22.01.2018, 15:16
Қараулар: 353
Мерейлі марапат

Мерейлі марапат

Жақында «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығында салтанатты жиын өтті. Оған республикалық  «Ерекше тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есім Бектілеуов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Аманғалиұлы, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанболат Бақтыгереев, тағы басқалары қатысты. Жиында сөз алған «Ерекше тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есім Бектелеуов жұртшылықты Жаңа жылмен құттықтап, ұйым жұмысына тоқталды.

-Бұл ұйым республика халқынан қолдау тауып, ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды  мақсат   етті. Семей ядролық полигонында жарылысты тоқтатуға қол жеткізді. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларациясында ел аумағы ядролық аймақ деп жарияланып, 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойды,-дей келе Есім Бектілеуов жиналғандарға «Ерекше тәуекелді сарбаздар» бірлестігіндегі жеңілдіктер, өзгерістер мен қосымшалар хақында мәлімет берді.

«Ерекше тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысындағы филиалы 2006 жылы құрылған. Қазіргі таңда 500-ден астам мүшесі бар бірлестіктің Жаңақала ауданынан басқа 11 ауданда орталықтары ашылып, заңды түрде жұмыс жасап келеді. Ашылғаннан бері бірлестік мүшелеріне медициналық, мемлекеттік, тағы басқа көмектер көрсетуге ықпал еткен.

Сонымен қатар, оның айтуынша Ауған соғысына қатысқандар мен Чернобыль АЭС апатынан зардап шеккендерге және Семей полигонында әскери қызметтерін өтегендер пойызда, қалалық автобустарда, аудандарға қатынайтын автобустарда тегін жүруге құқылы. Бүгінгі таңда қарастырылып отырған бұл жеңілдіктер отбасы мүшелерінің барлығына келешекте қарастырылуы мүмкін. Сол себепті дәйекті құжаттар болуы шарт. Бұдан бөлек өзге де ақпараттарымен бөліскен Е.Бектілеуов жиын барысында «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының директоры Қоблан Рахметоллаұлын алғысхатпен марапаттады. Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов Қоблан Бекеновтің кеудесіне «Ерекше тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің арнайы төсбелгісін қадады.

Жиын соңында шалғай аудандардан келген ем алушылар сөз алып, ауданаралық сауықтыру орталығының ұжымына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар