5.03.2018, 18:25
Қараулар: 96
Ақбөкендерді қорғау — баршаға парыз

Ақбөкендерді қорғау — баршаға парыз

Жуырда  ауданымызда ауқымды мәселеге айналып отырған даланың киелі жануарын, яғни киіктерді қорғау, оларды заңсыз аулауға қарсы күресті күшейту және осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде жиын өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Асқар Мұқамбетжановтың төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау органдары, аудандық прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени сала, ішкі істер бөлімі, басқа да салалардың қызметкерлерімен қатар, аудандық сот төрағасы С.Есжанов, «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК-ның ерекше қорғалатын табиғи аумақ, жануарлар дүниесінің мониторингі бөлімінің басшысы Н.Бекманов, осы кәсіпорынның ғылыми қызметкері Б.Ташенов, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы С.Мәженов, Орал аумақтық филиалы басшысының орынбасары Т.Тавасаров, аталмыш филиал инспекторы Б.Қамидуллин қатысты.
Күн тәртібіне сай алғашқы болып сөз алған Б.Ташенов киіктердің популяциясы, олардың тіршілік ету аймағы мен қоныс аудару жолдарын слайд арқылы презентациялап, киік аулап ұсталған броконерлер туралы бейнеролик көрсетті. Ал аудандық сот төрағасы С.Есжанов аудан активіне заңсыз киік аулау немесе оны заңсыз тасымалдау кезінде қылмыскер жауапқа тартылатын заң тармақтарын түсіндірді. Жиынға қатынасушылар көкейлеріндегі сауалдарын ортаға салып, мамандар тарапынан тұшымды жауап алды. Жиынды қорытындылаған «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК-ның ерекше қорғалатын табиғи аумақ, жануарлар дүниесінің мониторингі бөлімінің басшысы Н.Бекманов ата бабамыз мұра қылып қалдырған киелі жануарларды қорғау барша жұртшылыққа ортақ парыз екенін айтты.