27.02.2018, 16:44
Қараулар: 352
«Басты міндет – адам өмірін сақтау»

«Басты міндет – адам өмірін сақтау»

Әдетте өрт сөндіру техникасының құлаққа жағымсыз дабылы денеңді мұздатып, ойыңды сан-саққа жүгіртеді. Сол мезетте өрт дер уақытында ауыздықталып, адам баласы ажал құшпаса екен деген тілек көкейіңде тұратыны да жасырын емес. Бұл көріністі сырттан бақылап тұрған кез келген адам үшін өрт сөндірушілердің жұмысы қауырт, қатерге толы болып көрінетіні де анық. Қалай десек те ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Бұл бағытта аудандағы өрт оқиғаларының жай-күйін, аталмыш бөлімнің тыныс-тіршілігін білу мақсатында №14 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Қанат Мақсотовпен сұхбаттасқан едік.

-Ассалаумағалайкүм, Қанат аға! Өткен жылы ауданымызда қанша өрт оқиғасы болды? Өрт неден тұтанады? Оның себептері анықталды ма?

— Атам қазақ өртті «тілсіз жауға» бекерден-бекер теңемеген. Қызыл жалын тосыннан тұтанады. Өрт көбінесе адамдардың бейқамдығынан, ұқыпсыздығынан шығып жатады. Өрт қауіпсіздігін қатал сақтауға қанша шақырсақ та, жұртшылықтың оған мән бере бермейтіні өкінішті. Мұның соңы кейде қайғылы оқиғаға әкеліп соғады.

2017 жылы 14 өрт оқиғасы орын алса, оның 13-і біздің тарапымыздан өшірілді. Ал, 1-еуін елді мекен тұрғындары ауыздықтап алды. Сондай-ақ, 27 далалық жану оқиғасы болды. Аудан аумағында 5 авариялық құтқару жұмыстары жүргізілді.

Жүргізілген талдауға сәйкес өрт туындауының негізгі себептері отты дұрыс қолданбағандықтан, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан екен. Сондықтан, мамандар өрт қауіпсіздігін сақтап, пешті, электрге қосылған барлық заттарды қадағалап, дер кезінде өшіріп отыруды және кішкентай балаларды мүмкіндігінше қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Әрине, апат айтып келмейді. Дегенмен де, «Сақтанғанды құдай да сақтайды».

– Өрт сөндіруге әбден маман­дан­ған жандардың қандай қа­сие­тін айрықша атар едіңіз?

– Бөлімде 14 қызметкер бар. Олардың алды 15 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Нағыз өрт сөндіруші өрт оқиғасы болған жағдайда ең алдымен қобалжымай, қорықпай, батылдық танытып, отты сөндіре білуі шарт. Сонымен қатар, өрт ішінде арпалысқанда тез шешім қабылдай білуі қажет. Ең басты міндет  адам өмірін сақтауы керек.

– «Тілсіз жаудың» қай жерден бастап тұтанғанын қалай білесіздер?

— Өрт басталған жер ағарып не­ме­се сұрғылт тартып тұрады. Бұны желдің бағытынан байқай аламыз.

– Өрт сөндірушілерге қандай мінез тән?

– Қызыл жалынды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жү­ректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн.

– «Тілсіз жаумен» арпалысқан уақытта қандай сезімде боласыз?

– Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар аңсар-назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Басқа әлемді мүлдем ұмытамыз.

– Жүрексінетін кездеріңіз болды ма?

– Оттан қорықсам, өрт сөндіруші болмас едім…

– Өрт сөндіру барысында қандай кедергілерге кездесесіздер?

– Кедергілер жоқ емес. Әсіресе, тұрғын үй өртенген жағдайда иесі тарапынан көп кедергілерге ұшыраймыз. Сондай-ақ көшеден өтіп бара жатқан адамдардың  жиналып алып фотоға, видеоға түсірулері де қазаққа жат қылық. Бұрын адамдар бір-біріне болсын деп тұратын еді. Қазір басқаша, бәрі саған ақыл үйретеді.

– Өрт сөндірушілердің уақы­тынан кешігетіні, машиналардың дайын болмай, қайта-қайта су тол­тыруға кететіні кейде сынға ұшырап жатады…

– Мұндай жағдай біздің тарапымыздан болған жоқ. Өрт оқиғасы орын алған жағдайда кейбір тұрғындар біздің бөлімге шұғыл хабарлауды білмейді. Ал, мекемелердегі күзетшілерден «Өрт болған кезде қай нөмірге звондайсыз?» деп әдейі сұрасам, өрт сөндіру бөлімінің нөмірін нақты білмейді.

–Техникаларыңыз жеткілікті ме?

–Техникаларымыз жеткілікті. Ол жағынан өкпе жоқ. Әлі де жаңартамыз. Бұл жағы шешіліп тұрған мәселе.

–Жастар өрт сөндіруші болу үшін қайда баруы керек?

–Көкшетау қаласында арнайы оқу орны бар. Ол жерден жоғары білім алып шығады және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Ақжарма әңгімеңізге көп-көп рақмет! Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл «өрт болмасын» деген сөз екен. Лайым солай болсын!