26.03.2018, 11:45
Қараулар: 329
Аспаннан нұр жаудырып, әз Наурыз келді еліме!

Аспаннан нұр жаудырып, әз Наурыз келді еліме!

Береке һәм бірлікті, ынтымақты тірлікті, жақсылықты, кең пейілді, көктемнің жылу шуағын өзімен бірге ала келетін Наурыз ауданымызға да келіп жетіп, баршаға қуаныш пен мереке сыйлады. Күн мен түн теңелетін, халықтың ауызы аққа толатын, малдың ауызы көкке кенелетін шақта тойланатын мерекені Жаңақала жұртшылығы да барлық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, сән-салтанатымен тойлады.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және аудандық мәдени демалыс орталығы қызметкерлерінің күшімен «Наурыз келді – Ұлы той» атты театрландырылған мерекелік шара өз дәрежесінде ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Достық алаңында қаз қатар тігілген жеті алыптың атындағы жеті ақ шаңқан ақ киіз үйлер де мерекенің маңызын арттыра түскендей еді.

Мерекеге жиналған аудан халқын күмбірлеген күйлер мен тамылжыған әндер елітсе, ұлттық киім киген тұрғындар бір-бірімен құшақ айқастыра қауышып, ұлтымыздың ежелден келе жатқан ғұрыптарын бұл күні тағы бір айшықтай түсті.

Мереке алдында ел алдына ауыздығымен алысқан арғымақ мінген жігіттер келіп, Наурыз тойдың басталғанынан хабардар етіп, дүйім жұртқа жалынды жырларымен жар салды.

Мереке барысында үлгілі «Гүлдәурен» би ансамблі және «Нұрбибі» би ансамблінің арулары мың бұрала би билеп, елдің ыстық ықыласына бөленді. Сосын «Айзере» әжелер тобы ортаға шығып, аластау рәсімін өткізді. Мұнан соң Қыдыр ата көрермен жұртшылыққа ақ батасын берді.

Өнерпаз сал серілер мен айдай сұлу арулардың қайым айтысынан соң аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин сахна төріне көтеріліп, жаңақалалықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
— Жер бетіне тіршілік нәрін сепкен, дүниеге көрік берген, шырайлы жыл басы құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!-дей отырып, аудан әкімі ел-жұртқа барлық жақсы тілектерді тіледі. Содан соң аудан басшысы Н.Қадырбайұлы Наурыз мерекесіне белсене қатысқан мекеме ұжымдарды және «Көшелер сайысына» белсене қатысып, атсалысқан, ынтымақ пен достықты ту еткен көше тұрғындарын марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.

Ұлық мерекеге арналған шарада аудандық мекеме ұжымдар ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеген түрлі көріністер көрсетіп, бойларында бар өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, мерекеде ақ шаңқан аппақ киіз үйлер ішінде дербес бөлім, мекеме қызметкерлері ақ дастарқанға ұлттық тағамдар қойып, қонақтарға дәм ұсынды. Құрмет көрсетті.

Бұл күні сауда-саттық қызып, жер-жерде ыстық тағам, кәуап иісі бұрқырады. Балалар мен қыз-қырқын алтыбақан теуіп, ал білектілер мен күштілер сайысқа түсті. Қой көтеру, асық ату, арқан тартыстан жарыс ұйымдастырылды.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.