28.03.2018, 12:07
Қараулар: 523
Жаңақалада жаңа стоматология

Жаңақалада жаңа стоматология

21 наурыз күні аудан орталығында тағы бір халыққа қызмет көрсетуші кәсіпкерлік нысан «Ернұр Дент» стоматологиялық орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына аудан әкімі Н.Қарағойшин, аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Саматов және аудан әкімінің орынбасарлары, медицина саласының қызметкерлері, бірқатар мекеме басшылары, кәсіпкерлер мен ардагерлер қатысты. Орталықтың салтанатты ашылуында алғашқы болып сөз сөйлеген аудан басшысы жаңадан ашылып отырған орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, ел игілігіне ашылған жаңа нысан халыққа қалтқысыз қызмет көрсетеді деген сенімін артты. Ал орталықтың иесі Ербол Қадин өзіне қолдау көрсеткен туған-туыстары мен ауданның ат тізгінін ұстаған ел ағаларына алғысын білдірді. Жаңа нысанның лентасын қию рәсімі медицина саласының ардагері Светлана Ерғалиева мен аудан әкімі Наурызбай Қарағойшинге ұсынылды. Одан әрі шашу шашылып, қонақтар орталықтың жұмысымен танысты.

Ербол Қадин өткен жылы «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасымен 3,0 млн. теңге несие алып, орталықтың құрылысын бастаған. Содан бері өз қаржысын қоса жұмсай отырып, ғимараттың құрылысын аяқтап, Ресей елінің Тольятти қаласынан 1 млн. 800 мың теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Құрылысының жалпы құны 7 миллион теңгенің үстіне шыққан стоматология орталығы тіс емдеу, зақымданған тістерді қайта қалпына келтіру, қызыл иек ауруларын емдеу, тіс жұлу, әр түрлі протездер дайындау және рентгендік зерттеулер жасау сынды қызмет түрлерін көрсететін болады. Б.Уәлиев көшесінде орналасқан жаңа стоматология орталығы науқастарға тегін кеңес (32-5-82, 87752354084) беріп,  кез келген уақытта науқастарды қабылдап, ем-домын беруге  дайын.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар