3.04.2018, 16:35
Қараулар: 79
Айтпайын десең…

Айтпайын десең…

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағытында ауылымызда көптеген әдеби-мәдени шаралар өткізілуде. Соның бірі 6 наурыз күні аудандық мәдени демалыс орталығында «Жаңақала келіні – 2018» байқауы өтті. Байқау басталмас бұрын келіндер сайысы қандай бөлімдерден тұратынын білмеген едім. Десе де, алдын ала жазылып, жарыстың талаптары лэд-экраннан көрсетілетін болар деген ой болды. Сайыс, негізінен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғандықтан салт-дәстүрді, ұлтымыздың құндылықтарын, соның ішінде төл өнерімізді насихаттайтын байқау болатынына кәміл сендік.

Алайда, байқау барысында ұлттық дәстүрді насихаттауда  көңілге кірбің түсірген жайттар болғанын жасыра алмаймыз. Әрине, «біткен іске, сыншы көп». Алдағы уақытта шараны ұйымдастырушылар осы жайтты ескере отырып, бұдан да жоғары деңгейде әсерлі кеш өткізуге жұмыстанса деген ой қолға қалам ұстатты.  Мүмкін бұған келіспейтіндер де болар. Алайда, келер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеудің бір негізі осындай шаралар екенін ескерсек, оның өткізілуі мен бағалануына бейжай қарай алмасақ керек.

Қатысушы келіндерді шара өтерден бір күн бұрын жинап, «Ғайса» мейрамханасында ас жаймасын әзірлеуден бастағанын үлкен экраннан көріп, білдік. Бірақ, соның нәтижесін осы сайыс өткізілу үстінде бағалағанша, қазылар алқасы немесе жауапты адам сол жерде ақ-қарасын шешіп айтып, қатесін түсіндіріп барып, бағаласа әділетті болар еді.

Көптің алдына шығу, сөз бастау, өз жұмысын өздері көркем тілмен түсіндіре білу, өлең оқығанда  «құр айқайға» баспай, жай оқыса да,  әдемі дауыспен көпке жеткізу, ән айтқанда да киелі сахнада «есті» ән айту, шебер орындау — өте үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Барлық үлкен сайыстардың алдында қатысушылардың басын қосып, бірнеше күндік дайындық жұмысы өткізілетінін ескерсек, бізде де бірнеше күн болмаса да, бір күндік қана дәріс берілсе, келіндер үлкен сабақ алар еді-ау.  Берері мол мұндай мәдени шараны өткізу барысында сайыскерлерге өткізілу барысы туралы дұрыс мәлімет жеткізілді ме екен деген күдік  болғаны рас. Оған себеп, қатысушылардың біразы сахнада өз ойларын ауызекі, қара дүрсін, тіпті арзан сөздерді көп қолданып, еш әсерсіз жеткізді. Олардың тарапынан сахна мәдениетінің сақталуы да кем түсіп жатты. Әрине, күнде сахнада жүрмегендіктен болар деп үнсіз қаламыз. Десек те, халық алдына шығудың маңызын түсініп, осы бағытта ұйымдастырушылар тарапынан біраз түсінік жұмыстары жүргізілсе дейміз. Сонымен қатар, жүргізушілер әр сайысқа уақыт белгілесе де өздері  уақытқа еш бағынбады. Бір ғана ана тілімізде өткізіліп отырған шараға неге үш жүргізуші қатар тіркесіп шығатынына түсінбедім?!  Сайыс 8 наурызға арналғандықтан, хабарлаушы қыздар «демалып», жүргізуді  өнер жолында ауданымызға тегіс танымал болған, тәжірибелі өнерпаз  Рахымжан өзі-ақ жақсы атқарып шығар еді… Тағы бір айта кетерім, білім бағытын айқындайтын, салт-дәстүрлерден берілген сұрақ-жауап бөліміндегі қате айтылған  жауаптың дұрыс нұсқасы халыққа толық түсіндірілмеді.

Әсіресе,  «Көгентүп», «Байғазы», «Қолқа салу» деген  сияқты қазіргі тұрмысымызда көп қолданылмайтын дәстүрлер мағынасы  сол жерде бірауыз сөзбен түсіндірілсе, қатысушыға да, көрерменге де тағылымы мол болар еді. Мұны білмеген қатысушылардың қателесуі заңды да, оны үлкендер де білмеуі мүмкін. Себебі, дәстүрімізге қатысты кенжелеп қалған сөздер болғандықтан, осы сөздердің этимологиясын  білетіндер ғана түсінеді. Жалпы, осы бөлімнің сайысқа енгізілгені өте дұрыс болғанын және сұрақтардың біразы өте сауатты әзірленгенін, сайыстың мағынасын аша түскен бөлім екенін баса айтқым келеді. Ұлтжанды көрермен ретінде қатты қиналғаным, қасиетті қара домбыраны күмбірлетіп, Шернияздың термесін  орындаған ең жас қатысушы келінге қазылар алқасы 8 балл беріп, испан биін билеген келінге 10 балл қойды. Бұл жағдай да көңілімізді күпті етті.

Өзім үшін ең сорақысы — тамақ пісіруді «өнер» деп бағалау болды. Анамыз ас пісіруді үйреткенде  міндет екенін ұғындыра айтқан. Тамақ әзірлеуді өнерге қоссақ, келіннің атқарар міндеті не болмақ?! Кезінде аналарымыз бітпейтін қол жұмысына қоса, бір үйлі жанға ас пісіруді бұлжымайтын міндет деп санаған. Бұл — ұлттық дәстүрден жастарды алыстату емес пе?

Қазылар алқасы керісінше, тоқыма тоқу, аппликация сияқты қол өнерін бағалауда аса белсенді бола қоймады.

Меніңше, шеберлік, ісмерлік, тоқымашылық, суретшілік немесе бүгінгі заманауи дизайнерлік сияқты нағыз өнер жауһарларынан үзінді көрсетілсе немесе ұршық иіру, өрмек тоқу, киіз басу сияқты  нағыз қолмен атқарылар өнердің қалай орындалатынын  толық айтып берсе,  нұр үстіне нұр болар еді.

Әрине, сахналық көрініс, ән айту, би билеу бағытында шыққандардың қай-қайсысы да өнер бағамы бойынша көптің көңілінен шықты деп ойлаймын.

Мақсатымыз – көргенімізді сынап, мінеу емес. Алдағы уақытта келер ұрпақты ата-салтынан ажыратпай, жазылмаған, бірақ орындалуына қатаң мән берілген, бабалар дәстүрінен мол хабардар етсе деген  игі тілек қана.