6.03.2018, 18:32
Қараулар: 371
Батырлар жыры – ұлт руханиятының өзегі

Батырлар жыры – ұлт руханиятының өзегі

Рухани орталықта Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында тұңғыш рет аудандық «Батырлар жыры» байқауы өтті. Байқауды аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы ұйымдастырды.

Байқауға оқыту тіліне қарамастан жалпы білім беретін ұйымдардың 5-7 сыныптарының оқушылары 3 бөлім бойынша қатысты. Байқау қазақ халқының батырлар жырын жатқа айту, сурет салу, тест сұрақтары бойынша өтті.

Байқаудың басты  мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар аза­мат тәрбиелеу, өскелең ұрпақ­ты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып,­ отансүйгiш етiп өсiру. Сондай-ақ, батыр­лар жырын жаттап өскен бала­ның жат елдердiң идеологиясына бой алдырмайтынын ата-аналарға ұғындыру еді.

Байқау барысында аудандық мәслихат хатшысы, ақын Закария Сисенғали алғысөз сөйлеп, байқаудың тәрбиелік мәніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен, сайыстың «Жақсылар, дастан айтайын…» атты бөлімінде қатысушылар «Қобыланды батыр» немесе «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтты. Бұл бөлімде Пятимар орта мектебінің 6-сынып оқушысы Мәдина Ниматуллина бас жүлдені жеңіп алса, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Айшат Ермекқалиева I орынды иеленді. Ал, II орынға Карманов орта мектебінің 6-сынып оқушысы Эльгиза Қайратова мен С.Меңдешев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Аманжан Наушабатырұлы, III орынға Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы М.Нәсіпқалиев  ие болды.

Келесі «Батыр келбеті»  бағамында оқушылар жырдың сюжетіне байланысты тақырыптық сурет салып, мән-мазмұнын түсіндірді. Мұнда бас жүлдені Пятимар орта мектебінің 7-сынып оқушысы Жанайдар Жасқайратов иеленсе, I орынға №3 қазақ орта мектебінің 7-сынып оқушысы Диана Балбаева, II орынға М.Жүнісов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Маден Ораз, С.Меңдешев атындағы орта мектептің оқушысы Ағжан Айғалиева, III орынға Жаңақала мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Айдос Сүндетов, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Инабат Медхатов, М.Мирманов атындағы орта мектептің оқушысы Айнара Нәсіпқалиевалар лайықты деп танылды.

Байқаудың «Рухани азық аламын» бөлімінде қатысушылар мектеп бағдарламасы бойынша қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде «Қобыланды батыр» және «Алпамыс батыр» жырынан әзірленген тест сұрақтарына жауап беру арқылы сайысқа түсті. Осы бөлімде өз білім-білігімен өзгелерден озық шыққан Жаңақала мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Ернар Максимов бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, Айдархан орта мектебінің оқушысы Айсезім Жұмағалиева I орын, Карманов орта мектебінің оқушысы Ерасыл Қабиев пен М.Мирманов атындағы орта мектептің оқушысы Дильназ Мәлік II орын, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Дильназ Құспанова, М.Жүнісов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы  Ақбота Қайырғали, Жаңақала орта мектебінің 5-сынып оқушысы Бекзат Еслямғалиев III орынды алғаны үшін марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен шағын естелік сыйлықтар берілсе, жетекшілеріне алғыс хаттар табыс етілді.

Әділқазылар алқасы үздік-терді анықтауға кеткен кезде Жаңақала ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақмарал Сапарқызы байқауды ұйымдастырушыларға үлкен алғысын білдіріп, бұл шараның берері көп, тәлімі мол екенін жеткізді. Сонымен қатар,  оқушыларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке  тәрбиелейтін аталмыш байқауды орта мектептерде де өткізсе деген ұсынысын айтты. Бұдан соң байқауға қатысушы А.Ермекқалиеваның әжесі Меңзипа Тілепова сөз алып, оқушылардың ой өрісін дамытатын, қиялын шыңдайтын, арманына қанат бітіретін «Батырлар жыры» байқауын өткізуге мұрындық болғандарға өз ризашылығын жаудырды. Байқау соңында байқаудың өту барысында түсірілген түрлі сәттерді бейнелеген фотолар жинақталған қызықты слайд көрсетілді.

Байқаудың соңында аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Сүлейменова:

-«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген тәмсілдің астарында ұлттың ұлы мұратын көздейтін үлкен мән жатыр. Олай болса, осындай игі жұмыстарды оқушылар арасында жиі өткізіп, ұрпақ тәрбиесін – ұлт тәрбиесі деп қарап, жарқын болашаққа айқын, мақсатты, нық қадам жасауға әрбіріміз жауапты болсақ, ұлтымыздың тұғыры биік, тәуелсіздігіміздің мәртебесі жоғары, қазағымыздың абыройы асқақ боларына сенімім мол,-дей келе көрермендерге, ұжымдастарына, қатысушы оқушыларға алғысын айтты.

 

Рухани жаңғыру

Басқа да мақалалар