29.01.2018, 15:19
Қараулар: 525
Жер дауы әлі де бар

Жер дауы әлі де бар

Аудан әкімінің есебі Мәстексай ауылдық округінде жалғасты. Мұнда да алдымен Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанованың жыл бойы атқарылған жұмыстарының есебі мен алдағы міндеттері тыңдалды.

Мәстексай – аудандағы іргелі округтердің бірі. Бір елді мекен, 41 қыстақты қамтитын округте екі мыңнан астам халық бар.

Бұл округтің де негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. Округтегі барлық шаруашылық нысандарында 6619 бас сиыр, 20516 бас қой мен ешкі, 2351 бас жылқы, 256 бас түйе малы қыстатылуда. Өткен жылмен салыстырғанда сиыр мен жылқы саны көбейіп, қой мен түйе саны аздап азайған.

Төрт түлік түрі де жыл ішінде малдәрігерлік аурудың алдын алу шараларынан өткен. Бруцеллез ауруына қарсы қаны арқылы зерттелген, олардың ішінен  2017 жылы 4  бас сиыр, 2 бас қой оң нәтиже беріп, жойылыпты. Бұл жұқпалы ауру түрі бұл округте айтарлықтай азаюы мал дәрігерлері мен мал иелерінің бірлескен жұмыстарының нәтижесі екені даусыз. Округтегі шаруа қожалықтары мал сапасын жақсарту мақсатында асыл тұқымды мал сатып алу ісін де жалғастырып келеді.

Өткен жыл ішінде округ тұрғындары 53541 мың теңге субсидия алуға қол жеткізген. 13 ауыл шаруашылық техникасын алған. Оның 4-і трактор екен.

Жеке аулалардағы мал санын көбейту, сапасын жақсарту мақсатында округте төрт  ауыл шаруашылық кооперативі құрылып, жұмыс істейтіні, ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламаларға қатысы да ауыл әкімінің есебінде толық қамтылды.

Сол сияқты өткен жыл ішінде округте 25 қылмыс тіркеліп, бәрі де ашылған. Қылмыс саны азаймай отырғаны болмаса, түгел ашылып, заңды шаралар алынғаны көңіл бірлегендей еді.

Әрине, жұмыс бар жерде кемшілік те болмай қалмайды. Ол – заңдылық. Округте қатты тұрмыстық қалдықтарды реттеуге бөлінген бюджет қаржысы дәлелді себептермен игерілмеген. Су тазарту қондырғысы жұмыс жасамай тұр.

Кеткен кемшіліктерді де бүкпеген ауыл әкімі алда тұрған міндеттерді де саралап айтып берді. Мұнан кейін сөз алған аудан әкімі Н.Қарағойшин өткен жылы республика жұртшылығы үшін маңызы ерекше Елбасының рухани жаңғыру мақаласына тоқталды. Аудан бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстарды талдап, жетістіктерді де, орын алған олқылықтарды да, алда тұрған ауқымды жұмыстарды да тайға басқан таңбадай етіп әңгімелеп берді.

Баяндама соңында ел Президентінің биылғы Жолдауына тоқталып, оның ерекше маңызын, одан туындаған міндеттерді жүзеге асыру жауапкершілігін жете сезінуді, ел болып ұйымшылдық көрсету керектігін тұрғындар назарына берді.

Ал жарыссөзге кезек тигенде тұрғындар көшеде  әлі де бұралқы иттер көбін, су құбырының орлары дұрыс көмілмей жатқанын, пошта тарату, кітапхана еденін жууды ақылы қоғамдық жұмыстағылар атқарып жүргенін, ол жұмыстарға тұрақты жұмысқа адам алуды, ауылдың сауын малына өріс тарлығын, әлі де қожалықтарға жер бөлуде заңсыздықтар барын мәселе етіп көтерді.

— Иә, жер мәселесі қиындау іс болып тұр. Үй салуға тиісті орындар «жер жоқ» деп жер бермейді. Ал, жер сататындар көп. Демек, олар жерді көбірек алып, артығын қымбатқа сатып, пайда тауып жүр. Осы іске дұрыс қарау керек,-деді зейнеткер М.Тілегенова.

Зейнеткер Ж.Төлеев ауылдастары атынан жыл ішінде атқарылған істерге оң баға беріп, су тапшылығы ауыл алаңы болған өзенге су түсіргені үшін аудан басшыларына ризашылық білдірді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Н.Қарағойшин түскен барлық сұрақтарға жауап бере отырып, елді бірлікке, ұйымшылдыққа шақырды, Жаңа жылдың табысты болуын тіледі.