22.01.2018, 14:42
Қараулар: 90
Жаңажолда жағымды жаңалық жетерлік

Жаңажолда жағымды жаңалық жетерлік

16 қаңтар күні аудан әкімі Н.Қарағойшиннің халық алдында қорытынды есеп беруі жиыны Жаңақазан ауылынан соң Жаңажол ауылдық округінде жалғасты. Мектептің акт залында өткен жиынға аудандық дербес бөлім мен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты. Бұнда да жиын алдында ауылдық округке қарасты мемлекеттік мекемелер көгілдір экран арқылы өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстарын презентациялап, аудан әкімінің алдында есеп берді. Одан соң жиын басталып, жиынды  ауыл әкімі А.Оразалиев ашты. Күн тәртібіне сәйкес ауылдық округте 2017 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндаған ауыл әкімі, одан әрі ауылдың негізгі күнкөріс көзі болып табылатын мал шаруашылығын өткен жылмен салыстыра отырып, жан-жақты баяндап шықты.  А.Оразалиевтің айтуынша 471 аулада түтінін тұтатып отқан 2009 тұрғыны бар ауылдың төрт түлігі түгел екен. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша Жаңажол ауылдық округінде 4337 бас мүйізді ірі қара, 10515 бас қой мен ешкі, 1304 бас жылқы және 65 бас түйе бар.  1 ЖШС, 2 кооператив, 34 шаруа қожалығы бар ауылда малдың қысқы азығы берілген жоспардан 9,9 центнерге артық орындалып, 100 пайызды көрсетіп отыр. Ал жаңажолдықтар соңғы жылдары ауыл малдарына қызыл бәле болып жабысқан бруцеллез ауруынан әлі толықтай айыға қоймаған екен. Өткен 2017 жылы аталмыш ауруға тексерістен өткен 5011 бас сиырдан 51 бас оң нәтиже берген болса, 16447 бас  қой мен ешкі тексерістен өтіп, оның  58-і бруцеллез ауруына оң нәтиже көрсеткен. Ауыл шаруашылығы саласын салыстырмалы түрде саралап шыққан ауыл әкімі, сонымен қоса жұмыспен қамту және әлеуметтік сала, білім саласы, мәдениет саласы және медицина салаларына да жеке-жеке тоқталып, атқарылған ауқымды істер туралы   баяндады.

Келесі кезекте мінберге көтерілген аудан әкімі өзінің баяндамасында, өткен жылғы ауданның ауыл шаруашылық, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, шағын және орта кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет және спорт, бюджет, қоғамдық қауіпсіздік салалары бойынша жеткен жетістіктері мен кеткен кемшіліктерге  жан-жақты тоқталып, осы салалар бойынша  ауданның  көрсеткіштерін слайд арқылы баяндап өтті.

Аудан әкімінің баяндамасына көз жүгіртер болсақ, аудан бюджеті 2017 жылы 4 млрд. 893 млн. 079,0 мың теңгені құраған болса, 2018 жылы 4 млрд. 934 млн. 871,0 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, ауданда 83 заңды, 1117 жеке тұлғалар шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Олар  2061 адамды жұмыспен қамтып отыр. 2017 жылы кәсіпкерлік субъектілері 4 млрд. 523,1 млн. теңгенің, өндірістік цехтары 91 млн. 043,0 мың теңгенің өнімін өндіріп, аудандық бюджетке 93 млн. 057 мың теңге салық төлемін түсірген.  Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы нәтижесінде аз қамтылған отбасылар саны азайып келеді.

Жаңажолдықтар үшін осы күнге дейін шешімін таппай келетін түйткілді мәселе, ол — ауыз су мәселесі. Осыған байланысты Н.Қарағойшин өз баяндамасындағы құрылыс саласына тоқталған кезде жаңажолдықтардың жүзіне қуаныш үйірілді. Себебі биылғы 2018 жылы құны 198 млн. теңге болатын  Жаңажол ауылына су құбырын тарту жұмыстары басталмақ. Сонымен қоса жоба құны 101,9 млн. теңгені құрайтын Сарыкөл елді мекеніне де су құбыры тартылмақ.  Сондай-ақ, Сарыкөл елді мекеніндегі әлеуметтік нысандарды газбен жабдықтауға және ауыл ішіндегі желінің құрылысына 129,0 млн. теңге қаралған. Жоғарыда айтып өткендей сход жиналысы мектеп қабырғасында өтті. Өйткені Жаңажолдағы жалғыз мәдениет үйінің төбесі опырылып түсіп, апатты жағдайда жабылып қалған болатын. Міне, биылғы жылы ауыл тұрғындарының бұл мәселесі де оң шешім таппақ. Осы мақсатта Жаңажол ауылына мәдениет үйін салу үшін 460 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жаз айларында басталмақ. Алла бұйырса жаңа мәдениет үйінің құрылысы  күз мезгілінде аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

— Қазіргі Жаңажол ауылы бұрын «Новый путь» деп аталып тұрған тұста Сухановтың аталмыш  колхозға сіңірген еңбегі мол. Оның ауылға деген ерен еңбегін  жас ұрпақтың  есінде қалдыру үшін Айдархан ЖОББМ-не Сухановтың атын беру керек. Бұл ұсыныс ауыл тұрғындары тарапынан қолдау тапса, біз бұл мақсатта жұмыстанатын боламыз,- деген аудан әкімі,  жаңажолдықтар үшін жағымды жаңалыққа толы баяндамасын «Киік атып, заң бұзушылық әрекеттерден аулақ болайық, ағайын!» деген ескертумен  қорытындылады.

Аудан әкімінің есебіне қаныққан халық өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Оның ішінде «Айдархан» ЖШС директоры С.Қайырбеков көкейінде жүрген сұрағын ортаға сала отырып, ауыл әкіміне деген ренішін де жасырған жоқ.   Ауыл тұрғыны Сағынғали аға тұрғындарға мал жаятын жердің тарлығын айтып, шабындыққа су шығару мәселесін көтерді.

— Ауылдың дүкендерінде азық-түлік бағасы қымбат. Осы орайда кәсіпкерлерге салық бағасын азайту арқылы бағаны реттеуге болмай ма?-деген С.Сұлтанова, ауыз су тасымалы уақтылы жеткізілсе деген ұсынысын да айтты. Сонымен қоса Б.Сариева балабақшаның тарлығын, зейнеткер Мақта апай дүкендердің санитарлық тазалығын мәселе қылып көтерді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, сол жерде  мекеме басшылары тиісті жауаптарын берді.