19.02.2018, 16:35
Қараулар: 416
Ашық әңгіме өрбіді

Ашық әңгіме өрбіді

Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин аудан орталығындағы жеке кәсіпкерлерді жинап, арнайы кездесу өткізді.

Бұл күндері «Өзі би, өзі қожаға» айналған кәсіпкерлермен сынасу емес, сырласу, ашық пікір алысу түрінде өткенін кездесуге түрткі болған жай    бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі еді.

«Туған жерге тағзым» кіші бағдарламасы аясында өткен кездесуде «Мен елім үшін не істедім?» деген сауапты сұраққа жауап ізделгендей де болды. Өйткені осы сұрақ санамызға әлі толық ене қойған жоқ. Екінші сөзбен айтқанда, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ауданымызда әлі де төмендеу екені ақиқат-ты.

Күні бүгін аудан бойынша 1190 кәсіпкерлік субъекті тіркелген болса, оның 530-ы (оның 28-і шаруа қожалықтары) Жаңақала ауылдық округінде. Ал, аудан әкімімен кездесуге көптен жұмыс жасайтын, жұмысы жанданып кетті, өзгеге көмектесе алады деген 40-қа жуығы ғана іріктеліп шақырылды. Өкінішке орай, келгені 12 ғана болды. Кездесуге арнайы шақырылған кәсіп иелерінен гөрі мекеме басшыларының қарасы екі есе молырақ еді. Осының өзі кәсіпкерлер санасының бүгінгі деңгейін де аңдатты десек, артық  айтқандық болмас.

Бұлай күйінуіміздің себебі – жақында, дәлірек айтқанда аудан әкімінің қорытынды есебінен кейін аудан басшысының қабылдауына арнайы келген бір көзі ашық зейнеткер:

-Сіз есебіңізде кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын айттыңыз. 2017 жылы аудан бойынша 627 млн. теңге салық  түсімі түскен екен. Соның тек 96 млн. теңгесі, яғни 15 пайызы  ғана кәсіпкерлік саладан түскен.

Бұл көрсеткіш кәсіпкерліктің дамығанын көрсете ме?-деп сұрапты. Сұрақ өте орынды, бұған  әкім не деуі керек?

Жылына түскен 96 млн. теңгені 1190 кәсіпкерлік субъекті санына бөлсек 80672 теңгеден ғана келеді екен. Айына шақсақ 6722 теңге.

Жоқ, аудан басшысы бұл көрсеткіштерді көлденең тартып келген кәсіпкерлерді кінәлаған жоқ.

Мәдениеттіліктен жаңылмай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, одан  туындайтын міндеттерді қысқа да нұсқа әңгімеледі.

Мұнан кейін мамандар сөз алып, аудан құрылысының бас жоспарын таныстырып, қай жерге қандай кәсіпкерлік нысандар салуға болатынын қаперге берді.

Күні бүгін аудан орталығында 108 бос жер телімі барын, инженерлік инфрақұрылымы шешілсе, сұрағандарға берілетіні айтылды.

Биылғы жылы аудандағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге 466 млн. теңге несие берілетіні де сөз болды. Оның 40 пайызы «Жаңақала-Несие» кредиттік ЖШС арқылы берілетіні, ондағы жеңілдіктер түсіндірілді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров өз кезегінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жаңа нысандағы әлеуметтік көмек туралы түсінік берді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Теміров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауданда жобаланған жұмыстар туралы тоқталып, кәсіпкерлерді осы жобаларға атсалысуға шақырды.

Алдағы «Алғыс айту» күнінде өтетін қайырымдылық акцияларынан шет қалмауды сұрады. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Шаһидолла Әбуғали да әркімнің туған жеріне перзенттік парызы туралы келелі әңгіме өрбітті.

Мұнан кейін кездесу сұрақ-жауап түріне ауысып, кәсіпкерлермен риясыз ашық әңгіме болды.

Кездесуді аудан басшысы қорытындылап, осындай түсіністік, бірлік пен ұйымшылдық болса ғана ісімізде береке болып, туған жерімізді түлете алатынымызды ұқтырды.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.