13.04.2018, 10:54
Қараулар: 204
Жаңақазанда өрт сөндіру қосыны салынбақ

Жаңақазанда өрт сөндіру қосыны салынбақ

Тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдалып, өзекті мәселелер ортаға салынатын «Ашық есік күні» биыл Жаңақазан ауылдық округінен басталды. Жиын басында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ауыл тұрғындарына  жеке қабылдау өткізіп,  тұрмыстық мәселелерін тыңдады. Аудан басшысының қабылдауына 9 адам жазылса, соның екеуі жұмыс, біреуі тұрғын үй сұрап, бесеуі жеке мәселесін,  біреуі ауылға ортақ мәселені алға тартты. Одан әрі аудан әкімі бастаған бір топ мекеме және дербес бөлім басшылары ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауыл әкімі С.Ғұбашев пен аудан әкімі Н.Қадырбайұлының баяндамасын тыңдады. Күн тәртібіне сай мінберге көтерілген ауыл әкімі ауылдық округтің статистикалық мәліметтері мен алда тұрған міндеттер туралы хабарлама жасай отырып,  ағымдағы жылдың қаңтар айында өткен есепті кездесуде берілген тапсырмалардың орындалу барысын баяндады. Ауыл әкімінің баяндамасына сүйенер болсақ,   өткен жылы берілген төрт тапсырманың үшеуі кейінге шегерілген болса, ауылға учаскелік полиция инспекторын тұрақтандыру, ол үшін оған тұрғын үй беру мәселесі бүгінгі күні шешімін тапқан екен.  Сонымен қоса Сәкен Болатұлы ауылда күні кеше өрт оқиғасы орын алғанын,  тілсіз жаудың ұлғайып кетуіне шабылған қамыстардың үй аулаларында сақталуы себепші екенін айтып, тұрғындарды сақтық шараларына шақырды. Сондай-ақ, «Келесі жылы шабылған қамыс айдын жағасына буылсын, не болмаса ауыл ішіне қамыс кіргізуге тыйым салатын боламыз» деп ескерту жасады. Ауыл әкімінің баяндамасынан соң өз пікірін ортаға салған И.Әлекешев ауыл мен аудан орталығындағы жолдың сын көтермейтінін айтып, аудан әкімінен тендрді ұтып алған мекеменің жұмысын қадағалауды сұрады. Ал ауыл тұрғыны К.Арыстанбекова қамыс шабу жаңақазандықтардың атакәсібі екенін алға тартып,  ауыл әкімінің қамысты ауылға кіргізбеу туралы ұсынысына наразылық білдірді. Сонымен қоса, ауылда бір жасқа дейінгі сәбилерге екпе егілмегенін мәселе етіп көтеріп, ауылды ауыз сумен қамтып отырған еңбекқор Алик Райко деген азаматтың су таситын автокөлігіне қосалқы бөлшектер алып беруге көмек сұрады. Келесі кезекте Берік Әбуов, Сәуле Өтеғазиева сынды ауыл тұрғындары қамыс қаупі, ауыл тазалығы, айдындағы балықтарға ауа жіберу жұмыстары мен малды қолдан ұрықтандыру немесе ауылға бұқа ұстау жұмыстарын  ұйымдастыру, мектептегі спорттық секциялардың жұмыстарын жолға қою туралы бірқатар ауылға ортақ мәселелерді ортаға салды. Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып болған соң, аудан басшысы тұрғындардың барлық сауалдарына  жеке-жеке тоқталып, әр сұрақты талдап, саралап, көңілге қонымды етіп жауап қайтарды. Жиынды қорытындылаған Наурызбай Қадырбайұлы Жаңақазан ауылдық округінен өрт сөндіру қосыны салынатындығын жеткізді. Облыс басшысының тікелей тапсырмасымен салынайын деп отырған аталмыш қосынға  қажетті қаражат бөлінгендігін айтып, ауыл тұрғындарын бір қуантып тастады.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.