19.03.2018, 15:24
Қараулар: 89
Жанға жылу сыйлаған мереке

Жанға жылу сыйлаған мереке

Сәрсенбінің ақ таңы қылаң бере далиған Жаңақала даласы да керемет күйге,  әсем кейіпке енді. Маңызы зор мереке жан біткенді қуанышқа, шаттыққа бөлегендей. Шаңырағы шайқалмай, түтіні түзу ұшқан әр үйдің қазан-ошағы оттан түспей, онда бауырсағы мен ет-сорпасы бұрқылдап қайнап, қас-қағым сәтте төңірек түгелдей мәре-сәре күй кешті. Бала-шағаның қуаныштары тіптен бөлек. Басқа өңірдегілерді білмедім, біздің елде еңбектеген баланың да, еңкейген кәрінің де асыға күтетін қастерлі мерекесі – көрісу айт. Себебі, бұл туысқандықтың, бауырмалдықтың, елдіктің, жалпы адами асыл қасиеттердің жалауы биікте желбірейтін күн.

14 наурыз батыс өңірлерінде — Көрісу айты. Күн мен түн теңелер әз-Наурыз мерекесіне тура бір апта қалғанда тойланатын амал мерекесі. Қыстан қысылып шыққан ағайын дәл осы күні жақындары, дос-жарандары, тамыр-таныстарын аралап, бір-бірімен төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасады. Мейраммен құттықтап, арқа-жарқа болып айтшылап, бір-бірінің үйінен дәм татады. Көрісу таңын қарсы алған әрбір үй ертемен есіктерін ашып қойып, жақсы тілектер тілейді. Ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін тағылымды дәстүрдің шынайы көрінісі. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда ауылдағы үлкен кісілердің қолын алып, сәлем береді.

Биыл бұл күні аудан тұрғындары мен қонақтары Достық алаңына жиналып, мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.

Мерекеге сай безендірілген Достық алаңында 3 ақшаңқай киіз үй және тайқазан құрылыпты.  Мереке бас-талғанша қазақтың ән-күйлері алаңда шалқып тұрды. Аудан тұрғындары мен көркем өнерпаздардың ұлттық нақыштағы киіп келген киімдері тіптен тамаша еді.

Ұлттық киімде қос бұрымдары өріліп, шолпы және шашбаулар, бастарына гүл шоқтарын таққан «Нұрбибі» би ансамблінің бишілері «Көктем қыз» композициясын сомдай келе, Н.Тілендиевтің «Арман» күйіне би билеп, шараның шымылдығын ашты. Мұнан кейін аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің маңызына тоқталып, аудан тұрғындарына ізгі тілегін арнады.

2018 жыл Жаңақала ауданы мәдениеті үшін жағымды жаңалыққа толы болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылғы 13 ақпан №41 бұйрығымен Көпжасар ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Ақ әжелер әуені» әжелер ансамбліне және Жаңақазан ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Вокалды аспаптар» ансамбліне «Халықтық» атағы берілсе, аудандық мәдени демалыс орталығы жанынан құрылған «Нұрбибі» би ансамбліне «Үлгілі» атағы беріліп, мәртебемізді көтерген болатын. Осыған орай облыстық халық шығармашылығы орталығының халық шығармашылығы бөлімінің басшысы Есенгелді Молдағалиев  сахна төріне көтеріліп, жаңақалалықтарды құттықтады. Сосын Е.Молдағалиев ансамбль жетекшілері И.Әлекешов, Л.Баймулдина, Л.Қанатоваларға салтанатты түрде куәлік табыс етті. Бұдан соң ауданның талантты өнерпаздары күмбірлеген күй орындады. Артынша «Қырықтың бірі – Қыдыр» демекші, «Қыдыр ата» ортаға шығып, ел-жұрттың амандығы, тыныштығы үшін Жаратқаннан береке мен молшылық тілеп, ақ батасын берді. Кейін қолдарына оттық алған «Айзере» әжелер ансамблінің мүшелері «Алас» ырымын жасады. Сондай-ақ, аудандық мәдени демалыс орталығының көркем өнерпаздары жырдан шашу шашып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін көріністер қойды. Сосын алаңға ауыздығымен алысқан арғымақ мінген жас жігіт келіп, елдің делебесін қоздырды. Бұл тұста жарапазан айтылып, көрермендерге дәм ұсынылды.

Сонымен қатар,  «Рухани қазына» жобасы аясында арнайы құрылған киіз үйлерге аудан басшысы Н.Қадырбайұлы бастаған аудан тұрғындары және Орал қаласынан келген өкілдер бас сұғып, тарихи, мәдени, рухани бағытта өткізілген шараларға куә болды.

Мәселен, аудандық музей мен  Дина Нұрпейісова  атындағы өнер тарихы музейінің «Білім ордасы» киіз үйінде жергілікті өлкентанушылар өңір тарихын әңгімелеп, Әйіп қажы туралы сыр шертті. Келесі аудандық мәдени демалыс орталығының «Рухани қазына» киіз үйінде «Өнерін сыйлаған өрге, дәстүрін сыйлаған төрге шығады» атты рухани жоба оздырылды. Мұнда көрісу айт мерекесін  бейнелейтін шағын көрініс қойылып, «Тұсаукесер» ырымы жасалды. Тұсауын кескен жас сәбиге еңбек ардагері Т.Өтешқалиев ақ батасын берді. Қонақтар жағы көл-көсір ақ дастарқаннан дәм ауыз тиіп, ән мен күйге құлақ түрді. Жобаның мақсаты — ата-бабаларымыздың рухани және материалдық мәдени құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру. Бұдан соң мерекелік шара аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйе-сінің «Атадан қалған асыл мұра» киіз үйінде  «Бір ауыл – бір отбасы» атты кітапханалық жобамен жалғасты. Оның мақсаты – ауылдағы қарапайым отбасылардың елменен біте қайнасқан тыныс-тіршілігімен танысу, бірлігі жарасқан шаңырақ иелерін үлгі тұту, өнегелі өмір жолдарын насихаттау. Бұнда арнайы жасақталған «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кітап көрмесі таныстырылып, «Ерулік», «Босаға майлау», «Қамшы ілу» секілді қазақтың салт-дәстүрлері сахналанды.

Сонымен қатар, ашық алаңда ұлттық ойындар ойнатылды. Мерекелік шара Қуанышбек Айдарбеков шырқаған «Мерекем» әнімен мәресіне жетті.