12.04.2018, 10:32
Қараулар: 230
Қара базар жағдайы қашан түзелмек?

Қара базар жағдайы қашан түзелмек?

«Тазалық – денсаулық негізі, денсаулық – байлық негізі» дейді халқымыз. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тән мен рухани саулықты сезіну. Отанымыздың да келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтауды қолдауында екені аян. Деніңнің саулығы жеке бас гигиенасын ұстану және тазалықты сақтаумен қатар, қоршаған ортаның да санитарлық жағдайларға сәйкес келіп, қорғалуы. Соның ішінде, күнделікті тұрмыстық кезеңде тұтынып отырған ет, балық тағамдарымыз аса жоғары талапты, тазалықты қажет етеді. Бұл тағамдардың көбірек сатылатын орны – қара базар. Онда санитарлық тазалық талаптары сақтала ма?

Кез келген нәрсенің санитарлық қадағалауына қатысты арыз-шағымдар мен талап-тілектер ауызекіде аталып кеткен «СЭС» мекемесіне келіп түсетінін білеміз. Әсіресе, біздің аудан орталығындағы ашық базарда ешқандай санитарлық-гигиениалық талаптарға сай келмей сатылатын азық-түліктерге қатысты шағымдар жиі айтылып жатады. Редакциямызға ауыл тұрғыны М.Қ. деген азаматша келіп, осы мәселеге қатысты сұрағын қойған болатын. Осы бағытта жұмыстанып, жауабын оқырмандар назарына беруді жөн көрдік.

-Аудан орталығының ескі базар деп аталып кеткен ашық алаңқайында, көліктердің зулап өтіп жатқан жол жиегінде ет, балық секілді тағамдар  ашық күйінде сатылады. Бұл тағамдарды үстінен әркім ұстап, қасына барып қарайды. Ашық күйінде сатылатын тағамдарға СЭС, әкімшілік тарапынан қандай тосқауыл қойылады?

Аудандық ҚДС басқармасының басшысы Р.Ибрагимов:

-СЭС тарапынан қазіргі таңда кез келген жеке кәсіпкерге барып тексеріс жасай алмаймыз. 2014 жылдың 27 қаңтарында Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2014 жылдың 2 сәуірінен бастап шағын және орта бизнестерді тексеруге жарияланған мараторий бойынша алдымен прокуратураға шағым түсіру немесе кәсіпкерлік палатаға жүгіну керек.

Негізінен кез келген өнімнің сертификаты болуы міндетті. Ет, балық өнімдерін сатып алар кезде рұқсатнамаларын сұрауға құқығыңыз бар. Мал өнімдерін сататын саудагерлер малдың ауырмайтындығы жөнінде анықтама алуға тиіс. Бұл құжаттар аудандық ветеринариялық лабораторияда беріледі.

Ауылдық округ әкімі А.Ахметовтің берген анықтамасы бойынша ашық базарда сауда жасауға тыйым салынған. Саудагерлерге ел аузында «Сапардың базары» деп аталып кеткен жерден орындар берілгенін ескертіп айтып өтті.

-Арнайы жер бөлініп берілсе де, саудагерлердің көшпей отырғанын байқап жүрміз.  Себебі, «қара базар» халықтың сауда жасайтын әрі алушы көп келетін үйреншікті жері. Бір жағынан «Сапар базарында» саудагерлерге орынды жалға алу құны қымбаттау болған соң көшпей отыр деп ойлаймын. Олардың әкелетін тауарлары бір күн бар да, бір күні жоқ болады. Бұл нәрсені қолға алудамыз. Ішкі саясат бөлімімен келісіп, «Бәйтерек» дүкенінің алдында тұрған такси жүргізушілерін толықтай «Сапар базары» жаққа көшіруді, салық төлеуден жалтарып жүрген жеке кәсіпкерлерді қолға алғалы жатырмыз. Алдағы уақытта халықты сол жерге жинау көзделуде,-деп хабардар етті.

Сонымен қатар, тексерістер жүргізетін аудандық ішкі істер бөліміне төмендегідей сауал жолдаған болатынбыз:

-2017 жыл мен 2018 жылдың осы уақыт аралығында қанша саудагерге айыппұл салынды  және қандай көлемде? Жалпы тексеріс қалай жүзеге асады? Айыппұл көлемі қанша?

