9.04.2018, 16:34
Қараулар: 360
Балық неге азайды?

Балық неге азайды?

-Алматыда қыдырып жүріп, үлкен лауазымдық қызмет атқарған, зейнеткер,  жерлес ағамызға сәлемдесіп шығуға ниет еттім,-дейді бір танысым.

Есікті ағаның өзі ашып:

-Жаңақаладансыңдар ма? Кәдімгі біздің Жаңақаладан! Қайран ауыл! Ел есімнен кетпейді. Жүгіріп ойнаған сары құм, суына шабақша жүзген өзендер… Айтқандай, сары сазандары әлі бар ма? Жөргек суым төгілген жерді ойласам, сары сазандары да түсіме кіреді. Ондай дәмді балықты басқа жерден жеп көрмеген сияқтымын. Шіркін-ай!…

Елге деген сартап сағынышы көзінен де, сөзінен де аңғарылған аға балаша қалбалақтап, іздеп келген інілеріне алғысын жаудырумен болыпты.

Жаңақаланың сары сазандарының тіл үйірер дәмі мен молдығы туралы бүгінде  естелікке айналған мұндай әңгімені көптеп келтіруге болады.

-«Ақсеркеде» жүргізуші болып жүрген кезім. Ресейден генералдар келетін болып, командир бізді бір офицер қосып, балық аулауға жұмсады. Үш адамбыз. Қызылжарға келдік. Су айналмамен ағып жатыр екен. Сүзіп көрмек болып, бір қолайлы жайманы таңдап, сүзуге кірістік. Жағаға жақындағанда, сүзгі аудың іші қазандай қайнап кетті. Мұндай мол балық көрмеген біздің есіміз шықты. Тартып шығара алмай, біраз әбігерге түстік. Құлаш-құлаш сары сазандар, кісі бойындай жайындар. Екі сүзгенде машина қорабы толды,-дейді бір жерлесіміз. Бұл бұрын балықтың мол болғанына дәлел еді.

Қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген  сөз бар. Сонау аштық кезінде дәлелденген ақиқат. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде де көп адамдардың балықпен жүрек жалғап, аштықтан аман қалғандарын қазіргі қарияларымыз жыр етіп айтады.

-Қос өзеннің балығы қиын кезеңде елдің ырысына айналып еді,-деп еске алады Сайран Ахметов ағамыз.

Көздің құрты болған Жаңақаланың балығы кімді қызықтырмады.

ХХ ғасырдың сексенінші жылдары Қараөзен бойындағы Сарыкөл ауылы жанынан Ресейдің Куйбышев әскери гарнизоны арнайы кешенді демалыс орнын салуы да соның бір айғағы болса керек.

Сол дәмі бөлек мол балық бүгін бар ма? «Бар!» деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Неге?

Бірінші себебі – аудан жеріндегі көптеген өзен-көлдерге су түспей, құрғап қалуы. Атап айтсақ, балығы мол Қамыс-Самардың барлық көлдері соңғы жылдары тегіс құрғап, балығы қырылып, құс пен аңы ауып кетті. Жаңаталап көлдері, Айдархан, Мәстексай және Жаңақазан округіндегі көлдердің біразы құрғап, соры бетіне шығып, Арал теңізінің тағдырын бастан кешуде. Балық түгілі, сол көлдерді айнала қоныстанған елдің де жағдайы мәз емес. Бұл шешімі қиын мәселеге айналды. «Кісідегінің кілті аспанда» деген, Ресейден келетін суға балық түгілі, халық қаталап жүргені баршаға аян жай.

Жаңақала балығының  соншама азайып кетуінің екінші себебі – кәсіби аулауда балық қорғаудың талаптары сақталмады. Ақшаға құныққан балықшылар тар көзді аумен көлдерді сыпыра сүзді. Жарамдысын алды, жарамсыз шабақтар кері суға жіберілмей, жағада қалды.

Үшінші себебі – қазір аудан аумағындағы барлық өзендер мен көлдер жалға беріліп кетті. Жалға алушылардың жергілікті азамат Қажымұрат Борашевтан басқасы жалға алу талаптарын сақтап отырған жоқ. Қоғалы көлін жалға алған Қажымұрат Борашев алдымен көлге су түсіріп, су деңгейін сақтауға жұмыстанды.

Сондай-ақ  Қоғалы көліне жылма-жыл шабақ жіберу, олардың өсуін қадағалау міндетін де мүлтіксіз орындап отыр. Қоғалы көлінен балық аулауға тосқауыл қойып, қыста балықтың тұншықпауын да қадағалауда. Аз жылда Қоғалы көлі балыққа толып, ел ырысына айналарына тұрғындар сенімді.

Ал басқа жалға алушылар мұны істеп отыр ма? Жоқ! Олар ақша төлеген адамға балық аулауға рұқсат береді және ауланған балықты жеңіл бағамен өздері сатып алады. Жалға алған көліне шабақ жіберіп, өсіру, көл суының тайыздап, қыста бауырлап қатуын болдырмауға шара алу жетіспейді. Бұл жаны ашымастықтың көрінісі емес пе?!

Балық санының азаюына үлес қосып жүрген жерлестеріміз де аз емес. Олар – жергілікті кәсіпқой балықшылар. Бұлар да балықты көбірек ұстаса болды, басқасына бас ауыртпайды. Мысалы айтайық, жергілікті кәсіпқой балықшылар бағасы арзан қытай ауын бірнеше жүз метр етіп құрады. Ауды шығарғанда бұлар да ауға түскен балықтың үлкенін алып, уағын жағаға қалдырып кетеді. Болмаса, құны бірнеше есе өтелген қытай ауын жинауға ерініп, құрулы күйінде қалдырып кете береді. Қытай ауы шірімейді. Түскен балық өліп, шіріп, суды сасытып тұра береді.

Соңғы жылдары көктемде келген су-дан балық көрмейсің. Тіпті жыбырлаған тірі жәндік болмайды. Құдды өлі су дерсің. Неге?

Бұрын көктемде тасыған сумен балық келіп, жаймаға шығып, ауыл адамдары шаншып, қолмен ұстап, қанықарық болатын еді-ау!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – еті ерекше дәмді келетін Жаңақала балығы қазір тым азайып кетті. Жергілікті балықшылар уақтау балықтарды ғана әкеліп сатып жүр. Бұрынғы өзен-көлдердегі мол балық,  дәмі тіл үйірген сары сазандар туралы әңгіме естелікке айналып барады. Көңілімізді алаң ететіні де осы.

Балық та – байлық. Көлдің сәні, елдің ырысы болар табиғи несібемізді қолдан құртпағанымыз абзал. Елін сағынған, талайдың түсіне кіретін «Жаңақаланың құлаш-құлаш сары сазандарын» көріп жүрудің өзі бір ғанибет емес пе?! Балық қорғауға да ықпалды шаралар алынса екен.