6.02.2018, 9:41
Қараулар: 360
Биылғы жылдың да жүгі жеңіл емес

Биылғы жылдың да жүгі жеңіл емес

Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің аудан жұртшылығы алдындағы қорытынды есепті кездесуіне келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған басшыларға алдымен әр ауылдық округтегі экономикалық ахуал слайдтар арқылы қысқаша таныстырылды.

Ал есепті кездесу жиыны аудан әкімінің «Ауданның 2017 жылғы экономикалық-әлеуметтік даму барысы және алда тұрған міндеттері туралы» баяндамасымен басталды.

-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев осыдан ширек ғасыр бұрын, дүниежүзі қазақтарының І съезінде сөйлеген сөзінде «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шығамыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналады» деген болатын.

Міне, Елбасымыздың ақ тілегі қабыл болып, дархан даламыз да, сәулетті қаламыз да құлпырып, еліміз Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында әлемге танымал елге айналды.

Өздеріңіз куә болып отырғандарыңыздай, тәуелсіз еліміздің әр жылы жарқын жаңалық-тарға, толайым табыстарға толы.

Күні кеше Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде мемлекет басшысы Н.Назарбаев төраға ретінде мінбеге көтерілгенде көңілі толқып, жүрегі тебіренбеген жан болмас деп ойлаймын,- деп бастады есепті баяндамасын Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин. Мұнан кейін аудан басшысы есепті жыл ішінде атқарылған істерді слайдтар арқылы саралай әңгімеледі.

Ауданға 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін 4934871,0 мың теңге көлемінде салық пен түсімдер түссе, оның 4112378,0 мың теңгесін субвенциялар мен трансферттер құрайды. Түзетілген бюджеттің кіріс бөлігі 100,9 пайызға орындалып отыр.

Үстіміздегі жылдың бірінші  қаңтарында  түзетілген бюджеттің шығыстар бөлігі 4893079,0 мың теңгені құраса, игерілу пайызы 99,7 болды.

Күні бүгін аудан бойынша  82 заңды және 1108 жеке тұлғалар тіркеліп, оларда 2061 адам жұмыс жасайды.

Өткен жылы кәсіпкерлік субъектілері 4759,3 млн. теңгенің, өндірістік цехтары 92940,0 мың теңгенің өнімін өндіріп, аудандық бюджетке кәсіпкерлік саласынан 96 млн. теңге салық түсімі түсті.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту нәтижесінде аз қамтылған отбасылар саны азайып келеді.

Ауданның негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. 2018 жылдың бірінші қаңтарында мүйізді ірі қара 53229 басты, қой мен ешкі 168845 басты, жылқы малы 21269 басты, түйе саны 871 басты, құс 5523 басты құрап отыр. Өткен есепті жылмен салыстырғанда  төрт түлік саны түгел өсті. Соған орай мал шаруашылығының өнімдері де артып, ет өндіру 101,7 пайызға, сүт өндіру 101,5 пайызға орындалды.

Ауданда асыл тұқымды мал басын көбейту де жақсы жалғасын тауып келеді. Күні бүгін текті мал өсіретін 29 шаруашылық бар. Олар еділбай қойын, көшім жылқысын, қазақтың ақбас сиыры, герефорд, ангус, қырдың қызыл сиырын өсірумен айналысады.

Өткен 2017 жылы аудан тауар өндірушілері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал сатып алғаны, өнім сапасын арттыруға, төл алғаны үшін 407,7 млн. теңге субсидия алуға қол жеткізді.

Асыл тұқымды мал үлесін көбейту үшін өткен жылы Ресей Федерациясынан асыл тұқымды 747 бас ірі қара, 1384 бас қой, 9 бас жылқы малдарын сатып алды. Күні бүгін бірі 800 басқа, екіншісі 400 басқа арналған екі мал бордақылау алаңы жұмыс жасайды. Өткен жылы 1400 бас етке тапсырылса, қазіргі күндері 1600 бас бордақылануда.

Сол сияқты аудан бойынша құрамында 535 мүшесі бар 14 ауылдық өндірістік кооперативтері жұмыс жасауда. Олардың иелігінде 85 бас бұқа, 2995 бас аналық мал бар.

2017 жылы 416 млн. теңге несие алынса, 32 млн. теңге субсидия төленді.

Өткен жылы  аудан тауар өндірушілері  «ҚазАгроҚаржы»  АҚ арқылы лизингке, «Жаңақала-Несие» кредиттік серіктестігі арқылы және өз қаражаттарына 66 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Аталған инвестициялық салымдарды субсидиялау бағыты бойынша 39 шаруа қожалығына 100,2 млн. теңге субсидия төленді.

Былтырғы жылы 20,8 мың гектар көлтабандарға 72,9 млн. текше метр су шығарылып, 173,8 мың тонна мал азығы дайындалды.

Өткен жылы  облыс әкімі Алтай Сейдірұлы  ауданды аралаған кезде су реттегіш қақпалардың ескіргенін көріп, тиісті тапсырмалар берген болатын. Соның нәтижесінде Қызылоба ауылдық округінің  аумағында орналасқан Төртқұлақ, Қарасу лимандарына су жіберетін қақпаларды күрделі жөндеуге 4464 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, аталған жұмыстарға қажетті 63 млн. теңгенің  бюджеттік өтінімі  облыстық басқармаларға жолданды.

2018 жылдың бірінші қаңтарында аудан бойынша кедейлік деңгейінен төмен тұратын 24 жанұя, 113 адам тіркеліп отыр.

Аудан бойынша 234 отбасына 3840,0 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 236 адамға 14575,1 мың теңге қаржы төленді. 856 адамға 6803,3  мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді.

Аудан бойынша 462 жаңа жұмыс орны ашылып, 134 адам жұмыссыздар санатына енгізілді. Жұмыссыздық деңгейі 0,9 пайызды құрайды.

Бүгінгі таңда аудан  бойынша 127 отбасына 20,5 млн. теңге жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, қаңтар айында 2,5 млн. теңгесі төленді. Осылайша, білім, денсау-лық сақтау, мәдениет пен спорт саласына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталған аудан басшысы ағымдағы жылы жас мамандарды ауданға тарту мақсатында 30 жас маманға 4764,9 мың теңгенің көтерме ақысы, 25 маманға тұрғын үй алу үшін 78341,5 мың теңге несие берілгенін де жұртшылық назарына бере кетті.

Есепті баяндамада ауыз сумен қамту, елді мекендерге газ, су тарту, жол жөндеу, құрылыс салу жұмыстары, үстіміздегі жылдың міндеттері де толық қамтылды.

Мұнан кейін сөз кезегі пікір айтушыларға берілді.

-Жыл ішінде атқарылған жұмыстарға көңіліміз толып отыр. Жол салынды, таза ауыз суы мәселесін шешу мақсатында Құлшықтан құбыр тартылуда. Елді мекендерге газ, су тарту да қолға алынды. Мұның бәрі заманның жақсарғаны, елдің дамығаны, қала берді ел мәселесін шешуге облыс басшысының ықыласы, — деген еңбек ардагері Қабдығали Текебаев аудан орталығында қарқынды жүріп жатқан құрылыстарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтуды, сол аудандарға жол салуды, жас мамандарды баспанамен қамту үшін жалға берілетін үйлер санын көбейтуді ұсынды.

Аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.

-Елбасы тапсырмасына орай Қазақстанда жасал-ған табиғи өнімдерді арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жатырмыз, — деген «Муса» шаруа қожалығының жетекшісі Тілеген Мусин мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырғанын айта келе, үкімет қамқорлығына жауап ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай аудандық саз мектебін өз қаржысымен салып беру үшін жер алып, игілікті іс атқарғалы отырғанын мәлім етті.

Пятимар орта мектебінің ұстазы Гүлсім Аманғалиева ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасымен су келгеніне ауылдастары атынан алғыс айтып, тәрбие ісі жөнінде ой өрбітті.

Көпжасарлық ақсақал Аманжан Салауатов ауданда атқарылған жұмыстарға қанағаттанатынын айта келіп, ауыл мен аудан орталығы арасындағы кірме жол қиындығын айта-айта қартайғанын нали жеткізді.

Жалындай сөйлеген жастар ресурстық орталығының басшысы, жергілікті мәслихат депутаты Жақсылық Хайрелов өздері ұйытқы болып атқарылған оң істерін айта келіп, ауданға жаңа типтік үлгідегі спорт кешені салынса деген өтінішін жеткізді.

Жуалыой ауылынан келген мектеп директоры Қаныш Сәдір шалғай жатқан ауылға екі қабатты мектеп салып, газ жеткізгені үшін облыс басшысына ауылдастарының алғысын жеткізсе, қызылобалық шаруа Наурыз Бекмашев су реттегіш қақпаларды жөндеуге қолдау көрсеткен өңір басшысына ризашылығын білдіре отырып, ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасымен су жеткізілсе деген тілегін білдірді.

Сондай-ақ, сөйлеушілер арасында жергілікті басшыларға деген өкпе-назын айтушылар да болмай қалған жоқ. Мәстексайлық Аңсар Темірханұлы ата-анасынан айырылған жетімдер ретінде үй кезегіне 2011 жылы тіркелгенін, кезегі әлі алға жылжымай тұрғанын айтса, жеке кәсіпкер Талғат Қарасаев ауыл әкімдігі тарапынан кәсіпкерлігін дамытуға қолдау болмағанын ашына айтты.

Есепті кездесуде 11 тұрғын пікір білдірді. Жиынды Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов сөйлеп қорытындылады.

-Есеп беру мақсатымен кездесіп отырмыз. 2017 жылы көп іс атқарылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді  халқымыз. Қол жеткізген жетістігіміз бірлесе атқарған еңбегіміздің нәтижесі, — деген өңір басшысы Елбасының АҚШ-қа сапары, оның маңызына, биылғы Президент Жолдауы, оның 10 бағытынан туындаған міндеттер, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаланың тарихи маңызына тоқталып, облыста атқарылып жатқан жұмыстарды әңгімеледі.

-Ең өзекті мәселе – жол. Өткен жылы облыста 500 км. жол салу қолға алынып, 420 километрі салынды. Оның ішінде сіздің аудан жолы да бар.

Екінші негізгі мәселе —  таза ауыз сумен қамту, — деген облыс басшысы Құлшық жерасты суын тарту басталып, биыл құрылысы аяқталатынын әңгімеледі.

Облыс бойынша биыл 50 елді мекенге су тартылады екен. Оның ішінде Қызылоба ауылы да барынан хабардар етті.

Өңір басшысының сөзінен аудандағы барлық мәселелер назарында екені, олардың кезегімен шешілетіні аңғарылып, жұртшылықтың көңілі жайланып қалды.

Облыс әкімі А.Көлгінов сөз соңында қойылған барлық сұрақтарға көңіл көншітер жауап беріп, бірлігі айрандай ұйыған жаңақалалықтарға биылғы жылдың да сәтті болуын, толағай табыстарға жете берулерін тілеп, өңір басшысы ретінде халық мәселесін қашанда қолдап отыратынын,  ол  Елбасы тапсырмасы екенін жеткізді.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.