15.01.2018, 15:09
Қараулар: 520
Мәжіліс депутаты Жаңақалада

Мәжіліс депутаты Жаңақалада

6 желтоқсан күні Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев келді. Жұмыс сапарымен келген мәжіліс депутаты алдымен Қызылоба ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарын аралап, шаруа қожалығы жетекшілеріне «Жайылым туралы» заң жобасын түсіндіріп, еліміздің ауыл шаруашылық саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы кеңес берді. Мұнан соң аудан орталығына ат басын бұрып, «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығындағы ем алушылар және ұжыммен жүздесіп, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Кейін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың қатысуымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын міндет-мақсаттарды талқылау жөніндегі актив жиыны өтті. Алқалы жиынды аудан әкімі Н.Қарағойшин ашып, жүргізді.

Басқосуға облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының басшысы Берік Есенғалиев, дербес бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, тағы басқалары қатысты.

Кездесуде Жексенбай Қартабайұлы жоғарыда аталған бағдарламаларға байланысты елімізде атқарылып жатырған іргелі жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, оны жүзеге асыру жайлы баяндады. Шағын қожалықтардың коо-перативтерге бірігуі ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ, ҚР «Жайылымдар туралы» заңындағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, кеңінен мағлұмат берді.

-Еліміздің әлемдегі 30 озық елдің қатарына енуі үшін ел болып, баянды бірлікте еңбек етуге тиіспіз. Еліміздің дамуына зор ықпал ететін ауыл шаруашылығын дамыту жолында белсене еңбек етуіміз керек. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, риза болып отырмын. Көкейлеріңізде жүрген сауалдарыңыз болса, жауап беріп, айтылған мәселелерді тиісті орындарға жеткізіп, мәселелердің шешілуіне атсалысамын,-деді халық қалаулысы Ж.Қартабайұлы.

Бұдан кейін аудандағы ауыз су мәселесі жөнінде аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, жаппай жекешелендіру, баға тұрақсыздығы төңірегінде зейнеткер Н.Мақанов, зейнетақы туралы Ш.Әбуғали, тағы басқа азаматтар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, ой бөлісті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ауданға келіп, ел жағдайымен танысып, тиімді кеңестер бергені үшін халық қалаулысы Жексенбай  Қартабайұлына аудан активі атынан алғыс айтып, елдің дамуына атсалылып жүрген депутаттық қызметіне  сәттілік тіледі.

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар