26.02.2018, 17:09
Қараулар: 481
Семинар жүктеген міндет мол

Семинар жүктеген міндет мол

14 ақпан күні Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Оқу-тәрбие үдерісінде «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асырудың жолдары» тақырыбында семинар-практикум өтті. Семинарға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қ.Теміров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Қадыров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Нұрғалиқызы және мектеп мұғалімдері қатысты.

Семинардың мақсаты  — «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сипаттау және сананы сілкіндіретін ұлттық құндылықтарды жаңғырту, тәжірибе алмасу.

Жиында алғысөз сөйлеген аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Елдосұлы семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Баубекұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына кеңінен тоқталып, мәні мен мазмұнын сөз етіп, одан туындаған міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ, жоспарлы шаралардың бәрін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында деп жалаулата бермей, іс-шараларды бағдарламаның нақты бағыттары мен жүйелі жобаларына сай өткізу керектігін тілге тиек етті. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Нұрғалиқызы ұлттық ойын түрлерін дамыту, латын әліпбиіне көшу туралы әңгіме өрбітті. Келесі кезекте баяндамашыларға кезек берілді. Алғашқы болып Х.Нұрымғалиев атындағы ЖОББМ-нің тарих пәні мұғалімі А.Төлеуғалиевтің «Өлкетану – рухани жаңғырудың бастауы» атты баяндамасы тыңдалды. Сосын Айдархан ЖОББМ-нің география пәнінің мұғалімі «Жаңақаланың киелі жерлері», Жаңақала ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Сапарова «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыптарында баяндама жасады.

Семинар одан әрі ашық сабақтар мен тәжірибе алмасу бөліміне жалғасты. Жаңақала ЖОББМ-нің тарих пәнінің мұғалімі С.Әлиев «Жаңақала ауданында жүргізілген археологиялық зерттеулер», география пәнінің мұғалімі М.Зияғалиева «Туған жер бедері», жаратылыстану пәнінің мұғалімі Г.Нұрланова «Ұлттық ойындар – рухани құндылығымыз» тақырыптарында ашық сабақтар өткізді. Сонымен қатар, Жаңақала мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұ.Сүндетқалиева «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын мектепте іске асыру жөніндегі кеңестерімен бөлісті.

Семинар барысында әр мектептің өздері дайындап әкелген қолөнер бұйымдары мен көне жәдігерлері ұстаздар қауымының назарын бірден аударды. Айта кетсек, №3 қазақ орта мектебі, Ә.Жангелдин, С.Меңдешев, Абай атындағы орта мектептері ұлттық қолөнер көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырған.

Семинарды аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Б.Тілеубаева қорытындылап, қатысушыларға сертификаттар табыс етті.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.