5.12.2017, 8:59
Қараулар: 547
Ит иттігін жасайды

Ит иттігін жасайды

Қазақ «Ит – адамның досы» деп ерекше қадірлеп, тіпті жеті қазынаның біріне балаған. Алайда, бүгінгі таңда жағдай басқаша болып отыр. Ит адамның досы емес, тіпті қатыгез жауына айналып бара жатқандай. Көшеде қаптап жүрген қаңғыбас иттерді көрсек шошитын,  құтымыз қаша қорқатын халге жеттік.

Қазір қыс мезгілі. Күн ерте батады. Мектеп оқушыларына тіптен қауіпті. Таң ата да, күн бата да мектеп маңайларында, қоқыс жәшіктерінде, көшелерде  үйір-үйірімен топтасып жүрген әлгі «досымызды» көргенде көңілге қорқыныш ұялайтыны рас. Олай дейтінімізге себеп те көп, салдар да мол. «Итке қабылыпты» деген алып-қашпа әңгімелер ел арасында қаптап жүр. Аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мәліметіне жүгінсек, 2016 жылы 52 адам итке қабылса, соның 29-ы аудан орталығының тұрғындары. Ал, сол қабаған иттердің жиырма бірінің  иелері белгілі болса, сегізінің иесі белгісіз, яғни қаңғыбас иттер сапынан. 2017 жылы итке қабылуға байланысты 50 жағдай тіркеліпті. Жалпы, үй жануарларына таланып немесе қабылу оқиғалары Жаңақала, Бірлік, Көпжасар, Жаңақазан ауылдарында көп кездеседі екен. Абырой болғанда, ит пен мысықтарды зерттеу барысында қатерлі құтыру дертінің нышаны табылмапты. Тек биыл 1 түлкіден ғана құтыру ауруы  анықталған. Ал, қауіпті дерт – құтыруға қарсы биылғы жылы аудан бойынша 2200 ит егіліпті.

-Қазақ десең, өзімізге тиеді. Бірақ, аудан тұрғындары иттеріне баса назар аудармайды. Ал, біздің жерлестер иттері өздеріне шаппаған соң, ешкімді қаппайды деп қараусыз қалдырады. Тамақтандыруды да ұмытып кетеді­. Осыдан кейін иттер көше кезбей­ қайтсін?! Біздер қанша жерден қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулағанымызбен де, тұрғындар тарапынан да көмек керек.­ Итіңіз бен мысықтарыңыз ауырып жүрген жағдайларын көрсеңіздер біздің бөлімшеге келіп немесе хабарлассаңыздар біздің арнайы топ итіңіз бен мысығыңызды мейлінше емдеуге тырысады,-дейді «Жаңақала аудандық ветеринариялық станция» МКК директоры М.Досмағамбетов.

Деректерге сүйенсек, аудан орталығының тұрғындары итке қабылудан алда тұр. Оның үстіне Жаңақала ауылында айдың күні аманында итке таланған жандардың жағдайын естісең жағаңды ұстайсың. Жақында «А» есімді азаматшаны алпамсадай әрі азулы төбет (алабай) талап, ауыр дене жарақатын салған.  Кейін дәл осындай үлкен ит мектеп оқушысына да бас салған.

Дәніккен иттің азу тісі ақсиып, адамзатқа сілекейі шұбырып, жалма-жан жабыса салуы әлі күнге тыйылмай тұр. Әрине, мұндайда биліктің басына бар бәлені жабатынымыз  бар. Орынды-ақ, қоғам сенім артып отырған соң, сол сенімнің үдесінен шығу ләзім. Бірін ақтап, екіншісін даттайын деген ой да жоқ. Қашанда кінәрат екі жақтан болатынын да естен шығармаған абзал. Демек,­ таяқтың екінші ұшы тұрғын­дарға тиетіндей. Қазекеңнің қашанғы әдеті, асыл тұқымды болмаса, «кәнден» итті байлап, бағып  жарытпайды. Шәуіл­деп  көшені шулатқаны  бол­маса, бітірер түгі жоқ дейтіндер де табылады. Өзінің жауапкершілігіне алған иттерін қараусыз қалдыратын қожайындардың салғырттығынан осындай мәселенің шеті көрініп тұр. Жалпы, аудан орталығында тұрып «дәу» төбеттерді қолға ұстаудың, оларды асырап-бағудың қаншалықты қажеті бар? Ауылдан шалғай мал қыстақтарында ұстаса, бір сәрі. Ит ұстаған екен заңды да белден аттамай, қайта сақтаған жөн ғой. Қай нәрсенің де талап пен тәртібі бары анық. «Күшік өсіріп ит еттім, ол жазықсыз адамды қапты» дегізбей, асыраған итімізге абай болайық, ағайын. Бүгін басқаны қапқан ит, келесі күні өзіңді қаппасыңа кім кепіл?! Өйткені, «жеті қазынамыздың» бірі – ит десек те, ит иттігін жасайтынын білгеніміз абзал.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар