12.02.2018, 17:19
Қараулар: 394
Тоғызқұмалақшылардың жарқын жеңісі

Тоғызқұмалақшылардың жарқын жеңісі

26-28 қаңтар күндері Орал қаласында тоғызқұмалақтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысы тоғызқұмалақ федерациясының кубогі үшін облыстық турнир өткізілді. Дүбірлі додаға Ақжайық, Бөрлі, Тасқала, Зеленов, Теректі, Сырым, Жаңақала, Қазталов, Шыңғырлау аудандары және қала мектептерінен 170-тен астам спортшы қатысты.

Айта кетсек, бұл жарыста әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бақ сынады. Екі күнге созылған турнир өте тартысты, жоғары деңгейде өтті. Тоғызқұмалақтан талай байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген жаңақалалық өрендер толағай табысқа кенеліп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Атап айтсақ, 12 жасар ұлдар арасында  Нұрберген Түсіпқали күміс жүлдені олжаласа, осы жаста қыздар арасынан Әлия Төрегелдиева күміс жүлдені, Інжу Қайыржанова қола жүлдені иеленді. Ал, Аяжан Мағзомова 16 жасар қыздар арасында қанжығасын күміс жүлдемен толтырды.  Сондай-ақ, жарыстың қорытындысы бойынша Жаңақала ауданының командасы жалпы командалық есепте жүлделі  III орынға ие болды.

Сонымен қатар, 2017 жылы облыс намысын республикада абыроймен қорғап, жоғары жетістіктер көрсеткені үшін жаңақалалық І.Дидарқызы, А.Амангелдіқызы, А.Бауыржанқызы облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Серік Сүлейменнің алғыс хатымен марапатталды. Ал, оларды баптап-баулыған, тоғызқұмалақ әліппесін жіті үйреткен, белгілі жаттықтырушы Қайрат Шаутенов шәкірттерінің жоғары жетістіктерге жетіп, биіктен көрінгені үшін жылдың «Үздік жаттықтырушысы» атанды.

2017 жыл  жаңақалалық тоғызқұмалақшылар үшін табысты жыл болды. Жаңақала ауданының командасы тағы бір мәрте тоғызқұмалақтан «Ең үздік аудан» аталымын жеңіп алды.

-Биыл үшінші мәрте «Үздік аудан» аталымын иелендік. Бұл шәкірттерімнің жыл ішінде облыстық, республикалық жарыстарда жеткен жарқын жетістіктерінің арқасы. Алла қаласа бұданда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп,  ауданның абыройын асқақтата береміз деген ойдамыз. Шәкірттеріме үлкен үміт артамын. Оларға сенімім мол. Бізге әрқашан қамқорлық танытып, қаржылай қолдау көрсеткен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы бастаған аудан жұртшылығына алғысымыз шексіз,-дейді тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Қайрат Маратұлы.

Ақсұңқар СӘДІР.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.