16.03.2018, 15:24
Қараулар: 397
«Орамал – отанасының басындағы байрақ»

«Орамал – отанасының басындағы байрақ»

5 наурыз күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Орамал – отанасының басындағы байрақ атты рухани сыр-сұхбат кеші өтті. Шара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен және аудандық мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен оздырылды.

Бұл кештің мақсаты – ұлттық мәдениетіміздің көрінісінің бірі орамал арқылы халқымыздың салт-дәстүрі мен отбасылық құндылықтарын насихаттау, ұлттық болмысымыздың мәнін ұғындыру. Ұлтымыздың ар-ұяты әйел аналарымыздың намысымен өлшенетінін, орамал — қазақ әйелдерінің айнасы екендігін түсіндіру. Дәл осындай бағыттағы шаралар Қырқопа, Пятимар, Қызылоба ауылдарында ауылдық округ әкімдерінің қолдауымен өткен болатын.

Арнайы орамалдың қадір-қасиетін, киесін әйелдер қауымына, қыз-келіншектерге түсіндіру мақсатында, оларға ақыл-кеңестерімен бөлісуге шақыртылған ауылымыздың ақ жаулықты аналарымыз қонақ болған еді. Ал аудандық шараға көптің құрметіне бөленген аналар Н.Өтешова, Б.Әліпқызы, Р.Кежекейқызы, А.Танзенова, Г.Қазбекқызы, Г.Тұрланқызы қатынасты.

Кеш жүргізушілері бұл кештің мәнін, мақсатын айқындап, арнайы дайындалған бейне көріністі көрермендер назарына ұсынды. Шақырылған әжелерімізге сахна төрінен орын беріп, көрермендерге таныстырды. Әрмен қарай кешіміз сыр-сұхбатқа ұласты. Ақ жаулықты аналарымыз орамалдың қасиетін, бүгінгі әйелдердің орамал тартпайтынын, оның тарихына, салт-дәстүрімізде алатын орнына тоқталды. Жүргізушілер тарапынан қойылған сұрақтарға ұтқыр жауаппен, келген көрерменнің көңіліне ой салатын әңгімелер өрбіді.

-Орамалдың қасиетін айта берсең ұшан-теңіз. Сондықтан қазақтың тек қана «кие» деген бір ауыз сөзімен жеткізуге болады. Кие деген үш әріптен тұратын қасиетті сөз қазақтың басында емес, шашында болады дейді. Сондықтан, шаш жасырын түрде, орамалдың астында тұруы керек,-деп ардагер ұстаз Р.Кенжекейқызы қыз-келіншектерге кеңесін айтты.

Осы шараға «Жаңақала келіні — 2018» келіндер сайысында бақ сынайтын 11 келін арнайы қатысқан болатын. Келіндерімізді ортаға шақырып, «Айзере» әжелер ансамблінің белді мүшесі Балдай Әліпқызынан ақ батасын беру сұралды. Сонан соң, келіндерімізге осы сайысқа демеушілік танытып отырған «Мұса» шаруа қожалығының басшысы Тілеген Мусин сыйға тартқан ақ орамалдар табысталды. Кеш әдемі әндермен әрленіп отырды. Кешке арнайы орамалдар көрмесін ұйымдастырған, «Салтанат» сауда үйінде орамалдар коллекциясын халыққа ұсынатын жеке кәсіпкер Ә.Боранбайқызы қатынасқан еді. Ол сайысқа қатысушы келіндердің біреуіне орамал тағудың үлгісін көрсетіп, жаңа стильдегі тюрбанды сыйға тартты. Сонымен қатар, көпбалалы ана А.Қадірқызына өз атынан орамал ұсынды.

Шара барысында түйткілді ойлар, мәнді әңгімелер, маңызды кеңестер айтылды. Ардагер әжелеріміз бұрынғы кезде сәнді, әртүрлі нақыштағы орамалдарды табу қиын болғанын, қазір заманауи үлгідегі түрлі орамалдарды қыз-келіншектеріміз тағып жүрсе нұр үстіне нұр боларын тілге тиек етті.

Шақырулы қонақтарға «Жаңақала-Несие» ЖШС кредиттік серіктестігінің басшысы Т.Қуанұлының атынан гүл  шоқтарын тарту етсе, «Сәнәділдәу» жеке кәсіпкерлігінің иесі Ә.Жанболатұлы атынан қонақ кәде ретінде ақ орамалдар сыйлады.

Кеш жаһандану дәуірі болса да қазақтың келіндері, аналары орамалды басынан тастамаса деген тілекпен Е.Ихсанованың орындауындағы «Мен сыйға тартқан орамал» әнімен қорытындыланды.