20.04.2018, 17:15
Қараулар: 221
Кітап оқудан тыйылсақ…

Кітап оқудан тыйылсақ…

Осы күнде қолына кітап алып, кітапхананың табалдырығын тоздырып, оқыған әдебиеттеріне қатысты ойларымен жарыса бөлісіп жүрген жастарды көріп жүрміз бе? Жастар дейміз ғой, соларға тәрбие беріп, жол сілтейтін аға буын, қарттарымыздың өздері де кітаптың бетін ашып, оқып жатқаны шамалы…

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы: «Адам білімін өз бетімен ізденуінің, кітапты көп оқуының арқасында жетілдіреді, әрі бірнеше тілді меңгереді. Алдыңғы қатарлы ойшылдардың еңбектерімен танысады» деген.

«Дамыған елдердің қа-тарына кіреміз, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында даму, жаңа озық технологияларды меңгеруді қолға аламыз» деп жүріп, төл тарихымыз бен тілімізді, мәдениетімізді ұмыт қалдырып, мәңгүрт болып қалмаймыз ба?

Жатсақ та, тұрсақ та еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қолынан түспейтін смартфондар, 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейтін көгілдір экран мен компьютерлерді қолдану құлдық санаға әкелмесіне не ғайбыл. Әр нәрсенің өзіндік шегі болуы керек. «Солардың керегі бар ма, жоқ па, пайдасы мен зияны қандай» деген сұрақтар қайсібірімізді алаңдатып отырған мәселе дерсіз.

Жаңа технологияның көмегімен әлемде, елімізде болып жатқан хабарларды естірту жылдамдығын есептеуге шама келмейді. Бірақ, жағымды жаңалықтарға қарағанда жантүршігерлік оқиғаларды бейнесімен қоса асыра сілтеушілікпен жарыса жазатын адамдар қатары көбеймесе, сирер емес.

Ата-бабаларымыз таңды таңға жалғап, көздерінің майын тамызып, сұрап алып кітап оқитығұн. Ал, біз ше?!

Ғаламторда кез келген сайтты немесе адамдардың жүргізіп отырған жеке парақшаларын ашып қалсаң, адам шошитындай жазбалар табылып жататыны жасырын емес. Әрине, жастар ғаламтордан аса пайдалы дүниелерді іздеп, соны тауып сусындап жатса айтар уәжім жоқ. Алайда, олар үшін ғаламтор — күнделікті күйбең тіршіліктің барысын талқылайтын, қарапайым сөзбен айтқанда «өсек» алаңына айналып отыр. Шолақ, қысқартып жазу, сөздің мән-мағынасын жоғалтып барамыз, әдемі, орынды сөйлеу қасиетімізден айрылу шегінде тұрмыз. Қазақ тілі – өте бай тіл. Бір сөздің қанша мән-мағынасы бар.

Поэзиясымен тебірентіп, проза, қисса-дастандарымен жүректерді баурап, адамды ойға шомылдырып жазатын ақын-жазушылармыздың өзі сиреп барады. Тұжырымды ой, салиқали пікір айтып, есті әңгімелер жазудан қалып барады. Қаражаяу жазармандар көбейіп бара жатқанына келісесіз бе? Олар әдебиеттің жілігін шағып, майын тамызған ақын-жазушыларымызбен қатарласып, кітап шығаруды «сәнге» айналдырып алған. Атағын, беделін, қаржысын, байлығын пайдалана отырып, өмірбаянын, отбасын, жұмысын топтастырып, баспадан шығаруды үрдіске айналдырып келеді. Шығарып қана қоймай, оны өткізу жолдарын іздеп, тамыр-таныстары арқылы бүкіл жерге таратады. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, оқыр­мандар кітап деген, шығарма деген осылар емес пе деп «алдана» беріп, деградацияға ұшырауы әбден мүмкін.

Сөздік қорымыздың кеңеюі, сөйлеу мәне-ріміздің дұрыстығы кітап оқумен, көрегенді тұлғалармен әңгіме-дүкен құрумен келетіні анық.

Барлық халық кітап оқымайды, орынды сөйле-мейді, ойлау қабілеттері төмен деген пікір айтудан аулақпын. Алайда, көпшілігіміз сол қатардан табылуымыз әбден мүмкін.

Тіпті, балаларымыз 10-15 минуттық ата-ананың оқыған ертегісімен емес, көгілдір экранның алдында жатып немесе ұялы телефон құшақтап ұйықтап қалатынын білеміз.

Ғаламтордан алынған дереккөздеріне сүйенсек, Қазақстан кітап қоры жөнінен әлемде 41-орында. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді. Ал, сол кітаптарды оқу жағынан статистикаға сүйенсек, соңғы он бес жылда 17 миллион халқымыздың 17 пайызы ғана кітапқа қызығушылық танытқан. Қоғамдық-саяси институт жүргізген Қазақстанның он алты қаласынан 2307 адам қатысқан сауалнама барысында әр төртінші қазақстандықтың кітап оқымайтыны анықталды.

Ауданымыздың орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша 5658 оқырман тіркеліп тұр. Жалпы халық саны 24284 болса, оқырмандарымыз 23 пайызды құрайды. Кітапханаға интернеттен қажетіне қарай мағлұмат іздестіру мен түрлі тақырыптарға байланысты әр маман өзіне қажетті әдістемелік жұмыстар, оқырмандардың кітаптарға деген сұранысын есептегенде, 21219 құрайды. Мұндағы цифр бір оқырманның 2-3 рет келіп, жалғыз материалды қайталап сұрауы бойынша есептелінген көрсеткіш. Көбіне оқырмандар проза, поэзия жанрын қызығушылықпен оқыса, балалар ертегіге әуестік танытады.

Ауданымыздың барлық кітапханаларында кітап оқуға тарту үшін «Бір  ел, бір  кітап», «Өзің оқы, өзгені қызықтыр», «Мен бәрінен  де көп оқимын» атты түрлі акциялар және әдеби-дебат, әдеби кештер, кітап көрмелері ұйымдастырылып отырады.

Кітап оқу жаңа көзқарасты қалыптастырады, таным көкжиегін кеңейтеді. «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді Ғабит Мүсірепов.
Әр күніміздің жаңа бетін кітаптың бір парағын оқумен бастайық, ағайын.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.