8.01.2018, 14:43
Қараулар: 92
«Биім менің — биік шың»

«Биім менің — биік шың»

26 желтоқсан күні аудандық мәдени демалыс орталығында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Гүлдәурен» үлгілі би ансамблінің 20 жылдығына орай «Биім менің – биік шың» атты шығармашылық есеп беру кеші өтті.  Халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен байқаулардың жүлдегері атанып жүрген би ұжымы аудан жұртшылығына бұрыннан таныс.

Аталмыш ансамбль жетекшісі Элеонора Валиева 1996 жылы Дәулеткерей атындағы өнер институтының хореография факультетін аяқтаған. 1998 жылы Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебіне жұмысқа орналасып, «Гүлдәурен» би ансамблін құрған.

2005 жылдан бастап аудандық мәдени демалыс орталығында балетмейстер боп жұмыс  жасап келеді. 2009 жылы Батыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Жарлығымен «Гүлдәурен» үлгілі би ансамблі болып бекітілді.

Ансамбл құрамында 70 биші  бар. Олар жас айырмашылығына байланысты 5 топта өнер көрсетеді.

Кеш «Гүлдәурен» үлгілі би ансамблінің құрылу тарихынан сыр шертетін және жеткен жетістігін баяндайтын әдемі бейнероликпен бастау алды.

Шара шымылдығы «Кербез қыз» деп аталған қазақ биімен ашылды. Содан кейін Жанар Шуйкина «Туған жер» әнін тарту етсе, Шындық Каримуллин «Сәйгүлік», Қайсар Құмаров пен Әсем Шайдоллина «Әке-ана», Жанболат Мұсағалиев пен Миргүл Асанова «Қазағым», Мерей Жұмашев «Не законченный роман», Талғат Бисенғалиев «Байқоңырдағы махаббат», Аида Тілекқабылова «Биле» әнін шырқаса, ал Темірлан Сырәлиев «Аққу» күйін орындады.

Ойы еркін, арманы ұшқыр Элеонора Ғайниетқызы ансамбль мүмкіндігін ұлттық бимен ғана шектеп қоймай, қоғам мен заман талабына, сұранысына сай түрлі ізденістерге баруды да жолға қойған. «Құстар», «Василек», «Шаттану», «Бөбектер шашуы», «Еркеназ», «Аққу аңызы» тақырыбындағы билер ансамбльдің мүмкіндігі мен кәсіби шеберлігін айқын көрсететін билер болды.

Өнерпаздардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнері ерекше әсер етеді.

Алғаш би өнеріне қадамдарын «Гүлдәурен» үлгілі би ансамблі арқылы басқан Ж.Талапова, Ғ.Дәулетқалиева, А.Какимова сынды түлектері кеште «Испан» биін билесе, Жангүлім Талапова мен балабақша тәрбиеленушілері орындаған «Аққу аңызы» композициясы көптің көңілінен шықты.

Кеш барысында шығармашылық кештің өтуіне демеушілк жасаған Алтын Кенжебаева, Рита Сүлейменова, Аманжол Ибрашев, Лағыл Мерғалиева, Гүлнар Мұхамбетжанова, Асылзада Оразаеваға  ансамбль өз ризашылықтарын жеткізді.

Кеш соңында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин  ансамбль ұжымы мен жетекшісі Элеонора Валиеваға шығармашылық табыс тілеп, ізгі тілегін арнаса, түлектері де ұстазға деген жылы лебіздерін білдіріп, сыйлықтарын табыстады.

Азды-көпті екі сағаттың көлемінде өткен сұлулық пен шеберлік қатар үйлескен тартымды шығармашылық кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.