19.02.2018, 16:40
Қараулар: 431
Ән әуелеген кеш

Ән әуелеген кеш

Сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының терең бір арнасы – ән өнері. 1960-1980 жылдары шыққан әндердің қазіргі таңға дейін ел арасында кеңінен насихатталып, шырқалып келе жатырғаны анық. Соның бір айғағындай, 8 ақпан күні аудандық мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Сағындырған әндер-ай!..» атты ретро ән кеші өтті.

Кеш барысында «Тақиялы періште» композициясын республикалық, халықаралық би байқауларының лауреаттары «Гүлдәурен» үлгілі би ансамблі мен «Нұрбибі» би ансамблі орындап, кеш шымылдығын ашты.

Бұл ән кешінде  махаббатқа толы шуақты әндер мен әуен сазы санамызға сіңіп қалған қуатты әндер шырқалып, ұлы жүректің жан әлемін толқытқан, жігеріңді қайрайтын рухты әндер орындалды. Қап түбінде қалып қойған қазынадай көптен бері шырқалмаған асыл әндер Жаңақала аспанында қалықтады.  Сондай-ақ, қазақтың байтақ даласын әнге қосқан ақын-композиторлардың әндері мен қазаққа ғажайып өнер сыйлаған біртуар тұлғалардың әдемі әуендері аудан өнерпаздарының орындауында көрермендерге тарту етілді.

Рухани ән кешінде XX ғасырдың басында дүние есігін ашып, халқымыздың руханиятына, өнері мен әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, есімдері ел өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылған өнер тарландарын сағынышпен еске алып, қайталанбас тұлғалардың әндерін әнсүйер қауым караоке арқылы орындады. «Сағындырған әндер-ай!..» ретро ән кешінің бір ерекшелігі —  ескі әндерді ардагер және орта буынмен қатар  жас әрі танылмаған таланттар дуэт боп шырқап, халықтың қошеметіне бөленді.

1982 жылы белгілі сазгер Әсет Бейсеуов, Нұрғали Нүсіпжанов қатысқан   аудандық партия конференциясында Жаңақала ауданының гимні  болып тапсырылған, ақын Закария Сисенғалидің сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтің «Жаңақала — гүл қала» әні аудандық мәдени демалыс орталығы әншілерінің орындауында көрермендерге  қайта жол тартты. Бұл әнді ыстық ықыласпен тыңдаған жаңақалалықтар орындарынан көтеріліп, бірге қосыла шырқады.

Заман өтеді, адам қартаяды. Алайда ән ешқашан қартаймайтынына   «Сағындырған әндер-ай!..» ретро ән кеші дәлел болғандай.

 

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.