17.04.2018, 11:01
Қараулар: 223
Шабындыққа су алу сөз болды

Шабындыққа су алу сөз болды

 

Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің ауылдық округ тұрғындарымен «Ашық есік күні» шеңберінде өткізілетін сход жиналысы Жаңажол ауылдық округінде жалғасты. Жиын басталмас бұрын ауылдық әкімдіктің ғимаратында мекеме және  дербес бөлім басшылары алдын ала қабылдауға жазылған 7 ауыл тұрғынын жеке мәселелерімен қабылдап, тұрғындардың алға тартқан  мәселелеріне орай ақыл-кеңестерін берді. Жаңажолда өткен жиынның күн тәртібіне бір-ақ мәселе қойылды. Ол ауыл әкімі Асылан Оразалиевтің есептік баяндамасы. Ауыл әкімі өз баяндамасында есепті кездесуде  берілген тапсырмалардың орындалу барысымен қатар,  ауылдық округ бойынша атқарылған істер, елді мекендерді абаттандыру, тазалық айлығы, жаз маусымында ауыл малдарын бақтыру мен алда тұрған міндеттер туралы хабарлады. Ауыл әкімінің баяндамасынан соң ортаға шыққан ауыл ақсақалы Жүзжасар Шабақов қыстың ұзарып кетуі салдарынан ауыл тұрғындарының мал  азығы таусылып, бірқатар қиындықтар тудырғанын айтып, бұндай оқиға орын алмау үшін шабындыққа шыққан суды шаруа қожалықтары бұрмаламай, суды ерте, әрі тегіс жіберу қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ, ақсақал  өз заманындағы қиын-қыстау жылдарды еске ала отырып, жастарды масылдықтан арылып, ұйқыны азайтып, еңбек етуге шақырды.

— Биыл әкімдіктен сұрағанымда көл-табандарға су шықса, шабындық жерлер ауылдың 120 адамына бөлініп беріледі деген болатын. Сол жерлер тек малы бар адамдарға ғана және мал басына қарай өлшеп берілсе екен. Ал шабындыққа мал түспей, шөп бітік шығуы үшін оны қору керек. Сол қору жұмысын өзіміз ауыл болып ұйымдастырайық. Әр отбасынан 500 теңгеден жинар болсақ, 50-60 мың ақша жиналады. Сол ақшаны  мініс аты бар бір адамға жалақы ретінде ай сайын беріп, шабындықты қорыту керек деген ұсынысымды айтқым келеді. Тағы бір айтарым — біздің ауылда ұялы байланыс шамалы, сол ұялы байланысты қалыпқа келтірсе құба-құп болар еді. Сонымен қоса аудан орталығына барарда мектептің автокөлігі ауыл тұрғындарынан ақша алады. Осы  қаншалықты заңды?-деп пікірін айтып, ортаға сауал тастаған  ауыл тұрғыны Серік Базарбаев,  ауылдық амбулаторияда тегін дәрілердің жоқтығын да мәселе қылып көтерді. Одан әрі Жексен Тілегенов қария шабындық пен жер мәселесін қаузаған болса, «Айдархан» ЖШС-нің басшысы Серік Хайырбеков тұрғындардың сұрағына орай шабындықтарға шығатын су жолдарының бағыты туралы түсінік берді. Тұрғындардың сауалдарына тұшымды жауап қайырып, қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімі биылғы жылы Қараөзенге  су келіп болғанын, ал Сарыөзенге су жеткілікті келетінін тілге тиек етіп, жаңажолдықтардың көптен күткен мәдениет үйі құрылысына 231 млн. теңге қаржы бөлініп, биыл құрылысы басталатындығы жөнінде жағымды жаңалығын жеткізді.

  

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.