5.12.2017, 9:02
Қараулар: 554
Президент күніне тарту

Президент күніне тарту

Қараша айының  25-і күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ерлер  арасында волейболдан аудандық жарыс өтті. Жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы  аудандық  филиалының бірінші орынбасары Рухолла Саматов барша жарысқа жиналған жұртшылықты атаулы мерекемен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі. Көк байрағымыз жоғары көтеріліп, мемлекеттік әнұранымыз шырқалғаннан соң жарыс басталып кетті. Жарысқа қатысуға ниет білдірген 11 команда екі топқа бөлініп, бірі Жаңақала мектеп-гимназиясында,  ал екіншісі Жаңақала ЖОББМ-де сайысқа түсті.  Жанкүйерлерді көптеп жинаған  Жаңақала ЖОББМ-гі  тартысты ойында аудандық спорт мектебі командасы мен Жаңақала колледжі командасы үздік танылып, финалдық ойынға жолдама алса, Жаңақала мектеп-гимназиясында тірескен командалардан №3 ЖОББҚМ командасы мен Айдархан ауылының командасы финалға шықты. Көпті қызықтырған финалдық ойын өз дәрежесінде өтті. Үшінші орын үшін  тартыста айдархандық жігіттер Жаңақала колледжі командасын 2:0 есебімен ұтса, жарыс жеңімпазы атағын додаға салған шешуші ойында  аудандық спорт мектебі командасы  №3 ЖОББҚМ командасынан айлаларын асырып, жарыс жеңімпазы атанды. Жарыс қорытындысы бойынша Айдархан ауылының командасы ІІІ орынды,  №3 ЖОББҚМ командасы ІІ орынды місе тұтса,  аудандық спорт мектебі командасы  жарыс жеңімпазы атанды. Ал жарыстың «Үздік шабуылшы» бағамы колледж командасының ойыншысы А.Бижановқа, «Үздік ойыншы» бағамы  №3 ЖОББҚМ-нің ойыншысы Т.Хайрушевқа және «Үздік тосқауыл қоюшы»  бағамы аудандық спорт мектебі командасының ойыншысы Н.Сисенбаевқа бұйырды.   Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен үздік ойыншыларға  арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

      

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар