22.01.2018, 14:35
Қараулар: 81
Ауылға «Ақбұлақ» келді!

Ауылға «Ақбұлақ» келді!

Жаңақала ауданында да «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп, көпшілік қуанышқа кенелуде. Бағдарламаның шарапаты, әсіресе, шалғай ауылдар үшін мол. 12 қаңтар күні Бірлік ауылдық округінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тартылған таза су құбыры пайдалануға берілді.

Құрылысты былтырғы жылдың мамыр айында бастаған «ПМК-117» ЖШС-ның (басшысы Ольга Попова) құрылысшыларына дән риза болған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Осы округте «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жергілікті және республикалық бюджеттен 305 147 мың теңге бөлінген болатын. Аталмыш бағдарлама арқасында Бірлік ауылының 241 тұрғын үйіне ауыз су құбыры жеткізілді.

Бұл игі іске арналған салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин бірліктіктерді Жаңа жылмен шын жүректен құттықтап, әр үйге кіріп тұрған таза су құбыры игіліктеріңізге жарасын деген тілегін білдірді. Мұнан кейін «ПМК-117» ЖШС-ның директоры Ольга Попова, зейнеткер Жанғали Борашев, «Бірлік  мал зауыты» ЖШС-ның директоры Қанат Ешімов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін айтты. Сосын аудан әкімі Н.Қадырбайұлы «ПМК-117» ЖШС-ның директоры Ольга Поповаға алғысхат тапсырып, құрмет көрсетті.

Су құбырын пайдалануға беру рәсімінің лентасын ауыл тұрғыны, зейнеткер Жанғали Борашев пен аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин қиды.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша, «Ақбұлақ» бағдарламасы Жаңақала ауданында да халық қуанышына айналуда. Мұнан кейін шараға келген қонақтар ауыл тұрғыны Ораз Бекқалиевтің шаңырағына кіріп, құбырмен келіп тұрған  таза судың дәмін татып, игілікті іске куә болды.