26.02.2018, 17:16
Қараулар: 381
Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет

Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет

Кеңес әскерінің Ауғанстан  жерінен шығарылғанына биыл 29 жыл толып отыр. Осыған орай Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин аудандағы Ауған соғысы ардагерлерін арнайы қабылдады.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған шараға аталған ардагерлердің алтауы мен бүгінге дейін бақилық болған үш ардагердің жесірі қатысты.

Аудан басшысы Наурызбай Қадырбайұлы ардагерлерге өзінің және халықтың атынан ризашылығын білдірді.

-Бұл соғыс жайлы шындық талай жылдар бойы тұмшаланып келді. Тек, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шындықтың беті ашылды. Осындай ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміздің 12-сі аман-сау келгенімен, қазір арамызда 6 азамат қана отыр. Қатарларыңыз азаймасын,-деп ардагерлерді еркін әңгімеге шақырды.

Әрі қарай ардагерлерді құттықтап келген қоғамдық ұйым өкілдері жылы лебіздерін білдірді.

Сонан соң, Ауған соғысы ардагерлерін құрметтеу рәсімі өтті. Аудан әкімі ардагерлерге ауыл тұрғындары атынан алғыс хат пен Ә.Нұрғалиевтің «Дара тұлға» кітабын ұсынып, қаржылай қолдау көрсетті. Сондай-ақ, өмірден өткен ардагерлердің жұбайларына сыйлықтар табыстады.

Осы шараға арнайы дайындалған музыкалық сәлемдемемен кеш әрлене түсіп, еркін әңгімеге ұласты. Ардагерлер өздерінің естеліктерімен бөлісіп, көңілдері біраз толқыды.

-Соғыс адамның нағыз сыналатын шағы екені шүбәсіз. Көзім жеткені — қазақтар нағыз намысшыл, жолдасын жолға тастамайтын ер мінез халық екенбіз. Табандылықпен, соңғы демі қалғанша, асқан ерлікпен күресті, — деп қандастарына ризашылығын білдірген ардагер С.Тілешов қалай әскер қатарына алынғанын, жасалған ұрыс операциялары мен қызықты сәттерін есіне алды.

Кешімізді аудан әкімі Н.Қарағойшин:

-Соғыс болмасын, еліміз қиындықты, қанды қырғынды көрмесін. Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, бастарыңызға амандық тілеймін,-деп қорытындылады.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.