12.03.2018, 15:08
Қараулар: 353
Құрылыс қарқыны қадағаланды

Құрылыс қарқыны қадағаланды

Наурыз айының  2-і күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен келіп, Жаңақала топтық су құбыры құрылысының қарқынын қадағалады. Өңір басшысы бастаған топ алдымен екінші су көтеру насостық станциясының құрылысы жүріп жатырған Жуалыой елді мекенінде болып, құрылысшылармен кездесті. Бұл жерде өңір басшысының алдында аталмыш құрылыстың  бас мердігері «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-нің басшысы В.Крылов атқарылып жатырған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы есеп берсе, аудан басшысы Н.Қарағойшин аудан бойынша 2018 жылы жүргізілетін құрылыс жұмыстарының жобасын таныстырды.  Ауданда жүріп жатырған және алдағы уақытта жүретін құрылыстардың мән-жайына қаныққан өңір басшысы, одан әрі атбасын Құлшық құмына бұрды. Бұл жерде Құлшық жер асты су қорының бұрғылау жұмыстарымен танысып, құрылысшылар мен бас мердігерге жұмыстарын қарқынды әрі сапалы атқаруды қатаң тапсырды.

Құлшық жер асты суын тарту бүгінгі таңда  Жаңақала ауданындағы ең маңызды да, ең үлкен құрылыстардың бірі. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС 2017 жылдың  қыркүйек айында бастаған құрылыс жұмыстарын   биылғы жылдың аяғына дейін толық аяқтап, іске қосуды көздеп отыр. Жобаның жалпы  құны 2,522 млрд. теңге болса, былтырғы жылы соның  550,0 млн. теңгесі республикалық  бюджеттен бөлінген болатын. Мердігер В.Крыловтың айтуынша ұзындығы 150,54 шақырым болатын су құбырының бүгінгі таңда 140 шақырымы жерге көміліп,  құбыр тарту жұмыстарының 90 пайызы бітіп тұр екен. Егер, Құлшық жер асты суы құрылысы ойдағыдай аяқталар болса,  онда аудан тұрғындарының 70 пайызы  (16 814 адам)  таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұл дегеніміз, көп жылдар бойы ауыз су тапшылығын  тартып келе жатырған аудан тұрғындары үшін зор қуаныш.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар