12.02.2018, 17:33
Қараулар: 98
Жаңақала жұртшылығын не алаңдатады?

Жаңақала жұртшылығын не алаңдатады?

Елбасы тапсырмасына орай барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беруі билік пен халықты айтарлықтай жақындата түскенін өмір көрсетіп келеді.

Әкімдердің тұрғындармен жиі жүздесуі олардың ел жағдайын анығырақ білуге және халықтың ұсынған мәселесін  келесі есепті кезеңге дейін шешу үшін жұмыстануына ықпал етті. Оның игілігін ел көре бастады.

Заман жақсарған сайын адамдардың сұранысы да өсе беретіні заңды нәрсе. Жалпы 2000 жылдан бері ел экономикасының өсуіне байланысты халықтың әл-ауқаты да артты.

Десе де, әлемдегі экономикалық дағдарыс, теңгенің құнсыздануы тұрғындардың тұрмысына өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Осыған орай адамдарды алаңдататын жайлар да аз емес.

Бүгінгі таңда ауыл адамдарын қандай мәселелер көбірек толғандырады?

Журналист ретінде аудан әкімінің есепті кездесуле-ріне қатысып, ауыл адамдарының айтқандарын тыңдай жүріп, алаңдататын мәселелерді аңдағандай болдық. Жұртшылықты жабырқататын, негізінен, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер.

Талдап көрелік.

Біріншіден, халықты көбірек алаңдататын басты мәселе – азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттығы.

Иә, Елбасы әлеуметтік мәселені үнемі назарында ұстап, жыл сайынғы Жолдауында  басымдық беріп отырады. Десе де, жалақы мен зейнетақы сәл өссе, азық-түлік бағасы шарықтап өсіп кетеді. Мұның өзі тұрғындардың тұрмысын түзеуге үлкен бөгет болып отыр.

Екінші мәселе – қай отбасыны да қаржы тапшылығы қинайды. Артық қоры жоқ көп отбасы тапқанын тамағы мен киіміне жұмсап, қалт-құлт күн кешуден құтыла алмай келеді.

Аудан жағдайында үшінші мәселе – жұмыстың жоқтығы. Күні бүгін аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар саны – 167 адам. Бұл тек тіркелгендер, тіркелмей жүргендер қаншама?!

Ауылдық жердегі көптеген қызметтердің айлық ақысы да мардымсыз, 30-40 мың теңгеге дейін (тазалықшы, жүргізуші, т.б.) ғана. Бұл мардымсыз қаржыны місе тұтпаған жұмыссыз жаңақалалықтардың біразы шайлығы мол кәсіп іздеп Атырау, Ақтау, Ресей асып, тентіреп, маусымдық жұмыстарда жүр. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» дегендей, қаржыдан қиналыс көрмесе, жылы төсегінен безер ме еді?!

Төртінші қиындық – коммуналдық төлемдер аспандап тұр. Мысалға алалық, бір құбырдың ішіндегі табиғи газды тұтынатын Атырау облысының Индер ауданында бір текше метр газ бағасы 6 теңге, біздің ауданда 17,81 теңге, үш есе қымбат. Неге? Электр қуатының бағасы да елеусіздеу өсіп, қазір 10,46 теңгеге жетті. Бұларға су, жылу, телефон, интернетті тұтыну бағасын қоссаңыз, ай сайынғы коммуналдық төлемнің өзі-ақ қомақты қаржы құрайды.

Бесінші алаңдататын мәселе – баспана жайы. Тірлік болғасын табиғи өсім болады. Біреудің баласы үйленеді, біреудің қызы тұрмыс құрады. Олардан ұрпақ өрбиді. Яғни, тұрғын үйге табиғи қажеттілік туындайды. Ауылдық жерде жағдайы бар, шекесі шылқып отырғандар аз. Аз қамтылғандардың баспана салуға жағдайы көтермейді. Қазір бюджеттік үйлер тек жалға беріледі. Жалдау құны жеңіл емес, жекелерден пәтер жалдау құнымен деңгейлес. Бұл да «Өз үйім – өлең төсегім» болса дейтіндер үшін күрмеулі мәселе.

