция қызметінің басшысы, аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер, аумақтық басқарма  және мекеме басшылары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат кұралының өкілдері қатысты.

-Ауданымызда ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының орындалуы, сыбайлас жемқорлықты алдын алу профилактикасы және сапалы мемлекеттік қызмет көрсету бойынша уәкілетті органдардың басшыларымен актив  отырысын өткізу жоспарланған болатын,-деген аудан әкімі Н.Қарағойшин күн тәртібіндегі мәселені хабарлап, облыстан келген өкілдерді таныстырды. Күн тәртібіне бір ғана мәселе ұсынылды. Ол «ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының орындалуы, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу профилактикасы және сапалы мемлекеттік қызмет көрсету туралы» еді.  Күн тәртібіндегі мәселе бойынша әуелі аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлының баяндамасы тыңдалды. Мұнан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов хабарлама жасады. Б.Исақов өз сөзінде мемлекеттік аппарат пен азаматтардың қарым-қатынасы тұтынушыға бейімделу, ашықтық және қолжетімділік принциптерінде құрылуға тиіс екендігін атап өтті. Келесі кезекте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары Бейбіт Нұрашұлы сөз алып, сыбайлас жемқорлықтың облыстағы жай-күйін әңгімеледі.

Б.Исақов сапары кезінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында аудан тұрғындары үшін азаматтарға қабылдау өткізіп, аудан халқын мемлекеттен көрсетілетін қызметтерді алу кезінде заңды құқықтары бұзылған жағдайда бейқамдық танытпауға шақырды.

Кеңесте арнайы дайындалған сыбайлас жемқорлықтың зардабы жөніндегі бейнеролик көрсетілді. Жемқорлықтан жирену қажеттілігі айтылды.

Кеңесті аудан әкімі Н.Қарағойшин қорытындылады.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар