26.02.2018, 17:05
Қараулар: 90
Жас кәсіпкер білім ордасына домбыра сыйлады

Жас кәсіпкер білім ордасына домбыра сыйлады

19 ақпан күні Жаңақала мектеп-гимназиясында аудандық мәдени демалыс орталығы және орталық кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Туған жер – туған ел» және «Мәдени даму» базалық бағыттары аясында «Домбыра — дастан» атты танымдық кеш өтті.
Шараның басты мақсаты  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық санамызды жаңғыртып, төл өнерді дәріптеу. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың ұлттық аспабымыз домбыраға деген қызығушылықтарын ояту еді.

Шараға Жаңақала мектеп-гимназиясының ұстаздары, оқушылары, Қали Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің оқушылары, мәдениет қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Салтанат Тұрарбекқызы тыңдаушысын тәнті еткен дәулескер домбырашылар өмірін дәріптеген кітап көрмесіне шолу жасады. Мұнан кейін Қали Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің оқытушысы, жоғары санатты ұстаз Гүлбар Шуақбаева халқымыздың төл аспабы домбыраның шығу тарихын кеңінен әңгімелеп, ішкі құрылысын һәм түрлерімен таныстырды. Содан соң үйірме оқушылары сандық жүйеде үйретілген күйлерді орындаса, Қали Жантілеуов атындағы балалар саз мектебі мен Жаңақала мектеп-гимназиясы домбыра үйірмесінің оқушылары бірлесіп Құрманғазының «Балбырауын» күйін ойнап берді.
Шарада жас кәсіпкер, «Қайырлы» шаруа қожалығының басшысы Жұмасейт Мағжан Қайырлыұлы кең пейіл қазаққа тән мәрттік танытып, білім ордасына су жаңа үкілі домбыраны сыйға тартты. Өз кезегінде Жаңақала мектеп-гимназиясының директоры Лариса Тұрарқызы жас кәсіпкерге ризашылық білдірді.

Ал, мұндай игі бастаманы аудандағы іскер азаматтар әрі қарай жалғастырса, қолға алып, қолдау білдірсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

Рухани жаңғыру

Басқа да мақалалар