А.Айтекешов, АІІб ЖПҚ бастығы, полиция майоры:

-Әкімшілік құжаттама бойынша, біз ашық алаңқайды сауда орнына айналдырып алған саудагерлерге бірінші ескерту жасаймыз. Бір жылдың ішінде екінші мәрте қайталанатын болса 24050 теңге көлемінде айыппұл салынады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ауданда рейд, тексерістер жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтар бойынша 2017 жылдың 12 айында ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабы 1-бөлімімен 12 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалса, 2018 жылы 7 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 7 тұлғаға ескерту берілді. Тексеріс жүргізуге арнайы уақыттар белгіленеді, себебі олардан басқа бізге міндеттелген жүк пен атқарылатын істер жетерлік.

«Сапардың базарынан» орын берілгенін жоғарыда ауыл әкімі айтып өтті. Алайда, ол жердің құр өзі беріліп қана қоймай, санитарлық талаптарға сай болуы керек екенін ескерген жөн. Біріншіден, су кіріп тұруы керек. Ет, балықты ашып, тазалап, бөлу жұмыстарын таза жүргізу үшін. Екіншіден, лабораторияға орын болуы керек, тексеріс жүргізуге. Үшіншіден, өнімдерді сақтайтын жер мен ауа желдеткіші болуы міндетті.

Жеке кәсіпкер С.Төлеуғали берген ақпаратта ет-балық сатушыларға әкімдікпен ортақ келісімге келіп жабық ғимараттан дүңгіршектер берілген. Мұқтаж саудагерлерге орын тегін ұсынылып отыр, тек жарық, газ секілді коммуналдық төлемдер өз қалталарынан төленеді екен. Жоғарыда айтылғандай сақтау орындары, лаборатория сияқты мүмкіндіктер жасалмағанымен, тегін, жабық ғимаратта сауда жасап, сол жерді ыңғайға келтіріп, сатуға еш кедергі жоқ.

Ет — тез бұзылатын тамақ өніміне жататыны белгілі. Олардың белгiленген сақтау мерзiмi технологиялық процесс аяқталған (суытылған) сәттен бастап есептеледi. Ашық базарларға әкелінген ірі кесек еттер 72 сағат ішінде сатылғаны дұрыс. Алғашқы күннен қалған етті дұрыс сақтаса, одан кейінгі екі күн ішінде бұзылмайды. Сол ет кесектерін келесі күнге дейін мұздатқышта қатырмай,  +1-2 градус темпе-ратурада сақтаған жөн. Базарларда сатылатын балықтың да түр-түрі кездеседі. Соның ішінде жаңа ұсталған балық тез бұзылатын тағам түріне жатады. Оны 0 мен -1 градуста сақтап, тезірек саудаға шығарған дұрыс.

Уақтылы тексерістерден өткен, таза өнімді тұтыну үшін халық өз атынан талаптар қоя білуі керек.

Атқарылуы керек жұмыстарды бір-бірімізге допша домалатуды доғарған дұрыс. Бұлай жалғаса берер болса, астың адалдығына кім жауап береді сонда?! Орындар мәселесі әлі толық шешілмегені анық. Шешілген күннің өзінде, ол жер санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келуі керек. Енді, содан кейін қара базар саудагерлері көшуден бас тартса, заң жүзінде қатаң шара қолданылуы тиіс.

Көктем мезгіліндегі балшық, жаздағы ала-топалаң шаңның астында тұрған тамақ арқылы уланса, «жаман айтпай, жақсы жоқ», халықтың денсаулығына кім жауап бермек?!

Тағамның сапасы мен қауіпсіз екеніне сенімді болғыңыз келсе, рұқсат етілмеген жердің өнімін алмаңыз. Сатушыдан етті өнімді алар кезде ветеринариядан алынған сертификатты немесе зертханалық нәтижелерді талап етіңіз. «Сақтансаң, сақтаймын» дегенді ұстанып, әркім өз денсаулығы үшін жауап берері хақ.

Құзіретті мекемелерден ха-лықтың денсаулығына, өнімдердің санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап беруін қадағалау сұралады.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.