12.03.2018, 15:20
Қараулар: 98
Білім ордасына 55 жыл

Білім ордасына 55 жыл

Жаңақала колледжінің 55 жылдық мерейтойына арналған «Білім көшінде  55 жыл» атты салтанатты жиын өтті. Елбасымыздың Жарлығымен белгіленген «Алғыс айту» мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған елдің болашағының көркеюіне үлес қосып, іргесі бекіп, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған колледж кеші жоғары деңгейде атап өтілді. Кешке аудан әкімі Н.Қарағойшин, БҚО білім басқармасының бірінші орынбасары Н.Сабиров, мекеме басшылары мен ардагер ұстаздар, колледж тәлімгерлері мен студенттер қатынасты. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Н.Қадырбайұлына ұсынылды.

— Өздеріңіз куә болып отырғандарыңыздай Жаңақала колледжіне 55 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде оқу ордасы әртүрлі атауларға ие болғанымен, өңірімізде ауыл  шаруашылығы мамандарын дайындауда маңызы зор білім ұясы болып саналды. Осындай үлкен мерекелі күні барша шараға қатынасушыларды Жаңақала ауданы әкімдігі және мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы атынан Алғыс айту күнімен де құттықтауға рұқсат етіңіздер,-дей келе, колледж  іргесінің қаланып, осындай деңгейге жеткізген ардагерлерге шексіз ризашылығын білдірді. Колледжің 55 жылдығына орай аудан әкімдігі мен мәслихат депутаттары атынан марапаттау рәсімін өткізді. Мұнан кейін арнайы осы шараға келген БҚО білім басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Менешұлы сөз алып, колледждің болашағына толағай табыстар тілеп, алар асулары, білімді ұрпақтарының көбеюіне тілектестік білдіріп, облыстық білім басқармасының алғыс хаттарын табыстады.

Кеш барысында осы мекемеде бірнеше жыл талмай еңбек еткен ардагерлерге колледждің өткені мен бүгіні жайында  сұрақтар қойылып, ой-пікірлері тыңдалды.

Әрі қарай колледждің 55 жылдық тарихында ерен еңбектерімен өшпес із қалдырып, бүгінде арамызда жоқ ардагерлер бір минут үнсіздікпен еске алынып, олардың әруақтарына құрмет көрсетілді.

Кеш қорытындысында Жаңақала колледжінің директоры Серік Жүсіпбекұлы ардагерлер мен ұстаздар қауымына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар