4.04.2018, 16:20
Қараулар: 332
Республикалық оқу-жаттығу ойдағыдай өтті

Республикалық оқу-жаттығу ойдағыдай өтті

Ағымдағы жылдың 2-3 сәуірі күндері Жаңақала ауданында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты  Батыс Қазақстан облыстық аумақтық  инспекциясының ұйымдастыруымен нодулярлы дерматит ауруына қарсы республикалық оқу-жаттығу тренингі өтті. Оқу-жаттығу тренингіне халықаралық эпизоотиялық бюроның өкілі А.Қожамұратов пен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары  Т.Қабдолданов бастаған бір топ республикалық деңгейдегі мамандар,  Атырау, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының сарапшы мамандары және Батыс Қазақстан облыстық аумақтық  инспекциясының басшысы Т.Қонақбаев баста-ған облысымыздың ветеринария саласының мамандары, аудан әкімшілігі мен аудандық ветеринария саласының қызметкерлері қатысты. Аталмыш тренингтің  практикалық бөлімі Жаңақала ауданына қарасты «Хафиз» шаруа қожалығы базасында ұйымдастырылды. Оқу-жаттығудың ашылуында алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы республикадан және облысымыздан оқу-жаттығуға арнайы  келген қонақтарды таныстыр-са, Т.Қонақбаев республикалық шараның маңызы мен мақсатын түсіндіріп, мамандардың ісіне сәттілік тіледі. Одан әрі ауданымыздың ветеринар мамандары нодулярлы дерматит ауруына шалдыққан малды анықтау, оны емдеу алгоритмін практикалық тұрғыдан көрсетіп, ауруға қарсы іс-шараларға сақадай сай екендіктерін танытты.   Ауру шыққан малды дер кезінде ветеринар дәрігерге хабарлаудан бастап, ауруы анықталған малдың өлексесін отқа өртеуге дейінгі шаралар іс жүзінде көрсетілген соң қонақтар аудан орталығындағы төтенше жағдайлар қызметінің ауру ошақтарын жоюға дайындықтарын тексерді. Одан әрі қонақтар  аудандық ветеринария-лық зертхана мен  ет комбинатына экскурсия жасап, олардың  жұмысы-мен танысты.

Келесі күні мамандар аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында бас қосып, нодулярлы дерматит ауруынан сақтану және оның алдын алу турасында семинар-кеңес өткізді. Бұл жерде Т.Қонақбаев 2017 жылғы БҚО бойынша өткір инфекциялық ошақтардағы эпи-зоотиялық ахуал туралы ақпарат бере отырып, облысымызда-ғы жұқпалы мал ауруларымен (қарасан, пастереллез, бруцеллез) күрес жөнінде баяндаса, «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты» ЖШС-нің вирусолог маманы Б.Мырзахметова нодулярлы дерматит ауруының шығу тарихы, оны  анықтау мен аурудың таралу аймақтары туралы баяндап, аталмыш ауруға қарсы күрес шараларының алгоритмі туралы түсінік берді. Келесі болып сөз алған халықаралық эпизоотиялық бюроның өкілі А.Қожамұратов ауданда өткен республикалық оқу-жаттығу өте жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек етіп,  оған атсалысқан ұжымдардың барлығына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты» ЖШС маманы Л.Құтұмбетов ауруды емдеу жолдары жөнінде әңгіме өрбітсе, ҚР АШМ «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК басқармасының басшысы Тасқын Серікұлы нодулярлы дерматиттен қорғану аймақтары мен вакцинация туралы,  «Республикалық эпизоотия-ға қарсы күрес отряды» РММ-нің маманы Сенбай Абдухалықов эпизоотияға қарсы отрядтың жұмысы туралы баяндады. Ауру малдан сынаманы қалай алу керектігін пысықтаған Қайра Шәкібайқызының баяндамасынан соң семинар-кеңес-ті қорытындылаған Т.Қонақбаев республикалық шараға оң бағасын берген А.Қожамұратовтың сөзін қуаттай отырып, оқу-жаттығудың жоғары деңгейде өтуіне жағдай туғызып, оған өз базасы мен малдарын берген «Хафиз» шаруа қожалығының басшысы Бекболат Жағыпаров пен  ет комбинатының басшысы Мирлан Кенжеғалиевке және барша ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.