11.12.2017, 9:23
Қараулар: 99
Жас ақындар жыр оқыды жалындап

Жас ақындар жыр оқыды жалындап

6 желтоқсан күні  Рухани орталықта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Жайық Пресс» медиахолдингінің  Жаңақала филиалы ұйымдастыруымен  «Тал бесігім – туған жер» атты мектеп оқушылары арасында жыр мүшәйрасы өтті.

Доданың мақсаты – туған жер мәнін жас ақындар шығармашылығынан анықтау, патриоттық сарындағы шығармалар жазуын жолға қою. Туған жер ұғымының мағынасы мен мәнін жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттап, тілге, көркем әдебиетке, оның ішінде поэзияға деген құштарлығын арттырып, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету болды.

Байқау барысында аудандық «Жаңарған өңір» газетінің бас редакторы Өмірзақ Ақбасов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Теміров құттықтау сөз сөйлеп, жас ақындарға сәттілік тіледі. Мұнан соң кезек әнге берілді. Аудандық мәдени демалыс орталығының әншілері Қуанышбек Айдарбеков пен Мерей Жұмашев туған жер туралы ән шырқап, көрермендердің көңілін серпілтті.

«Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, жыр мүшәйрасына бойында таланты бар, өлең жазуға икемі, қабілеті бар, әдебиетті, поэзияны жанындай сүйетін дарынды балалар қатысты. Оқушылардың жас ерекшелігіне, сыныбына шектеу қойылған жоқ.. Сахна төріне алғаш рет шығып, өз балауса жырларын оқыған оқушылар да болды. Айта кетсек, аудан мектептері арасында №3 ЖОББҚМ мен Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушылары белсенділік танытты. Өкінішке орай, Е.Орақбаев, М.Мирманов, Пятимар, Қырқопа орта мектептерінен бірде-бір талапкер қатысып, төбе көрсетпеді.

Әдеби байқау екі кезең бойынша жүргізілді. Алғашқысы әр қатысушы шараның өзегі, тақырыпқа сай «Тал бесігім – туған жер» тақырыбын негізге алып, арнау жырларын оқып, алақандай жүректерінің аясында Алатаудай тілектерінің тебіреніп жатқандығын  жырларында-ғы жасампаз рухтарымен  дәлелдей білді.   Екінші, еркін тақырыпқа сай өз шығармашылығындағы кез келген өлеңді оқу сәті берілді.

Балғын ақындардың балауса жырларын сараптауға арналған байқауға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қаһарман Сағындықұлы, Жаңақала мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Борашева, республикалық «Ұлан» газетінің және «Ақжелкен» балалар журналының меншікті тілшісі Жанайдар Болатбекұлы, Жаңақала ауылдық округ әкімдігінің маманы, жас ақын Сыйлыхан Жұмасалық және «Жаңарған өңір» газетінің тілшісі Алтынбек Ермекқалиевтер төрелік етті.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бірінен бірі озған тұлпардай болған мектеп оқушылары арасындағы аламан бәйге де өз мәресіне жетті.

Байқау қорытындысы бойынша Абай атындағы ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы Амандық Жантілеуов, Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Ізбасар Бақытов, Жаңақала мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Айдидар Қазиханова жүлделі III орынды иеленді. Ал, Айдархан ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы Ақерке Ғұбашева мен С.Меңдешев атындағы ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы Нұртілеу Қадырқұлов II орынға лайықты деп танылды. Айдархан ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Айдос Садихов мүшәйра жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, белсенді қатысқан 5 өренге ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Қалған қатысушыларға да шағын естелік сыйлық берілді. Жүлдегерлер арнайы дипломдар және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Жыр додасын қорытындылаған әділқазылар жеңімпаз оқушыларды құттықтап, оқушы ақындардың болашағынан зор үміт күтетіндіктерін жеткізді.

Байқау соңында «Жаңарған өңір» газетінің бас редакторы Өмірзақ Ақбасов барлық жиналғандарға ақ алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар