19.03.2018, 15:53
Қараулар: 378
Мазмұны терең, мәні мол шара

Мазмұны терең, мәні мол шара

Орал қаласындағы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Аудан кітапханаларының күні» жобасы аясында «Жер жәннаты – Жаңақала» атты тағылымды шара өтті. Шараға Жаңақала ауданының құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, оқырмандар, өңір кітапханашылары қатысты. Шара «Күй астанасы – Жаңақала» атты аудан тарихына шолу жасаған кітап көрмесімен ашылды.

Аталмыш мәдени шара үш бөлім бойынша ұйымдастырылды. Айта кетсек, облыстық кітапхананың оқу залында өткен «Жаңақала – ақиық алыптар мен жайсаң жандар мекені» атты әдеби жиынға қатысушылар көп болды.  Мұнда аудандық мәслихат хатшысы, ақын Закария Сисенғали сөз сөйлеп, жиналғандарды құттықтап, толағай табыстар тіледі. Сондай-ақ, ол  кітапхана саласының ардагерлері Б.Әліпқызы, Р.Аманова, М.Тәкеева және басқаларына алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті. Мұнан кейін Жаңақала ауданының өркендеуіне зор үлес қосқан, қоғам қайраткері, еңбек ардагері Әділғазы Нұрғалиевтің «Жаңақала – ақиық алыптар мен жайсаң жандар мекені» кітабының тұсаукесері өтті.

«Мен істедім дегенше, мың істеді десейші» демекші, ауданның атағы алысқа кетуіне мыңдаған еңбек адамдары мен ұжымшар, кеңшар басқарған азаматтардың қосқан үлестері орасан зор екені анық. Олардың атқарған істері, елеулі есімдері, бәрі де осы кітапта кеңінен айтылады.

Шарада кітаптың авторы Ә.Нұрғалиев өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Ал, ақын-жазушы, қаламы қарымды журналистер Закария Жүсіпқалиұлы, Өмірзақ Ақбасов, Амангелді Шахиндер туған жер туралы тебірене ой қозғап, терең сыр шертіп, өз өлеңдерін оқыды. Кездесу барысында кітапхана қызметкерлері С.Серікова, Р.Төлеуғалиева, Қ.Шабақова, студент Ж.Бақтығалиевалар жергілікті ақындардың жыр шумақтарын нақышына келтіре оқыды. Сонымен қатар, аудан өнерпаздары ән салып, би билеп, күмбірлі күй тартты.

Бұдан бөлек «Қанат қағып өлеңнің өлкесіне» атты шарада орталық кітапхана жанынан құрылған белгілі айтыс ақыны Асылбек Ишанов атындағы «Жас қалам» жас ақындар клубының мүшелері жырдан шашу шашты. Атап айтсақ, Азамат Бақиев, Сыйлыхан Жұмасалық, Орынбек Меңдіқұлов, Алтынбек Ермекқалиевтер оқырмандар тарапынан туындаған салмақты сауалдарға жауап бере отырып, жыр сүйер қауымға төл туындыларын шабыттана оқып берді. Сондай-ақ, Астана, Алматы қалаларында еңбек етіп, елге танылып жүрген жаңақалалық жас қаламгерлер Шерхан Талап, Аслан Тілегенов, Жандарбек Жұмағұловтар скайп арқылы жыр сәлем жолдап, замандастарына ізгі тілектерін арнады. Бұл шарада да оқырман-дар, студенттер бұлақтың тамшысындай тұма жырға сусындап, рухани азық алып, шат-шадыман көңілде тарасты.

Ал, «Туған өлке – тұнған шежіре» атты бөлімде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар-ламалық мақаласы бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына орай өлкетанушы, аудандық  мұражайдың директоры А.Сәлімов баяндама жасады. Аудандық мешіттің бұрынғы бас имамы М.Жахатов «Құлпытастар сөйлейді» кітабы жайында әңгіме өрбітсе, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ш.Әбуғали  аудан тарихын тілге тиек етіп, елдің амандығын, халықтың тыныштығын тіледі.

Шара соңында облыстық кітапхана-ның директоры Шолпан Оразаева аудан кітапханашыларының еңбегіне жоғары баға бере келіп, оларға шығармашылық табыс тілеп, кештің құрметті қонақтарына ақжарма алғысын жеткізді.

Ақсұңқар СӘДІР.