11.12.2017, 9:34
Қараулар: 470
Көңілден шыққан кездесу

Көңілден шыққан кездесу

Рухани орталықта ақын, Қазақстан Журналистер одағы және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғалимен «Айтарым бар…» жобасы аясында кездесу кеші өтті. Шараны мектептен тыс жұмыс орталығының ұжымы ұйымдастырды. Кешке ақынның үзеңгілес достары, ұстаздар, оқушылар және  жыр сүйер қауым қатысты.

Шарада З.Жүсіпқалиұлының сөзіне жазылған «Ақжайық – ару мекенім» әні айтылып, зор құрметпен ортаға кеш иесі шақырылды.

Кездесуде Закария Сисенғали өлеңмен біте қайнасқан өмір жолы, туған жер һәм  өскен өңірі жайлы сыр шертіп, оқушыларға ой саларлықтай салиқалы әңгіме өрбітті.

«Сыйлай білу өзгелерді адамдық,

Сол қасиет жібереді адам қып.

Жалғыз ғана қалдыратын мәңгілік,

Аманатым, ұрпағыма адалдық»,-деп адалдықты ту еткен ақын, туған елінен табан аудармай, жерлестеріне жалынды жырын арнап, жас біткенге үлгі-өнеге көрсетіп келеді.

Қатепті қара нардай қара өлеңнің жүгін көтерген ақын жырларын шарада мектеп оқушылары мен балабақша өрендері жатқа оқыды. Сондай-ақ, ақиық ағаларына ойларында жүрген сауалдарын қойып, жайсаң жанның өмір жолымен кеңінен танысты. Жалпы, кездесуге келгендер өрнекті жырларға  сусындап, өлең құдіретінің қыр-сырына қанықты.

Ақынмен жылы жүздесуге арналған «Айтарым бар…» жобасы «Өлең өлкесінде», «Біз білмейтін…», «Сіз дайынсыз ба?», «Ойнайық та, ойлайық», «Қайым айтыс», «Қонақ кәде», «Тосынсый» секілді бөлімдерді қамтыды.

Кездесу соңында ақынның замандасы, аудандық «Жаңарған өңір» газетінің бас редакторы Өмірзақ Ақбасов сөз алып, жүрекжарды лебізін жеткізіп, кеш иесіне арнаған «О, Зәкар, жолдасым!» атты төл туындысын тебірене оқып берді. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева құттықтау сөз сөйледі. Артынша кеш иесі З.Сисенғали ізгілікке үндеген шараны ұйымдастырған ұжымға алғысын айтты. Бұдан соң мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Бекжанқызы сөз алды. Ол кешке келген қонақтарға ризашылық білдіріп, ақын Закария Жүсіпқалиұлына сый-сияпат  тапсырып, ілтипат көрсетті.

Кеш соңында ақын мектеп оқушыларына қолтаңбасын қалдырып, естелік суретке түсті.

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.