Алтыншы алаңдататын мәселе – денсаулық саласындағы қиындықтар.

Өткен 2017 жылы аудан бойынша 150 адам өмірден өтіп, 465 нәресте дүниеге келген. Табиғи өсім 315-ті құрайды. Әрине, бұл  – жақсы.

Десе де, аудандағы адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы  – 69,3 жас. Бұл көрсеткіш республикалық орташа өмір сүру ұзақтығынан төмен. Әсіресе, ауданда ер адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы аз, 60,8 жасты құрайды. (Әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы  –  78,7 жас).

Сол сияқты, көп ауру түрлерінің аурушаңдық көрсеткіші артып отыр. Мысалға, 2016 жылмен салыстырғанда обыр ауруының аурушаңдығы 17,8 пайызға, қан айналым жүйесінің аурушаңдығы 18,7 пайызға, жарақаттану мен уланудан аурушаңдық  3,9 пайызға, әйелдердің обыр алды омырау безі аурулары 32,7 пайызға көбейген.

Ал, күні бүгін аурулардың алдын алып, ауырғандарды емдейтін алты маман дәрігер жетіспейді.

Жаңақала жұртшылығын жабырқататын жетінші қиындық – ауылдық округ орталықтары мен елді мекендердің аудан орталығымен арадағы кірме жолдардың жайы.

Көптен жөндеу көрмеген жолдар күзгі, көктемгі лайсаңда жүруге келмей, халықтың орталыққа қатысын мұң жасайды.

Сегізінші қиындық – әлеуметтік аз қамтылғандардың жағдайы. Рас, аз қамтылғандар үкіметтің назарында.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев та әр жылғы Жолдауында оларды қолдау іс-шараларын үнемі ұсынып, нақты тапсырмалар беріп келеді. Соларды қолдау мақсатында «Өрлеу» бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Бұл жоба – аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек төлеумен қатар, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін  жұмыспен қамтуды, осы көмектер арқылы олардың жағдайын түзеп, аз қамтылғандар қатарынан шығаруды мақсат етті.

Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмектің мақсаты да осы.

Бұл көмекке аудан бойынша 172 отбасы құжат тапсырған екен. Оның 22-сінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын әр адамға шаққанда 11 174 теңгеден  асып кетуіне байланысты көмек алуға ілікпеді.

Қалған 150 отбасының 130-ы шартты, 20-сы шартсыз көмек алатын болды. Құптарлық іс делік. Осы арада бір ескеретін жай бар. Ол – көшіп келіп, баспана жоқтығынан ағайынның үйіне тіркеуге тұрған аз қамтылғандар жайы. Олар жаңа нысандағы әлеуметтік көмек алушылар қатарына ілікпейді. Өйткені, бір үйде болғасын сол тіркелген үй отбасының табысы оның жалпы табысына қосылып есептеледі де, көмек алу мөлшерінен асып кетеді. Сөйтіп, олар «былай жүрсе арба сынып, былай жүрсе өгізі өліп», қиындық құрсауында қала береді. Сондықтан мұндай аз қамтылғандарға көмек берудің басқа жолы қарастырылғаны жөн.

Аудан тұрғындарын тоғызыншы алаңдататын жай – ұрпағының теріс діни ағымдар торына шырмалмауы.

Бүгінгі таңдағы Жаңақала жұртшылығын алаңдатып отырған негізгі мәселелер осылар. Мұны аудан басшылары да ұғынып, қолдан келер шараларын алуда. Кейбір мәселе жоғарыдан болар, қолдауға тәуелді екенін де білеміз. «Москва бір күнде салынған жоқ», бұл әлеуметтік мәселелер де түбі түзелер. Дегенмен, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, демографиясы өседі. Сол арқылы халық саны артып, керегеміз кеңи түседі, елдің әлеуеті артады. Сондықтан, көптің көкейіндегі мазаны атап бердік, тезірек шешілуіне бір септігі болса, мақсатымыздың орындалғаны.