19.03.2018, 15:45
Қараулар: 588
«Пай-пай, шіркін, ауылдың келіндері-ай!»

«Пай-пай, шіркін, ауылдың келіндері-ай!»

Жаңақала ауылдық округ әкімдігі, аудандық мәде-ниет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдени дема-лыс орталығының ұйым-дастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында   «Жаңақала келіні — 2018»   келіндер байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты — ежелден қазақ келінде-ріне тән әдемілік пен әдептілік, ізеттілік пен сыпайылық, еркелік пен ұстамдылық, инабаттылық  сияқты асыл қасиеттерді насихаттау. Сондай-ақ, бүгінгі заман талабына сай ой-танымдары жоғары, ана тілін жетік білетін, туған халқының салт-дәстүрлерінен, тұрмыс-салтынан, қолөнерінен, ән-күйінен хабары бар, көрікті де өнерлі, ісмер де зерделі келіндерді анықтау болды.

Байқауға ауданымыздағы түрлі сала, мекемелерде қызмет ететін 20-35 жас аралығындағы келіндер қатысып, бақ сынады.

Қатысушылар  алғашқы «Сымбат — көрік сынымен» бөлімінде өзін һәм әулетін  мағыналы да әсерлі  жыр шумақтарымен таныстырса,  «Білгенге маржан» бағамында салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берді. Мұнан соң «Қолы алтын» кезеңінде келіндердің ұлттық тағам дайындаған сәттерін бейнеролик арқылы көрсетті. Олар алдын ала «Ғайса» мейрамханасында нан жазу бойынша сайысқа түскен екен. Десек те, осы бөлім бойынша әділқазылар алқасының берген бағалары көпшіліктің көңілінен шықпады…

Соңғы «Өнегелі де өнерлі» бөлімінде келіндер өз өнерлерін паш етіп, ән мен жырдан шашу шашты.

Байқау нәтижесінде Қ.Жантілеуов атындағы аудандық саз мектебінің домбыра сыныбы оқытушысы Амангүл Сисенова бас жүлдеге лайықты деп танылды. I орынды «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының аспазы Камшат Гумарова, II орынды аудандық орталық аурухана медбикесі Динара Дәулетова, III орынды аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Құндыз Қадырбаева иеленді.

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдар мен шағын естелік сыйлықтармен марапатталды.